Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚОШҚАРБАЕВ ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫ



Бүгін Астанада ұлтымыздың даңқты батыры, Рейгстагқа бірінші болып ту тіккен қазақтың ұлы, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды. Белгілі мүсінші Асқар Нартовтың қолынан шыққан батырдың қола мүсінінің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 12 метр.

erm_5371

Ерекше оқиғаның басына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, әскери оқу орындарының тәрбиеленушілері, батыр ұрпақтары, қаланың жұртшылығы жиналып, Рақымжан рухына тағзым етті. Тұлғаның туғанына тура 92 жыл толған күні елорда төрінен бой көтерген ескерткішті Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып берді.

erm_5281

– Бүгін астаналықтар үшін айрықша күн. Осы Сарыарқа, Ақмола өңірінен қазақтың талай батырлары мен ерлері түлеп ұшты. Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Әлмұқан Сембинов сынды батырларлардың атқарған істері ұрпаққа өнеге. Олардың есімдерімен халық мақтанып, тұлғаларын ардақтайды. Осы қатарға Рақымжан Қошқарбаевты да сөзсіз қосуға болады. Батырдың ашылып отырған ескерткіші – астаналықтар кез келген уақытта тәу ететін, ағамыздың үлкен ерлігіне бас иетін орынға айналады, – деген Ермек Әмірханұлы аталмыш ескерткіштің бой көтеруіне үлкен үлесін қосқан  «BІ GROUP» компаниясына алғысын жеткізді.

erm_5326

Бұдан соң аталмыш компанияның басқарма төрағасы Амангелді Омаров сөз алып, батыр ескерткішін орнату идеясы қалай туғанын айтып берді. Қоғам қайраткері Қасым Тәукенов жиналғандардың рухын жанып өтті. Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия Қошқарбаева батыр ұрпақтары атынан жобаның жүзеге асуына қолдау білдірген баршаға рахметін айтты. Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы алғаш қалам тербеген жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевтың жары Орынша Қарабалина-Қазыбаева құнды естеліктерді жаңғыртты. Ескерткіштің басында жырдан және қазақ салтымен тәттіден шашу шашылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ   




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button