Басты ақпаратМәдениет

ҚАЗАҒЫМ ҚЫРҒЫЗ БОЛЫП ӘНДЕТЕДІ



Адамның дүниеге келуі де, демі түгесіліп дүние кешуі де тұнып тұрған ән. Бесік жырынан басталған адам өмірі жоқтау өлеңімен аяқталады. Сондықтан ғасырлар бойы қазақ халқы үшін ән өнерінің қадірі ерекше болған. Кейіннен заман талабы мен ұлттық сананың өзгеріске ұшырауына байланысты Ақан мен Біржанның, Мәди мен Мұхиттың кие тұтқан арда өнері эстрада жанрында сипат алды. Бастауын сонау Батыс елдерінен алған эстрада жанры азғантай уақыттың ішінде қазақтың «төл мұрасына» айналып сала берді. Алайда, бұл жанрда еңбек етіп, қазақ өнеріне өзіндік үлесін қосып жүрген әншілер қауымы да жетерлік. Ендеше, бұл да бізге таңсық емес дейік…

Біздің Ұлы даламызда мәң­гілікпен сабақтасқан ұлы сарын бар. Аңыздың айтуын­ша, Жаратқанның жарлығымен жер бетіне ән үлестіріп жүрген бір періште қазақ даласын көргенде таң қалыпты дейді. Әуенге тербелген сайын сахараның киесін түсініп, дүниедегі ең ұлы әуендерді бізге мұраға қал­дырған деседі. Қазақ даласында мыңжылдықтарға жал­ғасқан әндердің дүние­ге келгендігін ескерсек, аңыз­­дың астарында да ақи­қат бар­дай.

Жаңа ғасырда халық жап­пай эстрадаға бетбұрыс кезеңіне түсті. Себебі, «ол тойдың сәні, керек болса өмірдің мәні де» бола алды. Бастапқы түсінік солай еді, ақыры солай қалыптасты. Қазақтың тойы күмбірлеген күйсіз өтсе де, әуелеген әнсіз өтпейтін болды қазір. Әсіресе, эстраданың дәурені жүріп тұр. Оған қоса, тойға танымал әншілерді де ша­қыр­саңыз, тойыңыз түрленіп са­ла береді. Абзалы, ресейлік Алла Пугачева, Филипп Киркоров, Кристина Орбакайтелерді шақыр­ғанша, аз болса да, ақша қазақ­тың қалтасына түссін дей­міз. Әрі қазақ әншілерінің баға­сы шетел­діктерге қарағанда ал­қам шүкір. Егер той болмаса, әншілер­дің де хәлі мүшкіл. Бірақ…

Қазақ эстрадасында басқа ұлт­тың әндері аз болғандай, ен­ді қырғыздың әндері қаптап кетті. Әуені қырғыздікі, сөзі қа­зақ­тікі әндер заманауи тілмен айт­сақ, халық арасында хитке айнал­ды. Үлкеннің де, кішінің де тыңдай­тыны – сол. Бейбіт Қорғанның «Шоқ қыздар» деген әні елдің есінде болар, қырғыз композиторы Ильяс Абдразақовтың шығармасы. Сөзі де сол автордікі екен, бірақ сөзін белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов қазақшалап жазыпты. Өзі­міз куә болғанбыз, әсіресе, жас­тар жағы «Шоқ қыздарсыз» таңы атып, күні батпайтындай күй­ге түсті. Қазақтың төл туындысына деген үлкен құрметті жас­тар­дың арасында бұрын-соңды көр­ген емен. Қазіргі таңда Сырым Исабаевтың орындап жүрген «Ал­дадың» әні де қырғыздікі көрі­неді. Тізе берсек, Мирбек Ата­беков, Ильяс Абдразақов, Мирлан Алыкулов секілді қырғыз композиторларының әндері бізде көп қазір. Енді бұл әндердің жарнамасы бәсеңдей бастап еді, халық арасына «Қызыл өрік» тарады. Орындайтын – белгілі әнші Ақылбек Жеменей. Осы уақытқа дейін бұл әнді қырғыз тілінде «Жоролор тобу» орындап келген екен. Мирлан Алыкулов деген азаматтың авторлығындағы ән аз уақыттың ішінде халық арасына кеңінен тарап кетті. Ол әннің құдіреті ме, әлде әншінің халық арасындағы танымалдылығы ма, кім білсін… Көшеге шыға қалсаң, сол «Қызыл өрікті» міндетті түрде естисің. Қоғамдық көліктерде, кафелерде шырқалып жатқан ән… жаныңды тербеп, көңілді бір күйге бөлейді. Шіркін, бізде де талай керемет әндер бар ғой дейсің, дегенмен, олар айтылып жүр ғой. Неге соны қырғыздың әндеріндей көкке көтермейміз дейсің. Той да «Қызыл өрік», туған күн де «Қызыл өрік», ақыр соңы бозбала мен бойжеткеннің кездесуі де «Қызыл өрікке» айналып кетті. Бірақ, неге қазақ әншілері қырғыздың әндеріне құмар деген заңды сұрақ туады. Ол әндерді әншілеріміздің рұқсатсыз алмайтындығы айдан анық, араларында ат жүрмесе де, ағайын­гер­ші­лік­пен шапан жүре­тін болар. Мүм­кін, біздің ком­по­зитор­лардың әндері тым қымбат па екен деп те ойланасың. Егер әңгіме халық жылдам қабыл­дайтын ойнақы әуендерге ғана тіреліп тұрған болса, бізде ол да бар ғой. Осындайда Заттыбек Көп­босыновтың «Ақмаржан» әні еске түседі. Бұл әнсіз той өтпейтін, тілек айтылмайтын, би билен­бейтін. Бұл қазақтың әні, бірақ бір кездері «Ақмаржанды» қыр­ғыз­дың әні дегендер де болған. Иә, қырғызша нұсқасы да бар екен, бірақ авторы біз айтып отыр­ған Заттыбек. Егер қырғыз әнде­рін тыңдай қалсаңыз, сөз жоқ, арасынан қазақша әндерді кез­дес­тіруге болады. Сонда бұл «екі ел арасындағы рухани байланыс па», әлде «қаны бір қандас ретіндегі жай қарым-қатынас па» деген ойға қаласың. Атақты «Музарт» тобы бір кездері «Кімге барып, кімге айтып, кімге барып өтінем…» деп ән салып еді, енді «Неге, неге сені сүйдім-ай…» деп жалпақ далаға жар салды. Шынайы талантпен үйлесім тапқан сұлу саз халық жүрегіне жол таба білді.

Әрине, мұндай үрдіс әншілер арасында бұған дейін де болған. Халық еркесі атанған бұлбұл әнші Роза Бағланова апамыз «Ах, Самара городок…» деп әуелетсе, әйгілі «Дос – Мұқасан» ансамблі поляктың халық әнінің негізінде «Тоқтаңыз, сұлу қыз, су іздеген, танысқым келеді менің сізбен…» деп тебіренді. Рас, бұл әндердің орындалу тарихы бүгінде аңызға айналды. Дегенмен, сонда да бірді-екілі әншілер болмаса, өзге ұлттың әндері дәл бүгінгідей  әншілер арасында жаппай орындалған емес. Дегенмен, мұны былай еді деп түсіндіру мүмкін емес. Енді бір он жылдың ішінде қайсысы қазақтың, қайсысы қырғыздың әндері екендігін ажырата алмай қалмасақ болғаны да…

Хамит ЕСАМАН




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button