Жаңалықтар

ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР ЭКСПО-ҒА НЕ ҚОСАДЫ?



Болат Тілепов

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара қарым-қатынас жөніндегі консультативтік кеңес отырысы өтіп, аталған ұйымдардың жастар саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен байланысы, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға қатысуы және оған дайындығы пысықталды. Мәжілісті Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Тілепов жүргізіп отырды.

Күн тәртібіне қойылған алғашқы сұраққа Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Айдана Қалдыбекова жауап берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елордадағы жастардың жалпы саны – 253 мың 683 адам болып отыр. Бұл Астана халқының 31 пайызын құрайды. Осылардың 55 мыңы, яғни 22 пайызы қоғамдық ұйымдардың жұмысына тартылған. Былтырдан бері жастар 100-ден аса іс-шараға қатысқан. Солардың ішінде Дельфий ойындары, «Студент көктемі» фестивалі, құқықбұзушылықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы акциялар, студенттік құрылыс жасақтары мен «Жасыл ел» штабының жұмыстары бар. Бұл шараларға биыл жастар арасында инновациялық идеялар мен жобалар конкурсы, этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттары фестивалі қосылды.

Өткен жылы ҮЕҰ және жастардың қатысуымен үш әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Мемлекеттік жастар саясатына жастардың көзқарасын, оларды мазалайтын мәселелерді анықтау мақсатында 7,5 мың жастан сауалдама алынды. Зерттеулер әлі де жалғасуда. Соның ауқымдысы – Астана кәсіпорындарындағы сұранысқа ие және сұранысы жоқ мамандықтарды анықтауға қатысты болып отыр.

Жалпы, аталмыш басқарма ағымдағы жылы ҮЕҰ-мен бірге 6 жобаны жүзеге асырған екен. Жыл соңына дейін тағы 8 жобаны аяқтау жоспарлануда.

Алайда, Жастар саясаты мәселелері басқармасының жұмысында жетіспейтін тұстар да бар екен. «Астана қаласындағы Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі мен басқарма арасында байланыс жоқ болып шықты. Ұйым төрағасы Серік Кенжебеков басқармамен біріккен шараларды өткізуге ниетті екенін жеткізсе, А.Қалдыбекова одан қаш­пайтындықтарын айтты. Мектеп оқушыларын аула клубтарына тарту, еңбеккер жастармен жұмыс жайы да қозғалды.

«Форум НКО Астаны» заңды тұл­ғалар бірлестігінің президенті Баян Ахметжанованың пікірінше, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға ел, халық болып жұмылуға тиістіміз. Ең біріншіден, көрмеге келетін шетелдік қонақтарға көрсете алатындай Қазақстанда тұратын халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін білу керекпіз. «Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер ұлттар мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттауды маңдытпай отыр. Өз ішінде бірдеңе істеп жатқан шығар, бірақ жалпы жұрт оны көрмей отыр» деді ол бұл жөнінде. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» азаматтық қоғам кеңесінің жұмыс тобын құруды ұсынды.

«Ұлағат» мәдениет және даму қоры «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған әлеуметтік жобаны жасап шығарыпты. «Халықаралық деңгейде қызмет көрсетушінің тілдік-когнитивтік құзіреттілігі» аталатын бұл жобамен қор құрылтайшысы Қамажан Жұмақасова таныстырды. Оның негізіне «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы алынған. Ол 2014 жылдың екінші жартысы мен 2016 жылдың аралығында іске асырылмақ. Алайда, алдымен тіл мамандарының сараптамасынан өткізілмек.

Аманғали ШМИТҰЛЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button