Басты ақпаратЖаңалықтарТағзымҰлт ұпайы

ҚОШҚАРБАЕВ ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫ

Кеше Астанада ұлтымыздың даңқты батыры, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақтың ұлы, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші ашылды.

Рақымжан Қошқарбаев

Белгілі мүсінші Асқар Нартовтың қолынан шыққан, тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 12 метр болатын батырдың қола мүсіні Қошқарбаев-Момышұлы даңғылдарының бойында бой көтерді.
Ерекше оқиғаның басына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, әскери оқу орындарының тәрбиеленушілері, батыр ұрпақтары, қаланың жұртшылығы жиналып, Рақымжан рухына тағзым етті. Тұлғаның туғанына тура 92 жыл толған күні елорда төрінен бой көтерген ескерткішті Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып берді.

kbb_9579
– Бүгін – астаналықтар үшін айрықша күн. Осы Сарыарқа, Ақмола өңірінен қазақтың талай батырлары мен ерлері түлеп ұшты. Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Әлмұқан Сембинов сынды батырлардың атқарған істері ұрпаққа өнеге. Олардың есімдерімен халық мақтанып, тұлғаларын ардақтайды. Осы қатарға Рақымжан Қошқарбаевты да сөзсіз қосуға болады. Батырдың ашылып отырған ескерткіші – астаналықтар кез келген уақытта тәу ететін, ағамыздың үлкен ерлігіне бас иетін орынға айналады, – деген Ермек Әмірханұлы аталмыш ескерткіштің бой көтеруіне үлкен үлесін қосқан «BІ GROUP» компаниясына алғысын жеткізді.

ХАЛЫҚ ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ

Бірде ғаламтор бетін шарлап жүріп, белгілі журналист Анар Төлеу­хан­қызының «Хас батырдың ескерткіші қайда?» атты мақаласына жолығып қалдық. Онда автор бұл мәселені көтеруге Вокзал Кәрімұлы дейтін адамның қозғау салғанын айтады. Ақсақалдың: «Заманымыз жақсарып, елімізге тыныштық орнады. Экономикамыз күшейіп, бюджет қорымыз жыл сайын өсіп, жеке кәсіпкерлеріміздің де саны көбейіп келеді. Барлығы тамаша, бірақ өкінішке қарай, еліміздің бас қаласы Астанада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші жоқ. Ескерткіш орнатылса, Мемлекет басшыларына халқы­мыз шексіз алғысын айтар еді» деген сөздерін де келтіреді. Шамаласақ, бұл осыдан төрт жыл бұрынғы әңгіме екен. Вокзал аға бұл арманына жете алмай, өмірден озып кетті. Бұл күнде әруағы риза шығар, кәсіпкерлер қолға алып, Астана билігі қолдап, ескірткіш бой көтерді.

erm_5371
Бұған «BІ GROUP» инвес­тициялық құрылыс холдингі мұрындық болды. Ескерткішті орнатудың сырын аталмыш компанияның басқарма төр­ағасы Амангелді Омаров ашып, оның идеясы холдингтің мерейтойына орай былтыр «20 жылдыққа – 20 ізгі іс» бағдарламасының аясында қолға алынғанын жеткізді. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында халқымыздың тарихының жарқын бет­терін ашқымыз келді. Бұл ескерткіштің ашылуы соның бір жемісі» деді ол.

ЕРЛІКТІҢ ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ

Кеңес заманында Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сынды батыр­ларымыздың майдандағы ерлігі лайықты бағасын алмады. Осыны жаңғыртқан мемлекет және қоғам қайраткері Қасым Тәукетегі қос ба­тырдың ескерткіштері бір-біріне жақын маңда орналасқанын, бұл рухымызды көтеретін оқиға екенін айтып өтті.
Ескерткіштің ашылуына Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия мен неме­ресі Дәу­рен қатысты. «Ата-анам­ның әруақтары ризашылыққа бө­леніп жатыр деп ойлаймын. Нағыз қазақ батыр­ларының аттары, олардың елі үшін атқарған еңбектері ешқашан ұмытылмайды. Соған бәріміз куә болып отырмыз. Бүгін –әкемнің ұрпақтары үшін емес, баршамыз үшін үлкен той. Соған үлес қосқан барлықтарыңызға алғысым шексіз. Халқымыздың қаһарман ұлдарын биікке көтерер болсақ, біз сөзсіз Мәң­гілік елге айналамыз» дейді Әлия Рақымжанқызы.

