Мәдениет

Көркем сөзді кестелеп…

Астананың 25 жылдық мерейтойына орай мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында «Көркем сөз шебері» байқауы өтті. Сайысқа актерлік шеберлігі басым, тілі таза, мәтінді оқу ерекшелігі дамыған астаналықтар қатысуға мүмкіндік алды.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалы ұйымдастыр­ды. Көркем сөз шеберлері сайысының негізгі мақсаты – ана тіліміздің таза, тұнық, қайталанбас ерекше тіл екенін түсіндіру.

Байқауға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмады. Өтінім бергендер арасынан сайысқа қатысуға 8 адам жолдама алып, олар елордадағы Қаламгерлер аллеясында өткен сайыста 2 өлеңнен оқып, бақ сынады. Қатысушылар алдымен қазақ ақын-жазушыларының шығармасынан елорда тақырыбындағы бір туындыны, екінші кезеңде еркін тақырыпта өлең оқыды. Көрермендерге сонымен қатар елордаға және елге танымал өнер жұлдыздарының арнайы концерт бағдарламасы ұсынылды.

Байқауға Қазақстан жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы,ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, журналист Ажар Ерболған, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ерқожа Тілепбердиев қазылық етіп, үздіктерді анықтады.

– Қазақ тілі әуезді тіл болатын. Қазір біз «ң» деген әріпті айтпайтын болдық. Сонымен қатар қазақ  тіліндегі сингормонизм, үндестік заңы,ілгерінді, кейінгі ықпал дегенді біз бүгінде бұзып айтып жүрміз. Сол жағынан болашақта көркем сөз шеберлері аса сақ болса екен деген тілек бар. Бүгінгі сайыста да сол өзімізге тән әуезділік барлық қатысушыда болды деп айта алмаймын. Қазақ тіліне деген құрметті сол тұрғыдан көрсете білейік. Дегенмен осындай іс-шараны өткізіп, Қаламгерлер аллеясына жан бітірген барша ұйымдастырушыларға рахмет, – деді Д.Кәпұлы.

Барлық қатысушылар бұған дейін көптеген республикалық, қалалық көркем сөз оқу байқауларында топ жарып жүрген жастар. Олар негізінен Мұқағалидың, Абайдың, Фариза Оңғарсынованың, Қадыр Мырза Әлінің және өзге де қазіргі заман ақындарының өлеңдерін оқыды. Байқау нәтижесінде ерекше үні және мінсіз, таза дикциясымен көзге түскен Еуразия гуманитарлық институтының студенті, 20 жасар Ақелік Мұрат бас жүлдеге ие болып, оған жүлдесіне қоса 300 мың теңге табысталды. І орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Бекзат Құлшар иеленіп, 200 мың теңге сыйлыққа ие болды. ІІ орынға байқаудың ең жас қатысушысы – елордадағы №70 мектептің 8-сынып оқушысы Шұғыла Ермекова лайық деп танылып, оған 150 мың теңге сыйға берілді. ІІІ орынға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Алмагүл Тастанова тұрақтап, 100 мың теңге сыйлық алды. Қалған қатысушыларға 50 мың теңге мен алғыс хат табыс етілді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button