Саясат

Қарабақтағы қақтығыс: Соғыс тәсіліндегі үлкен бұрылыс



Армения мен Әзірбайжан арасында сұрапыл соғыстың жүріп жатқанына айға таяды. Осыған дейін екі ел соғысты уақытша тоқтату туралы екі рет мәмілеге келгенімен, екеуі де күн өтпей жатып бұзылды. 17 қазан күні армяндар Әзірбайжанның екінші ірі қаласы Гянджа мен Мингиячевир қаласын зымыранмен атқылап, Гянджада 13 бейбіт тұрғын қаза тапты. 50-ден аса адам жараланды. Қаза тапқандар арасында 3 бала бар. Шабуылдан кейін Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев Армениядан кек алатынын мәлімдеді. Еуропа одағы да мәлімдеме жасап, Арменияның әрекетін айыптады. Ал Түркия Арменияның шабуылын «әскери қылмыс» деп атады. Сонымен қатар Түркия сыртқы істер минстрі Мевлүт ­Чавушоглу түркі тілдес елдерді Қарабақ төңірегіндегі мәселеде Әзірбайжанмен ниеттес болуға шақырды.

ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ ӘЗІРЛІГІ КҮШТІ

Қарабақта қақтығыс басталғаннан бері қанша адам мерт болғаны жөнінде анық ақпарат жоқ. Майдандағы соғыспен қатар ақпараттық соғысты да үдеткен екі жақ қарсы жағының шығынын бірінен-бірі асырып көрсетіп жатыр. Мойындалмаған ­Қарабақтың де-факто басшысы 16 қазан күні 29 сарбазының қаза тапқанын, 27 қыркүйектен бері 633 жауынгерінен айырылғанын жариялады. Ал Әзірбайжан үкіметі қанша сарбазының қаза тапқанын айтпай отыр. Бар болғаны Гянджаға жасалған зымыран шабуылына дейін 47 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын ғана айтты.
Әзірбайжанның қақтығыс­та ырықты орынға шығып, 40 тан аса елді мекенді армяндардың қолынан қайтарып алуында айрықша маңызды рөл атқарған біршама түйінді атап өткен жөн. Біріншіден, 1992-1994 жылдары армяндардан ойсырай жеңіліп, 20 пайыз территориясынан айыры­лып, халқы босып кеткен ­Әзірбайжан өткен 26 жылда Қарабақты қайтарып алуды мүлде естен шығарған жоқ. Мемлекет экономикасымен қатар қорғаныс саласын да дамытуға барын салған бұл ел мұнайдан түскен кірісінің көбін осы заманғы озық қаруларды сатып алуға және әскери қосынын күшейтуге жұмсады. Сонымен қатар Түркиямен әріптестікті нығайтып, түрік әскерлерімен жыл сайын оқу-жаттығулар өткізіп, өз әскерін шыңдап отырды. Былайша айтқанда, Қарабақ мәселесін келіссөз арқылы шешуден үміт үзген әзірбайжандар мақсатты түрде соғысқа дайындық жасады. Екіншіден, дәстүрлі соғыс тәсілі мен Ресейдің көне қаруына иек сүйенген армяндардың әскери қуаты өткен 20 жылда Әзірбайжаннан көш бойы артта қалды, елдің экономикалық жағдайы да мәз емес. Үшіншіден, бұл реткі соғыста Әзірбайжанның Түркия мен Израилден сатып алған өзұшарлары жау шебіне шабуыл жасаудағы атойшыға айналды. 2020 жылы шілдеде Әзірбайжан Түркиядан байрактар деп аталатын 50 ұшқышсыз ұшақ сатып алған еді. Қарабақ соғысы басталған сәтте Әзірбайжандар осы қарудың көмегімен 48 сағат ішінде Арменияның 30 шақты танк, саутты ұрыс көліктерін, ұзақ аралықты зымыран ату қондырғысын, 15-тен астам соғыс жүргізу жүйесін, бір қолбасшылық орны мен бір оқ дәрі қоймасының быт-шытын шығарды.

ҰШҚЫШСЫЗ ҰШАҚТАР ӨЗ КЕРЕМЕТІН КӨРСЕТТІ

Соғыс басталғалы әзірбайжандар ұшқысыз ұшақ арқылы Арменияның әуе шабуылынан қорғану құрылғыларын, танктерін қалай қиратып, жаяу әскерін қалай жайпап тастағаны жайлы бейнебаяндарды үзбей жариялап келеді. 17 қыркүйек күні әзірбайжандар Армения­ның «Тор-М2КМ» әуе шабуылынан қорғану жүйесін байрактармен күйретті деген ақпарат тарады. Ресейдің әуе шабуылынан қорғанудағы ең озық қаруы саналатын «Тор-М2КМ» – заманауи зениттік-зымыран жүйесі, ол әуе шабуылынан автоматты қорғанып, жоғары дәлдіктегі зымырандармен әуе шабуылдарына қайтарма соққы бере алады. Бұл қаруды армяндар өткен жылдың соңында ғана сатып алған еді. Егер әзірбайжандардың байрактардың көмегімен«Тор-М2КМ» жүйе­сін қиратқаны рас болса, бұл Қарабақ соғысындағы ғана емес, бүкіл әлем үшін тосын жаңалық болғалы тұр.
Ең маңыздысы – ұшқысыз ұшақтар арқылы жауға жасын түсірген әзірбайжандар бұрынғы соғыс тактикасының уақыты өткендігін, танк, саутты соғыс автомобильдерінің майданда бұрынғыдай маңызды рөл атқара алмайтынын бүкіл әлемге паш етті деуге болады. Бұл жөнінде АҚШ қарулы күштерінің құрлық әскерлері штабының бастығы генерал Джеймс Макконвилл «Аrmy Times» басылымына берген сұхбатында «Қарабақтағы соғыста ұшқышсыз ұшу аппараттарын белсенді қолдану американдық қарулы күштерді жаңғырту қажеттілігін, оның ішінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін дамытудың аса маңыздылығын көрсетті» деді.

