Жаңалықтар

Қазақ қызы Дю Солей сахнасында



ӘЛЕМДЕ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ДЮ СОЛЕЙ ЦИРКІНІҢ ҚҰРАМЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТУ – ӘРБІР ӘРТІСТІҢ АРМАНЫ БОЛАР, СІРӘ. БҰЛ АРМАНҒА БІЗДІҢ ҚАНДАСЫМЫЗ ГАУХАР АХМЕТОВА-АТЕРТОН ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ. ӨЗ ЖҰРТЫМЫЗҒА РЕЖИССЕР ҚАНАТ БЕЙСЕКЕЕВТІҢ ҚЫСҚАМЕТРАЖДЫ ФИЛЬМІ АРҚЫЛЫ ТАНЫЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – БҮГІНГІ БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ.

– Дю Солей циркінде өнер көрсету – орындалған армандарымның бірі. О бастан шетелге ауып, сол жерде тұрақтануды еш ойламадым. Тағдырдың қалауымен Нью-Йорк қаласына келдім. Спортқа кішкентай кезімнен бастап бейім болдым. Әпкем кәсіби спортпен айналысатын, мен де қалыспай, жасаған жаттығуларын, қимылдарын айна-қатесіз қайталайтынмын. Әпкемнің бапкері менің талабымды байқап, анама «Кішкентай қызыңыз өте дарынды. Түбі бір жерді жарып шығады. Бойындағы дарынын дамытып, шығармашылығын шыңдау керек» деп жөн сілтеді. Сол кезден бастап, алдыма мақсат қойдым. Кім болып, немен айналысатынымды айқындап алдым, – деп Гау­хар әңгімесін бастады.

gasya_3-min-kopirovat
«Ақырын жүріп, анық бас» дегендей, дю Солейдің болашақ жұлдызы ең алдымен спорт шеберлігіне үміткер атанғысы келді. Мақсатына жетті. Кейін спорт шебері, одан қала берді халықаралық спорт шебері деген деңгейге жетті. Ал арманының ең асылы цирктің құрамында болу еді. Атақты циркте жұмыс істегісі келетін кез келген әртіс «Күн циркінің» отаны – Монреальға барып, тәжірибеден өтеді. Сонда барып бірте-бірте ысылады, шынығады, шыңдалады. Гаухар 1 ай көлемінде дайындықтан өтіп, кәмелетке толғаннан кейін Сиднейге жолға шығып, өнердегі алғашқы қадамын жасайды. «Екі чемоданды арқалап, ел жерді аралап жүрдім. Цирк әртістерінің бар өмірі – осы. Жер шарын кезіп жүргеннен кейін, қатал қысқа да, жаймашуақ жазға да дайын болу керексің. Бір жерде тұрақтамайсың, әрбір жарты ай сайын көшіп-қонып жүресің» деп акробат қыз цирк әртістеріне тән өмір салтын баяндап берді. Ең алғашқы жұмысы – «Варекай» шоуында Гау­хар жолдасымен танысты. Сөйтіп жүргенде, екеуі компания атынан келесі шоуға жолдама алды. Лос Анджелес, Лас Вегас, Нью-Йорк деп гастрольдер осылай жалғаса берді. «Қай жерде жақсы жұмыс болса – сол жерде өмір сүрген жақсы. Өмір сонысымен де мәнді» дейді ол.
Жолдасы – британдық. Гаухар бастапқыда ағылшын тілін білмегендіктен, сөйлесу, түсінісу қиынға соғатын дейді. Уақыт өте келе, достық махаббатқа ұласты. Екі жарым жыл бірге жұмыс істеп, әбден бір-біріне үйренісіп кеткен қос әртіс бірге болуға бел буды. Гаухардың өзі жолдасы туралы былай дейді: «Эндрю – менің айнам сияқты. Өзім қандай болсам, күйеуім де сондай. Өмірімдегі жартымды таптым деп сеніммен айтамын. Өте қарапайым, жүрегі кең. Арамыздағы 13 жас айырмашылығы да байқалмайды. Өзіме жайлы, жүрегіме жақын адамды кезіктіргеніме қуаныштымын. Жан жарымның қасында өзімді бақытты сезінемін».
Қазір Гаухар үйде, балаларының қасында. «Жұмыс жайына қалды дей алмаймын, бұны уақытша үзіліс деуге болады. Балаларымды бағып, көз алдымда өсіп-жетілгенін қаладым. Әкесі жұмыс істеп, ал анасы үй шаруасында болуы – заңдылық. Уақытша болса да циркпен қош айтысу оңайға түспеді, әрине. Бірақ балапандарым Камали мен Кейсен босаңсуға мүмкіндік бермейді» дейді жас ана.

17662857_1850154138536320_2555536829956751360_n-kopirovat
Акробат қыздың өмірінде әке-шешесі мен отбасысы ерекше орын алады. Әрдайым қолдау білдіріп, шешуші сәттерде, қиын-қыстау кезеңдерде жанынан табылатын анасы әрбір жетістіктеріне себепкер десем артық емес. Себебі қанаты қатайғаннан кейін, ұядан ұшқан балапаныңның ұзақ сапарын бақылау – бір жағынан көңілге мақтаныш сезімін ұялатса, екінші жағынан жүрегіңді тербетеді.

gasya
Қазақстан спорт құрамасында 17 жасына дейін ойнаған Гаухар талай додаларда Туымызды асқақтатып, Әнұранымызды шырқатты. Ал оның қатысуымен өткен Дю Солей циркінің әр қойылымында жалауымыз желбіреп тұрды.
Күні кеше ғана Астанада дю Солей циркінің «Reflekt» шоуы алғаш қойылды. Жерлестеріміздің көбісі бұл қойылымда қазақ қызын көргісі келді. ЭКСПО аясында өткізіліп жатқан шоуға Гаухардың қатысы бар ма, жоқ па дегенді өз аузынан естуді жөн көрдік.
– Астанаға келуге өзім де ұмтылдым, цирктің өкілі болуға келісім бердім. Бірақ содан бері ешқандай жаңалық жоқ. Өте өкінішті. Туған еліме, жеріме деген сағынышымды жасыра алмаймын. Орайы келсе, қалың қазақ жұртының алдында әлі өнер көрсетемін, – деп Гаухар жылы лебізін білдіріп, әңгімемізді аяқтады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button