Басты ақпаратҚала мен Сала

ТІРЛІГІҢ ҚАЛАЙ, ЕЛОРДАЛЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР?

Астана қаласының маңындағы жалпы ауданы 4 168 гектар жерді алып жатқан және халқының саны 109 408 мың адамды құрайтын елордаға қосылған он тоғыз тұрғын алабы бар. Олар – Железнодорожный, Интернациональный, Достық, Мичурино, Күйгенжар, Промышленный, Казгородок, Қазақ ауыл, Оңтүстік-шығыс (сол жағы), Оңтүстік-шығыс (оң жағы), Көктал-1, Көктал-2, Өндіріс, Комсомольский, Заречный, Тельман, Ильинка, Пригородный, Қараөткел деп аталады.

8

КЕШЕНДІ ЖОСПАРДА КӨРСЕТІЛГЕН

Бұл елді мекендердің тұрғындары астаналық деп қана аталып қоймай, елорда дәрежесіндегі әлеуметтік, мәдени игіліктерге қол жеткізуі тиіс еді. Осы мақсатта екі жыл бұрын Астана қаласының маңын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген болатын. Кешенді жоспарда анықталған басты стратегиялық бағыттар бойынша көлік инфрақұрылымы, электрмен жабдықтау нысандарын, коммуналдық шаруашылық объектілерін салу жоспарланған. Білім саласы бойынша (жалпы білім беру мектептері – 21 (24 000 орын), мектепке дейінгі мекемелер – 47 (11 940 орын) мен денсаулық сақтау саласы жеті емхана, жеті отбасылық-дәрігерлік амбулатория, бір жедел медициналық жәрдемнің шағын станциясын ашу көзделген. Бұл өңірлерде ұзындығы 398,12 км жол мен 1520,82 км инженерлік желі (сумен қамту, тұрмыстық және нөсерлі кәріз бен электрмен қамту), сондай-ақ, 112 инженерлік құрылыс (трансформаторлық шағын станса, кәріздік сорғы стансалары мен нөсерлі кәрізді тазарту құрылысы) салу жоспарланған. Бұл шаралар тұрғындардың көлік-қатынас жағдайларын жақсартып, көшелері жарықтандырылып, орталықтан айырмашылығын азайтып, тұрғындар тұрмысын көп жеңілдетер еді. Дегенмен, қала маңы аумағына қатысты барлық сұрақтар оң шешімін тауып, бір бағдарлама аясында тұрғындардың бар мәселесі қамтылмаған. Осы жөнінде Астана қаласы мәслихатының депута­ты Қарақат Әбден өңірлерге ор­тақ мәселелерді ортаға салған еді.

АТА-АНАЛАР НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

– Қала маңын дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ, – дейді Қарақат Жақсылыққызы – үш бірдей «Тельман», «Заречный», «Пригородный» тұрғын алабы менің сайлау округіме қарайды. Ондағы әлеуметтік мәселелер маған жақсы таныс. Бірінші кезекте бұл қоныстардағы мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің болмауы ата-аналарды алаңдатады. Егер бар болса ондағы тәрбиеленушілердің шамадан тыс көптігі жағдайды ауырлатуда. Мектептердегі орын алған көрініс те осындай. Мысалы, Тельман тұрғын алабында не балабақша, не орта мектеп жоқ. Өкінішке қарай, 2017-2019 жылдарға арналған қала бюджетінде бұл нысандардың құрылысы қарастырылмаған. Сәбилер жақын жердегі балабақша мен мектеп оқушылары сабаққа үлгеруі үшін таңғы сағат алтыдан бастап жолға шығуы тиіс. Қоғамдық көліктің жұмысы да талапқа сай емес. Медициналық көмек беретін мекемелердің де шалғайлығы өмір сапасының өлшеміне кері әсерін тигізуде. Көшелерді жарықтандыру да еш өзгеріссіз қалып, қала статусына сай келмейді. Қоғамдық көліктердің бағытының қолайсыздығынан (көбісі елді мекеннің сыртынан өтеді) одан бөлек қозғалыс кестесінің тұрақсыздығынан жолаушылар ақ қар, көк мұзда сағаттап көлік тосып сарылады. Айта кетейік, 2016 жылғы шілдедегі мәліметіне сай Тельман тұрғын алабында 2300 адам тұрып жатыр, оның басым көпшілігі қоғамдық көлік қызметін пайдаланады.
Депутаттан бастап қарапайым халықтың ойындағысы бір. «Мичурино» тұрғыны, зейнеткер Тұрған Қадірова қалалық атанса да, ауыр бейнеттен арыла алмай отырғанын жеткізді. «300 шаршы метрлік жер үйімізді жылыту үшін көмір мен солярка жағамыз. Ыстық сусыз тағы болмайды, ол үшін суқайнатқыш жабдықты қолданамыз. Қыстап шығу үшін шамамен жылына 200 мыңдай теңге жұмсаймыз. Егер үйлерімізді орталық жылыту жүйесіне қосып, су тарту мен кәріз құбырлары жеткізілсе, бұл шығындарымыз қысқарып, тұрмысымыз жеңілдер еді. Алты ай қысы бар Астанада көмір жағып, күл шығару оңай жұмыс емес» дейді.