БАТЫР БАУКЕҢНІҢ АМАНАТЫ

Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайлы жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаев алғаш қалам тербеді. 1958 жылдың 21 ақпанында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очеркі шықты. Кейіннен «Кернеген кек», «Найзағайдай жар­қылдап» повестері жарық көрді. Қалам­гердің бұл тақырыпқа қалай келгені жөнін­дегі құнды естелікті жары Орынша Қарабалина-Қазыбаева жаңғыртты.
«Мен Дінмұхамед Қонаев пен Бауыржан Момышұлының туған келі­ніндей болдым. Жолдасым Кәкімжан Қазыбаевты Баукең төрт жыл үйіне тұр­ғызып, өзімнің қара балам деп атаған. Батырдың жалғыз ұлы Бақытжан Кәкімжанды жан аға санайтын. Сол үйге мен келін боп түстім. 1958 жылдың ақпан айының басында қара баласын Бауыржан Момышұлы шақырып алып: «Сен кімсің өзің? Мамандығың журналист болса, сен не қылып жүрсің осы күндерге дейін? Соғыс біткелі 13 жыл. Сен журналист емессің, журналист болсаң Рақымжан Қошқарбаев туралы жазар едің ғой. Он исторический человек! Рақымжан тозақ отында болып, содан аман шығып, Рейхстагтың төбесіне ең алғашқы болып жеңіс жалауын тікті. Сол күннен бастап Рақымжанның өмір­баяны отпен жазылды. Осы жігіт жаңа ғана маған келіп, сәлем беріп кетті. Соны тауып, жаз» деп ұр­сады» деген Орын­ша апай тұлғаларға қатысты өткен күн­дердің оқиғаларын жан-жақты ашып берді.

ҚАЗЫБАЕВТЫҢ ІЗДЕНІСІ

Кәкімжан Қазыбаев Рақым­жан Қош­қарбаевпен кездесетін күндері батыр Жаркент қа­ла­сында Қытайдан келген қазақ­тарды қарсы алып, орналастыру қызметін атқарады екен. Қаламгер іздене бастап, кітапханадан Василий Субботин, Борис Горбатов сынды журналистердің мақалаларын тауып оқиды. «Фронтовик», «Воин Родины» газеттерінің тігінділерін ақтарады. Соның нәтижесінде жоғарыда аты аталған алғашқы мақаласы мен кітаптары дүниеге келеді.
«Осы жылдары соның бар­лығының басы-қасында Баукең жүріп, Кәкім­жанға бағыт беріп отырды. Же­ңіс­тің, 20, 25, 30, 35, 40 жыл­­дық­тарының бар­лы­ғында жо­­ғарғы жаққа Кә­кең­­нің қолы­мен, Әзілхан Нұр­­ша­йы­қов­тың ұйым­дас­ты­руымен бүкіл қазақ руха­ниятының мақ­­таныштары, еңбек ер­ле­рінің атынан қаншама хаттар жөнелтілді. Бірақ бәрі де жа­уапсыз қалды. 1980 жылы Леонид Брежнев Қазақстанға келгенде бұл мәселе Дін­мұ­хамед Қонаевтың аузымен айтылды. Сонда Брежнев: «Тарихты қайта қарамайды» деп жауап беріпті. Сонда бұл мәселеге нүкте қойылды. Бірақ Кәкімжан Қазыбаев өле-өлгенше отыз жыл бойы Рахаң жөнінде 23 ақпан және 9 мамыр күндері газет-жур­налдарға мақала беріп, радио-телевидениеде батыр туралы сөйлеп отыратын. 1988 жылы Рақымжан Қошқарбаев қайтыс болды. Бір жылдан кейін Кәкең дүниеден озды. Дүниеден өтер алдында бүкіл архивін сүйікті шәкірті Жанболат Аупбаевқа тапсырды» деді Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

«МЕН ҚАЛАЙ МАРАТ АТАНДЫМ?»

Белгілі ғалым Марат Әбсе­метовтың атын Рақымжан Қошқарбаев қойған екен. «Бізге жезде болып келетін Рақымжан Қошқарбаев соғыстан кейін Балқаш жағында Сарышаған стансасына басшылық етті. Сол жылдары әкем жол бойының милициясының бастығы болды. Алпысыншы жылдарының басында мен дүниеге келдім. Атым Нұрлан қойылған екен. Сонда шілдехана тойы өтіп жатқанда Рақымжан ағамыз бастаған бір топ кісі қонаққа келеді. Сонда батыр аузыма түкіріп, атымды Марат қойды» дейді ол.
Ескерткіштің басында осындай жарқын естеліктер айтылып, жырдан және қазақ салтымен тәттіден шашу шашылды.
Р.S. Қазақстан мен Ре­сейдің қолдауымен «28 панфиловшы» фильмі түсіріліп, жуырда Ресей Президентінің елімізге сапары ке­зінде қос мемлекеттің басшыларына көрсетілді. Екі ел бұл қадамға пан­фи­­ловшылардың ерлігіне күмәнмен қара­ғандардың күдігін сейілту үшін барды. Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіші Астанада бой кө­терді.
Енді Григорий Булатов екеуінің ерлігін паш ететін көркем фильм керек сияқты. Себебі, Рейхстагқа ал­ғашқылар болып ту тіккен­дері аңыз емес, ақиқат. Сол ақиқатты өзгелер мойындайтын кезең келді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button