Басты ақпаратҚала мен Сала

Қар шығару қарбаласы



Елордада қар көп жауып, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қыс мезгілінің басынан бастап қаладан 245 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 15 мыңнан астам ауыр жүк көлеміне тең.

Соңғы күндері қала көшелерін қар мен мұздан тазартуға 2351 жол жұмысшысы және 1,2 мыңнан астам арнайы техника шықты. Елордалық коммуналдық қызметкерлер полигондарға 30 мың текше метрден астам қар шығарды, бұл 2189 рейсті құрады.

Қыс мезгілі басталғалы бері Астанадан полигондарға 245 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 18,9 мыңнан астам ауыр жүк көлеміне тең.

Аудандарда қар шығару жұмыстары қызу қолға алынды. Әсіресе, Астананың Сарыарқа ауданында қар тазалау жұмыс­тары белсенді жүргізілуде, оған 519 жол қызметкері мен 268 арнайы техника жұмылдырылды. Қараша айының басынан бастап бұл ауданнан 35140 текше метр қар шығарылды.

Байқоңыр ауданынан 24 рейс жасалып, 408 жол жұмысшысы мен 172 арнайы техниканың күшімен 360 текше метр ақ ұлпа шығарылды. Қар жауа бастағаннан бері арнайы полигонға барлығы 2128 рейс 33146 текше метр қар жіберілді.

Ал Алматы ауданының көшелерін қардан тазартуға 640 жол жұмысшысы мен 222 бірлік арнайы техника, атап айтсақ, 30 сыпырғыш машина, 25 трактор щеткасы, 75 самосвал, 45 фронтальды тиегіш және 47 басқа да жинау техникасы шықты.

Күндіз аталмыш аудан бойынша 4 714 текше метр қар жиналып, полигондарға шығарылды, бұл 465 рейсті құрады. Түнгі уақытта Алматы ауданының көшелерін қардан тазартуға 165 жол жұмысшысы мен 367 арнайы техника қатысты.

Мамандардың айтуынша, боранды күндері, ауа райының қолайсыздығы кезінде қоғамдық көліктердің жүретін жолдарына көбірек көңіл аударылады. Осылайша, көше жиектерін, аялдамалардың айналасын қардан тазалап, қоғамдық көліктердің еркін жүруіне жағдай жасалады. Қоғамдық көліктерге, жалпы көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін негізгі жұмыс, орталық көшелерді қардан тазалау жұмыстары түнгі мезгілде жүргізіледі. Күндіз екінші деңгейдегі көшелердің қары шығарылуда.

Қар тазалайтын заманауи машиналар уақытпен санаспай, ұзақты күнге жұмыс істесе де, жолдың бойын ғана жинап әкетеді. Қаладағы қарды тазалау жұмыстарына қаншама адам мен техника жұмылдырылып, ақша шығындалып жатқанына қарамастан, аулалардағы қар тау болып үйіліп қала береді. Қолмен қар шығаратын қарапайым жандар бұл күнде некен-саяқ. Сондықтан, қар шығаруды әкімдіктердің жұмысы деп қарамай, тазалықты әркім өз ауласынан бастаса, қандай ғанибет…

Өткен тәулікте қала көшелерін қар мен мұздан тазартуға 2,5 мыңға жуық жол жұмысшысы мен бір мыңнан астам арнайы техника шықты. Қалада коммуналдық қызметтердің күшімен мыңнан астам арнайы техника жиналып, полигондарға шығарылды. Сондай-ақ елордадағы коммуналдық қызметтердің күшімен қар аумағынан 5 мың текше метрден астам қар жиналып, полигондарға шығарылды, бұл 500-ге жуық рейсті құрады.

– Кешеден бері ауданымызда қар толассыз жауып жатыр. Сол себепті коммуналдық шаруашылық қызметкерлері қар шығару бойынша екі ауысымда тынымсыз еңбек етуде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтірмеу мақсатында алдымен, көпірлер, магистральдық жолдар мен емхана, мектеп, балабақша секілді аудан аумағындағы барлық әлеуметтік нысандардың маңайы қардан тазаланады. Осы жұмыстарға барлығы 300-ден астам техника мен 800-ге жуық жол жұмысшысы жұмылдырылды, – деді Есіл ауданы әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлім жетекшісі Фархад Сапаұлы.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button