Қоғам

АЛАШШЫЛ АЗАМАТ

Тіршілікте бір-бірімен байланысып жатқан оқиғалар легі кез­десетінімен қатар, бірің айт­саң, басқалары санада жаң­ғы­ратын тұлғалар да болады. Мәселен, ұлы Абай дегенде, ми қатпарларымыздың бір бұры­шында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов тұрады. Ал Мұхтардың есі­мі айтылғанда, оның азамат ретінде қалыптасуына сүбелі үлес қос­қан «Алаш» қозғалысының қай­раткерлерін еске алатынымыз бар.

Астанада тұратын ардагер ұстаз, саналы ғұмырының үлкен бөлігін ұрпақ тәрбиесі мен біліміне арнаған Тілеубек Ысқақовты көрген кезде, ұлы Абай да, ХХ ғасыр басындағы Алаштың арда ұлдары да жадымызға оралады. Ағамен біздің танысып, табысуымызға да хакім Абай тұлғасы себепші болған еді.

Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын данышпанымыз дамыл тапқан Жидебай жеріне жолымыз түсті. Сапарға бірге шыққан отыз шақты адамның арасында иықты келген, бойы ортадан сәл жоғары ақсақалға бірден назар аудардық. Таныса келе, оның Астананың іргесіндегі Қорғалжынның қазағы екенін, көп жыл мектепте сабақ берген ұстаз екендігін білдік.

Бір автобусқа жайғасқан жастар жағының Жидебайға жеткенше өз қызығы өзінде болды. Діттеген жерге келгенде, қарсы алушылардың алдында жол бастаушылар мен үлкен кісілер сөз сөйледі. Бұл сапардағы ең үлкеніміз де Тілеубек аға болатын. Осы кісіге сөз берілгенде, аға ағынан ақтарылды. «Мен қырық жыл бойы мектепте бала оқыттым. Жұмысымды адал атқаруға тырыстым. Алла соны көрген шығар, міне, көп адам армандайтын ақындардың Меккесі – Жидебайға жолым түсті. Ұлы Абай жатқан топырақты басқаныма өзімді шексіз бақытты сезініп тұрмын» деді Тілеубек аға. Осы сөзіне ішіміз жылып қалды. Қайтар жолда ағаның қасына отырып, Семей қаласында өзіміз орналасқан қонақ үйге жеткенше жол қысқартып, әңгімелесіп бардық.

Ағаның көкірегі алтын сан­дық болып шықты. Семейге дейін шығармашылық, ақын-жазушылар, қаламгерлердің бойында болуы керек қайрат­керлік қасиет жөнінде әңгіме­лесіп бардық. Біз танитын қарағандылық қаламгер Төрехан Майбас курстасы екен. Екеуі педагогикалық инс­титутта бір­ге оқыпты. Осы жайт та әсер ет­кен болуы керек, ағамыз бізді бауырына жақын тартты. Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей сынды әдебиетімізден ойып тұрып орын алған тұлғалар туралы мәнді сөз өрбітті. Әсіресе, «Алаш» қозғалысының қайрат­керлері жөнінде біраз әңгіме қозғады.

Ағаның алаштықтарды ауызға алуы бекерден-бекер емес, осы тақырыппен кәдімгідей «ауырады» екен. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпта мақалалары да жарық көрген. Атап айтатын болсақ, өзіміздің «Астана ақшамы» газетінде «Қырандай желге қарсы қаңтар­да ұшқан» және «Егемен Қазақ­станда» сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың өлең жолынан туындаған «Бір теңі жоқ – Бол­ғанбай» тақырыбымен Алаш қайраткерлерінің бірі Хайретдин Болғанбай туралы толғаныстары шыққан.

Тілеубек Ысқақов қазір Алаш ардақтылары туралы мақала жазып қана қоймай, оларды таныту жағынан нақты іспен де айналысып отыр. Зейнеткерлікке шықса да, үйде отырмай, елордадағы №68 орта мектепте ашылған «Алаш жолы» тәжірибелік алаңына жетекшілік етуде. Мектеп директоры, ұлтжанды азамат Шәріпхан Қажытайұлы осы істе оған барынша қолдау көрсетуде. Былтыр осы орта білім беру орынында Тәуелсіздік күні мен Қазақ хандығының 550 жылдығы және Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының 130 жылдығына арналған кеш өткенде, алаң жұмысымен бізді Тілеубек аға таныстырған. Сонда жинаған материалдарды көрсетіп, мектептегі алаштану бағытындағы жұмыстар жайлы айтқан. 2017 жылы «Алаш» қозғалысының құрылғанына 100 жыл толғанда, бұйырт­са, осы оқу орнында бұл бағыттағы сүйіншілейтіндей жаңалықтар болмақ. Сол кезде бұл тақырыпқа қайтадан орала жатармыз.

Ұлтымыздың бүгіні мен ертеңгі болашағына өзінің қазіргі ісімен қызмет етіп отырған Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің озық қызметкері, ардагер ұстаз, Алашшыл азамат Тілеубек Ысқақовқа сол күнге аман жетуін тілейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button