БАЙРАКТАРДЫ КІМ ЖАСАҒАН?

Байрактар – түркиялық Baykar Makina компаниясы жасаған ұзақ ұша алатын және нысанаға дәл соққы жасайтын қару. Baykar Makina – 1984 жылы кәсіпкер Өздемир Байрактар құрған түрік авиа­ция өндіріс компаниясы. Бастапқыда қозғалтқыштарға, автомобиль трансмиссияларына арналған бөлшектер шығарумен айналысқан бұл компания 2000 жылдан бастап өзұшарларды өндіре бастады. Арада 20 жыл өткеннен кейін бұл бомбалаушы аппараттар Түркияның ұлттық қорғанысының кепіліне айналып, жаһандық ойыншының рөлін ойнауға мүмкіндік берді.
Байрактардың ең алғашқы өнімі 2009 жылы өмірге келді. Ал қазіргі бомбалаушы дрондар Bayraktar TB2 соңғы үлгідегі бомбалаушы аппараттарға жатады. Бұл бомбалаушы аппараттар әуеде 8 км биіктікте 24 сағат 34 минутқа дейін ұшу міндетін өтей алады. Қарудың негізгі функциясы жаудың авиациялық нысандары мен танкілерін, маңызды стратегиялық құрылымдарын жоюға арналған. Байрактардың байланыс ауқымы 150 шақырымды құрайды. 55 келі жүк көтереді.
Байрактарды жасауға ­Өздемир Байрактардың ұлдары – Халук, Селчук және Ахмет Байрактар белсенді қатысты. Әсіресе, Селчук Байрактар байрактардың бағын ашқан маңызды тұлға деп айтуға болады. Селчук Байрактар Түркияның қазіргі президенті Ердоғанның күйеу баласы. 2002 жылы Стамбул техникалық университетін бітірген. Пенсильвания университеті, Массачусетс технологиялық институты, Джорджия технологиялық институты сынды үш бірдей жоғарғы оқу орнының ғылым докторы.
Селчук Байрактардың аты 2016 жылдан бастап таныла бастады. Сол жылы Baykar Makina компаниясы алғаш рет Измирде Байрактардың алғашқы тұрпатын сынақтан сәтті өткізді. Осыдан кейін Түрік армиясы аталған дрондардың көмегімен Түркияға қарсы күрд қарулы күштеріне сілейте соққы беріп, Сирияда, Ливияда көп жеңістерге қол жеткізді. Мәселен, Түркия байрактардың көмегімен Сирияның 2000 әскерінің көзін жойып, 8 тікұшағын, 103 танкісін, 6 оқ дәрі қоймасын, 72 зеңбірегін, 3 әуе шабуылынан қорғану жүйесін күйреткен. Сол байрактар енді міне оңтүстік Кавказда да өз кереметін әйгілеп, Әзірбайжан әскерлерінің мейманасын тасытса, армян әскерлерінің зәре-құтын қашырды.

АРМЕНИЯ БІТІМ СҰРАДЫ МА?

Осыдан бірнеше күн бұрын Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев «Haber turk» каналына берген сұхбатында Армения соғысты тез тоқтатпаса, бір жола күйреп кететінін ескертті. «Арменияның валюта қоры 1,5 миллиард доллар ғана, олардың басқа қаржысы жоқ. 8 миллиард доллар сыртқы қарызы бар. Яғни, бұл мемлекет банкрот. Егер соғыс жалғасын тапса, біз олардың әскерін толық жойып жібереміз. Яғни, олар қаншалықты тез соғысты тоқтатса, соншалықты көп танк пен артиллерияларын сақтап қалады» деді Алиев.
Кеше Армения премьер-министрі Николь Пашиниян президент Ильхам Алиевтің шарттарын қабылдауға дайын екенін мәлімдеп, Әзірбайжанды бітімгершілікке шақырды деген ақпарат тарады. Бірақ бұл хабарды Армения тарапы растаған жоқ. Дегенмен Пашиниянның ырықсыз күйде қалғаны жасырын емес. Себебі Физули қаласы мен оның маңындағы ауылдарда ойсырай жеңілгеннен кейін армян жауынгерлері күрескер­лік рухын жоғалтты. «Армян жасақтары қаруын тастап Қарабақтан қашып жатыр» деген сыбыс та бар. Оның үстіне, майдандағы жеңілістер Армениядағы саяси дағдарыс­ты одан сайын шиеленістіріп жіберді, елде Пашиниян саясатына наразы­лық күшейіп, оппозициялық күштердің қарсылығы үдей түсті. Жастар әскери қызметті өтеуден жалтарып, ата-аналар да балаларын әскерге жібермей жатыр. Демек соғыс ұзаққа жалғасса, қақтығыс Қарабақтың қамалынан асып, Арменияның елі іші толқуына айналып кетуі де мүмкін.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button