Мәдениет

Қозы Көрпеш – Баян сұлу күмбезі



Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – XIII-XIV ғасырлардан бас­тап жырланып, XIX ғасырдың ортасында қағазға түскен қазақ халқының лиро-эпостық жыры. Бірақ қос ғашықтың ізі тек жырда ғана қалмаған. Көненің көзіндей болып келе жатқан мазар да бар.

ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

Мазар Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таң­сық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жерде, Аягөз өзенінің бойында орналасқан. Жалпы биіктігі – 12 метрге жуық. Табаны төрт бұрышты таған түрінде жасалған мазардың жоғары жағы сүйірленіп, күмбезделіп өрілген. Қабырғасы гранит қалақ тас пен сабан аралас балшықтан қаланған. Есігі күншығысқа қарап тұр. Бірақ ескерткіштің тұрғызылған уақыты туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Кейбір зерттеушілер V-X ғасырларда көтерілгенін, енді бірі X-XI ғасырларда орнатылғандығы туралы айтады. Бұл кезеңдерде адам мүсіндері тастан ойып жасалған және олар жоғары бағаланған екен. Қос ғашық күмбезінің салынуы жайлы да түрлі деректер кездеседі. Соның бірі Жанақ ақынның жеткізуі бойынша күмбезді мыңдаған адам бірігіп салған. Ол үшін жақын жердегі таудан тастар әкелінген. Тау мен Аягөз өзенінің бойында көптеген тайпалардың мыңдаған кісілері атпен тізбектеле тұрып, бір қолдан бір қолға беріп жеткізіп тұрыпты-мыс. Сөйтіп, олар 90 шақырым қашықтықтан тас тасып, Аягөздің биік белесінен күмбез жасаған. Ол күмбез әлі күнге тозған жоқ.
Халық аңызы бойынша Қозы Көрпеш–Баян сұлу күмбезі қаланған тасты басқа бір тау­дан әкелген. Аягөз бойында тұрған бұл кешен мен оның ішіндегі мүсін тастар – исламнан көп бұрын жасалған өте ескі дәуірдің белгілері. Олар Түркі қағанаты кезінде, яғни VI-VIII ғасырларда шыққан. Адамның суретін салған мүсін тасты халық сол кезден ерекше қадірлеген. Және бір ғажайып жері, олардың аты тек қана мүсін таста сақталып қоймай, жер аттарына да қойылып отырған. Оның зор дәлелі Баянның атымен аталатын сол жердегі «Баян жүрек» тауы, Аягөзге құятын екі өзеннің бірінің аты – Айтаңсық, бірінің аты – Айғыз. Бұлардың барлығы бір кездегі тарихта болған оқиғаны еске түсіріп, солардың халық ортасына көп тараған терең сырларын сақтап келген, әсіресе «Баян жүрек» тауы. Ал Ш.Уәлихановтың зерттеулеріне сүйенсек, Аягөз өзені бойында төрт балбал тас болған. Тас­тан жасалған бұл мүсіндер жыр­дағы кейіпкерлердің нақты бейнелерін кейіптейді. Оның үшеуі әйел адамдар: Баян және Баянның сіңлілері Ай мен Таңсық, ал ер адам – Қозы. Жыр­дағы ең жарқын түрде айтылатын әдемі сурет Қозы Көрпештің кешені мен оның ішінде тұрған осы төрт мүсін тас.

15 СӘУІР – ҚОЗЫ МЕН БАЯН КҮНІ

Жалпы, ғашықтар туралы поэма алғашында Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындардың орындауында ауызша таралған. 20-ға жуық нұсқасының ішінен ең белгілісі – Жанақ ақындікі. Ал Г.Саблуков (1830), Ғ.Дербісалин (1834), А.Фролов (1841), Шоқан Уәлиханов (1856) алғаш ел арасынан жинап, ғашықтар жырын хатқа түсірген. Жырдың мазмұнын М.Путинцев орыс тіліне аударып бастырған (1856). Одан кейін В.Радлов «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» жинағының 3-томына енгізген (1870).
Ғашықтар жыры Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп ұлды болғанын естіген Сарыбай баласын көре алмай, қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян жүздерін көрмегенімен, бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қа­бырғасы қайысқан Баян өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап құдыққа түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды. Осылайша, Қодар терең құдыққа құлап қаза табады. Сөйтіп, Қозының кегін қайтарған қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.
Айта кету керек, кейінгі жылдары ел ішінде 15 сәуір – «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні», яғни «Ғашықтар күні» болып белгіленіп, жастар арасында ерекше қолдауға ие болуда. Сонымен қатар, қос ғашықтың ескерткішіне алыс-жақыннан арнайы баратын жас жұбайлар қатары да аз емес.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button