Қоғам

Қариялардың рухани «Жанұясы»



Жас алпыстан асқанда, жетпіске қадам басқанда, өмірдің ащысы мен тұщысын талай татып, соқтықпалы-соқпақты жерлерден сүрінбей өткен қариялар кең отырып сырласар қатарын іздейтіні анық. Ауылда болса мұның еш қиыны жоқ қой, ал қалада қатарлас қариялардың басы қосылуы оңай емес. Қаланың әр бұрышында өзімен-өзі оңашаланып қалғандардың белгілі бір бас қосатын ортасы болмаса, жападан жалғыз жабығып күн кешер еді. Осы жайды ескерген Астана қалалық ардагерлер кеңесі арнайы шағын орталықтардың ашылуына мұрындық болды. Бүгінде осындай орталықтар қариялар бас қосар рухани-мәдени ортаға айналған.

erm_2746

Елордадағы Қажымұқан көшесіндегі 14-ші үйде орналасқан «Жанұя» шағын орталығы біз барғанда қызу тірлік үстінде екен. «Шаңырақ» хоры кезекті концерттің репертуарын дайындауға кіріскен. Хордың жиырма шақты мүшесі шетінен өнерпаз. Кеңес Тықмет ағамыз Абайдың «Көзімнің қарасын» әуелетіп шырқағанда, еріксіз сүйсініп тыңдап қаласың. Жасы сексеннен асқан Фазыл атамыз дауылпазды дүңкілдеткенде, жан дүниеңнің терең түкпірінде жатқан Көк түркінің, әлде Көк бөрінің рухы оянып, бойыңды кернеп, атой салғандай сезімге енесің. Дүңкілдете білсең, дауылпаз да талай дүниені қозғайды екен-ау… Бұл шағын орталықта хордан бөлек, ән-күй ансамблі де жұмыс істейді. Гүлжазира Барлыбаева есімді әжеміз оң саусағынан өнер тамған күйші екен. Талай жерге барып концерт қойғанда, көрермендер үлкен қошемет көрсетіп, қатарынан бірнеше күйді орындаттыратын жағдайлар да аз кез­дес­пейді. Мұны осы орталықтың директоры Күлпаш Ахметқалиева мақтанышпен жеткізді.

– Кеше ғана Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетіне барып концерт қойып келдік. Одан бұрын мектептерде болғанбыз. Қариялар күніне орай ертең тағы бірнеше жерде концерт беру жоспарланған. Бүгін соған барымызды салып әзірленіп жатқанымыз ғой, – деп мән-жайды түсіндірді Күлпаш апай.

Орталықта шахмат, дойбы және сол сияқты бірнеше спорт түрінен үйірмелер бар екен. Бұлардың да өз шеберлері қалыптасып үлгерген. Қазір әзірге бұл спорт түрлерінен орталықтың ішінде біраз уақыттан бері өзара жарыстар өтіп жатқан көрінеді. Болашақта орталықтың шахматшылары мен дойбышылары қалалық ардагерлер арасында өтетін жарыстарда өз бақтарын сынамақ. Қызу дайындық үстіндегі ардагерлерді алаңдатпау үшін Күлпаш апайды қайтадан әңгімеге тарттық.

– Бұл орталық ашылғалы да бір жылдан астам уақыт болды. Содан бері бұл ардагерлердің бас қосатын орнына айналды. Бүгінде туған күндерді де осында атап өтіп жатамыз. Осы орталыққа 40-50 шақты ардагер үнемі келіп тұрады. Осында Наурыз, Құрбан айт сияқты мейрамдарды да атап өтеміз. Бізге Алматы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Байболов үлкен қолдау көрсетеді. Барлық ұйымдастыру шараларының басы-қасында сол кісі жүреді. Барып концерт қоятын жерлермен алдын ала келіседі. Барған жерлерімізде тек концерт қоймаймыз, сонымен қатар ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәлімді әңгімелер де жүргіземіз. Көбіне жастардың ортасына барамыз ғой, олар бала тәрбиесі, ұрпақтың келешегі жайлы көп сұрақтар қояды. Өмірден көрген-түйгендері мол ата-әжелерінің ғибратты әңгімелерін тыңдап, солардан көп нәрсе біліп қалуға тырысатыны бізді қуантады. Біз осылайша қоғамдағы тәрбие мәселесіне де, мәдени-рухани өмірге де өз үлесімізді қосып келеміз. Орталыққа келетін қариялар өздеріне жаңа орта тауып, қарттық ғұмырды мәнді де, мағыналы өткізуге көшкендері қуанышты. Қалада «Кому за 60» деген клуб бар, солар да бізге келіп, түрлі кештер өткізіп тұрады. Сондай-ақ «Мастерица» деген қолөнер шеберлерінің үйірмесі де жұмыс істейді. Оның жетекшісі Ольга Матвеевна қалада да қолөнер бұйымдарына қатысты көрме өткізуге атсалысып жүр, – дейді Күлпаш Ахметқалиева.

Иә, Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің «Жанұя» шағын орталығында өмір осылай қайнап жатыр. Түрлі мереке қарсаңында мұндағылар тіпті тыным таппай кетеді. Өйткені ата-әжелерінің әсерлі концерттерін, ойын-сауық кештерін, ғибратты кездесулерін Астанада асыға күтетін жастар ұйымы көп.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button