Жаңалықтар

ҚАЗАҚЫ НАҚЫШТА ҚОЙЫЛАДЫ



ДЮ СОЛЕЙ ЦИРКІ АСТАНАДА! ЕНДІ ҮШ АЙ БОЙЫ АСТАНАЛЫҚТАР МЕН ҚАЛА ҚОНАҚТАРЫ АТАҚТЫ ЦИРК ӘРТІСТЕРІНІҢ ӨНЕРІН ЭКСКЛЮЗИВТІ «REFLEKT» ШОУЫНДА ТАМАШАЛАЙДЫ. КЕШЕ БАСТАЛЫП, 9 ҚЫРКҮЙЕККЕ ДЕЙІН ЖАЛҒАСАТЫН ЦИРК НЕНДЕЙ ҚЫЗЫҚ ДАЙЫНДАДЫ? БІРГЕ БІЛЕЙІК. 

erm_3981-kopirovat

Көк түсті костюм киген бір топ әртіс төртбұрыш тәріздес шыныда күрделі акробаттық нөмірді дайындады. Олардың киімі қазақтың ою-өрнегімен әшекейленді. Бұл кездейсоқтық емес. «Reflekt» шоуы – қазақы нақышта, қазақ жұрты үшін арнайы қойылып отыр.
Олардан кейін сахнаға дөңгелекте шыр көбелек айналып жүрген әртіс шықты. Айта кетейік, әр қойылымдағы музыкада қазақтың дәстүрлі әуенін, қоңыр әуезін естисіздер. Қазақша киінген сарбаздар атты тізгіндеп, цирк төріне шықты. Ат дегенде, кәдімгі ат емес, ағаштан жасалған өнер туындысы. Себебі, дю Солей циркінде жануар жоқ екендігін ұмытпаңыздар.

erm_4307-kopirovat
Әртістердің шеберлігі сондай, бір секунд та жалықтырмайды, көрермен назарын ұстап отырады. Тал шыбықтай майысқан акробаттардың биін тамашалап отырған сәтте, күтпеген жерден басқа бір әртіс жарқ етіп шыға келеді. Содан болар, 75 минутқа созылған қойылым 7 минуттай өтті де кетті.
Ең күрделі нөмірлердің бірі – қыз бен жігіттің үлкен шар шеңберінде айналып өнер көрсетуі дер ем. Сахнадағы әр кейіпкер қозғалыста болып, пантомима арқылы өздеріне таңдалған бейнелерін жеткізе білді. Әрі бұл ойынды жандандыра түсті.

erm_3978-kopirovat
Кеш барысында әнші қыз сиқырлы даусын созып, ғажайып әлемге жетелегендей болды. Бір кезде жарық өшіп, зал тып-типыл болды. Алау­латып, жалаулатып байкер зу-зу етіп өтіп шықты. ЭКСПО көрмесінің тақырыбына сай, мотоциклдердің барлығы электрлі болды. Тағы бір акробат қос дөңгелекпен арқан жіпте секіріп, күрделі трюктер жасады. Ең қиыны осы шығар деп отырған кезде, оған әуеде қалқып жүріп, төңкерілген велосипедті айдаған әртіс қосылды. Жерге түскен ол иегінің ұшына ұзын таяқты қойып, гитараның құлағында ойнады.
Сайқымазақсыз цирк ешқайда өтпейтін шығар. Дю Солей циркінде де кішкентай көлікті айдап бір клоун келді. Бұл жерде француздардың классикалық өнерін тамашаладық. Аудиториямен байланыс орнатып, халықтың көңілін тапты. Шынымен де, езуіңді жимай отырасың.
Ұйымдастырушылар әу бастан отты шоу болатынын айтып қалған еді. Айтылған сөз жерде қалмады. Отқа оранған самұрық құсы ұшып келіп, басты кейіпкерге от ұшқынын ала келді. Ал ол болса, жерге жатып алып, отпен алысты. Әртістер отты әрі лақтырып, бері лақтырып, қойылымнан лазерлік шоу жасады.
Цирк туралы қалыптасқан ұғымды түбегейлі өзгерткіңіз келсе, міндетті түрде дю Солейге келіңіз.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button