Қоғам

ҚАУІПСІЗДІКТІҢ ҚАРЫМДЫ ҚАДАМЫ



Айта салғанға жеңіл, әйтсе де әркімнің көкейіне қона кететін бейбітшілік атаулы ұлағатты ұғым бар. Бейбіт өмірге бойымыз үйреніп кеткені соншалық, мұны қалыпты жағдай ретінде көріп, кәдімгі күнделікті өзіміз жұтып жүрген ауадай сезінеміз. Ал бір сәт ауа жетпей қалған адамның жағдайы белгілі ғой. 

10e07078-e716-4a0b-962d-ad8c91c6e839-kopirovat

Өкінішке қарай, барлық елдер бейбіт жағдайда өмір кешіп отыр деп және айта алмаймыз. Сирияда әлі де әскери қақтығыс­тар толастар емес. Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыранды кезекті рет ұшыруы, сондай-ақ Пхеньян басшылығының АҚШ тарапынан қысым көрсетілу тоқтамаса сынақ жасауды доғармайтынын ресми мәлімдеуі Корей түбегінде соғыс өртінің тұтану қаупін күшейтуде. НАТО әскери базалары Ресейге жақын аумаққа шоғырлануда, ал Ресей қарулы күштері АҚШ-қа қарсы Латын Америкасына орныға бастады.

Террорлық әрекеттер де бейбіт өмірдің шыр­қын бұзуда. Соның нақты көрінісі осы апта басында Ұлыбританияның Манчес­тер қаласында орын алды. «Манчестер арена» залында америкалық әнші Ариана Гранденің концертінің дәл аяқталар сәтінде жанкешті ер адам жарылыс жасап, соның салдарынан 22 адам қаза тауып, 59-ы жараланды. Әлем айыптап отырған бұл террорлық акт 2005 жылы Лондонда 50 адамның өмірін қиған лаңкестік оқиғадан кейінгі Британия тарихындағы ең ауыры болып отыр. Осыған байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания халқына, қайғылы оқиға құрбандарының отбасылары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Осы орайда, терроризммен күрестің жайы Сауд Арабиясы патшалығының астанасы Эр-Риядта алғаш өткен «АҚШ – Ислам әлемі» саммитінде кеңінен сөз болғанын атап өткен жөн. 55 мемлекеттің басшылары қатысқан мәртебелі жиында бірінші болып сөз алған АҚШ президенті Дональд Трамп, террормен күрес «діндер соғысы емес, Шығыс пен Батыстың текетіресі емес, ол негізінен жақсылық пен жамандықтың күресі» деп жариялап, мұсылман мемлекеттері басшыларын терроризмді бірлесіп жоюға шақырды. Мұның сыртында, Трамп бұл ерекше саммит Таяу Шығыста, керек десеңіз, бүкіл планетада бейбітшілік орнатуға тамаша бастама болады деген сенімін білдірді.

Саммитте Нұрсұлтан Назарбаевтың Дональд Трамппен тұңғыш кездесуі өтіп, халықаралық мәселелер, екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішінде сауда-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету перс­пективасы талқыланды. Сондай-ақ, Президент мемлекетаралық ынтымақтастықтың түрлі мәселелері жөнінде бірқатар елдер басшыларымен тиімді келіссөздер жүргізді. Жалпы, Қазақстанның бұл кеңесте орны ерекше болғаны Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың ықыласынан байқалып тұрды. Бұл – еліміздің бейбіт бастамаларына берілген үлкен баға деген сөз. Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің Қазақстан азаматтарына осы елге бір ай шамасында визасыз келу тәртібін енгізуі де тегін емес.

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button