Қоғам

ҚОҚЫС ҚАЛАЙ ЖИНАЛАДЫ?



Елордадағы «Астана Эко-Полигон НС» кәсіпорны жыл басынан бері 545 мың тонна қалдықтарды қабылдаған.

9

Қаладағы көп қабатты үйде тұрамын. Күнде таң бозарып атқаннан үйдің іргесінде орналасқан жәшіктердегі қо­қыстарды жұмыскерлер ма­шинаға тиеп, артып жатады. Осы көріністі жиі көремін. Сонда «қаладан күн сайын қан­шама қалдықтар шығады, соның барлығы қайда барады?» екен деп ойлайтын едім. Жақында оның дерегін білдім.
Елорданың шетіндегі «Көк базардан» әрі Қоянды ауылына қарай қоқыс төгілетін полигон орналасқан. Күн сайын қалдықтардың бәрін осында әкеледі. Жоғарыда айтқан кәсіпорын қаланың қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қабылдау және көму жұмыстарымен айналысады. Мұнда жұмыс тәулік бойы жүргізіледі. Күніне орта есеппен 1000 тоннадан астам қоқыстар мен қалдықтар қабыл­данады. Қалдықтарды арнайы ұяшықтарға тегістеп көму оңай шаруа емес. Соның бәрін ұжым мүшелері мінсіз атқарып келеді.
– Біз қаладағы қалдықтарды қабылдап алатын бірден-бір кәсіпорын саналамыз. Ұжымда 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар тәулік бойы тынымсыз еңбек етеді. Күніне біз­ге қаншама қоқыс тиелген автокөлік келеді. Соның барлығын рет-ретімен бөліп отырамыз. Соңғы он жыл ішінде осында 3 млн аса қоқыс көмілген. Одан кейін бізде құрылыс қалдықтарын өңдейтін шағын цех жұмыс істейді. Қиыршық тастарды іріктеп, қайта қалпына келтіреміз. Басты мақсатымыз – Астананың санитарлық ахуалын қалыпты жағдайда сақтау. Сол үшін жан аянбай жұмыс істеп жатырмыз, – дейді «Астана Эко-Полигон НС» кәсіпорнының жауапты маманы Бейбітбек Әбдікәрімов.
Таяуда «Астана-тазарту» кәсіпорны елордадан алты жыл ішінде 1 миллион тоннадан астам қоқыс шығарылғанын жариялады. Жалпы, қалада жыл өткен сайын қоқыс жинау жүйесі жетіліп келеді. Пластикке арналған контейнерлерді орнату жұмыстары да тыңғылықты жүргізілуде. Алдағы уақытта қағазға арналған жәшіктер қойылмақ. «Астана-Тазарту» ЖШС-нің бас директоры Иван Лавриненконың айтуынша, елорданы абаттандыру ережелеріне сәйкес, қоқыс шығару күніне бір рет жүргізіледі, бірақ қаланың қарқынды дамып, өсіп келе жатқанын ескере отырып, көптеген нүктелерге күніне 2-3 реттен баруға тура келген. Бұл контейнерлердің толып кетуіне жол бермеу үшін жасалады екен. Сонымен бірге елордада қоқысты бөліп жинау жобасы жақсы насихатталуда.
Бір сөзбен айтқанда, қалдық­тарды жинау, оны көму мәселесі де оңай шаруа емес. Әрі-беріден соң, ол дер кезінде жиналмаса, адам денсаулығы мен экологияға тигізетін зардабы мол болмақ. Ендеше, әрбір қалдыққа бей-жай қарамайық.

Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button