ЖАЛҒЫЗ АВТОБУСҚА ЖАРМАСАДЫ

«Өндіріс» тұрғын алабының тұрғыны Раушан Досхожина: «Жақынның алысы жаман. Мекенімізді қала санатына кіргізгенмен, қалалық болудың не екенін сезінгеніміз жоқ. Ол үшін әлі біраз уақыт керек болар. Бірақ қала мен тұрғын алабы арасында қатынайтын көліктің мәселесін бүгін шешуге болады ғой. Екі ортада №24 автобус қатынайды, ертелі-кеш зырылдап жүріп тұрса да, жалғыз көлікке жармасқан жолаушылар санынан автобус салонында ине шаншар орын болмай, қалаға жеткенше бір аяқтап тұрып әбіржиміз. Одан бөлек, көп үйлерде жеке моншасы бар, жағдайы барлар тіпті «сауна» да салып тастады. Алайда, қоғамдық моншаның орны бөлек, оның құрылысы жобада қарастырылған ба?!» деп сұрақты бізге қойды.
Гүлге оранған Есілдің сол жағалауы мен әуежайдың ортасында «Пригородный» тұрғын алабы да қала аумағына кіреді. 60 жылдары тың өлкесінің әуежайы қызметкерлеріне арналып салынған мекеннің бұл күнде жолы тозып, ескірген көп қабатты үйлерінің күйі келмей-ақ тұр. Басты әлеуметтік мәселелерінің шешімі табылмай, Пригородный тұрғындары да қалаға жетер орта жолда қалғандай көрінеді.
«Железнодорожныйда» тұрып жатқан жандардың да жайы осындай. Әсіресе, жарықпен қамтамасыз ету мәселесі кешеуіл­деп, халықтың мазасын алып тұр.

ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ҚОЛДАУҒА ТҰРАДЫ

Жергілікті тұрғындар «силикатный» деп атап кеткен Промышленный тұрғын алабына да өркениеттің игіліктері жету үшін біраз уақыт керек болар. Десе де тұрғындар аймақтың экологиялық ахуалы алаңдататынын айтады. Оның бір себебі, № 57 орта мектеп сол зауыттың іргесінде орналасқан. Өнеркәсіп толық күшімен жұмыс істегенде оның түтіні мен шаңынан, қол­қаны алған күйіктің иісінен тұншығатынын айтып, тұрғындар жиі шағымданып жүр.
Тұрғындар осындай ахуалымен қалаға апаратын орта жолда қалып тұр. Мәслихат депутаты Қарақат Әбден тағы да былай жалғастырды. – Осы қоныстарда жергілікті ардагерлер мен белсенді зейнеткерлердің бас қосатын бірде-бір қоғамдық орындары жоқ. Соған қарамастан жергілікті халық өте белсенді, қоғамдағы үдерістерді қалт жібермей, түрлі әлеуметтік жобаларды ұсынып жүр. Тұрғындардың оң талабын барынша қолдауымыз керек.
Тағы бір түйткілді нәрсе, әлеуметтік құрылымдардың жұмыс істемеуі – жастардың қараусыз қалуына алып келіп отыр. Олардың қолы бос кезінде аула клубтарында не басқа да мәдени-спорттық орындарда бос уақытын өткізуге мүмкіндік жоқ. Бәрінің бірдей қол созым жердегі қалаға барып, ойын-сауық орталықтарында демалуына жағдайы келе бермейді. Тұрмыстық қызмет көрсету нысандарын айтпағанның өзінде «Қазпошта» мен «банкоматтар» да орнатылмаған. Демек, жергілікті жерде демалыс нысандарын салып, бұқарамен жұмысты жаңғырту керек» дейді депутат.
Әрине, қанатын кеңейткен қаламыздың дәл іргесіндегі тұр­­ғын алаптарының мәселе­лері шешілген сайын, елорда­ның кемелденетіні анық. Ойлас­тырылған бағдарламалар да осы мақсатты көздеп отыр. Десе де, шамның жарығының түбіне түскенін жылдап күткенше, қолдан келетін кішкентай мүмкіндіктерді қолдан жібермей, көп болып көтеріп, бірге шешсе, қала іргесіндегі тұрғын алаптарының үлкен шаһардың көрікті бөлшегі болып кетуін жылдамдатамыз дейді қала іргесінде жасап жатқан астаналықтар.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button