Имантаразы

ҚҰРБАН АЙТ МҮБӘРАК БОЛСЫН!



07af3d7b88849f9022b1f3becfafec95_big

Құрметті мұсылман қауым! Араға жыл салып, күллі мұсылман үмметінің аңсай күткен ұлық мерекесі – Құрбан айты да келіп жетті. Айтулы мереке биыл 4 қазан күні басталмақ. Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және «Нұр Астана» орталық мешіті ұжымының атынан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Айт мерекесін тойлау

Бұл мерекеде мұсылман қауымы жуынып-тазаланып, таза және әдемі, жаңа киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, мешітте оқылатын айт намазына жиылады. Айт намазынан соң игі мұсылман қауымы бір-бірін ұлық мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін айтады. Тұрмысы төмен кісілерге көмек ретінде садақасын береді. Бұл күндері көңіл сергітетін ойын-сауыққа тыйым салынбайды, алайда, шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа жол берілмейтінін қаперде ұстағанымыз абзал. Мінәжатпен басталған мүбәрак мереке барлық сән-салтанатымен имандылық думанына ұласады. Ал елордамыздағы мешіттерде айт намазы таңғы сағат 08.00-де оқылады.

Осы орайда айта кеткеніміз жөн болар, мұсылман қауымының мүбәрак екі айт мерекесінің – Ораза айты мен Құрбан айтының өзгеше тұстары бар. Мәселен, ораза айтында таңертең айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс болып есептелсе, құрбан айтында нәр татпай шыққан абзалырақ. Мұның себебі, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сонымен қатар, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі. Арафа – Құрбан айтқа байланыс­ты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арафа күні таңғы намаздан бастап, Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады.

Тәкбір тәшриқ

Арафа күні таң намазының парызынан кейін басталып, Құрбан айттың төртінші күні екінті уақытына дейінгі болатын әрбір парыз намаздың соңынан мына дұғаны оқу уәжіп болып табылады:

«Аллааһу әкбар, Аллааһу әкбар, ләә иләәһә иллаллааһу уаллааһу әкбар, Аллааһу әкбар уа лиллааһил-хамд».

Биыл Арафа күні 3 қазанға сәйкес келіп отыр. Демек, 3 қазан күні таң намазының парызынан кейін басталған тәкбір тәшриқ, 7 қазан күні екінті намазынан соң тоқтатылады.

Сүйікті амал – құрбан шалу

Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Тіпті, Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын» деп қатаң ескерткен. Сондықтан қорада малыңыз, яки, қалтаңызда қаражатыңыз болса, сараңдыққа салынбай, Алла жолында малыңызды құрбан етіп, мұқтаж жандарға үлестіріп бергейсіз.

Бұл ғибадат – Құрбан айт намазынан кейін айттың үш күнінде орындалады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес» деген.

Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбан етіп шала алады.

Құрбандық қалай шалынады?

Ең алдымен құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Сосын бауыздайтын кісі «Бисмилләәһи Аллааһу әкбар» деп айтады. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыз­дайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды.

Еті кімге таратылады және терісін пайдалануға бола ма?

Құранда «Хаж» сүресінің 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» делінген. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер де жей алады. Дұрысы, бұл мәселеде пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарыңыз немесе көршілерге, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады. Ал, құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретінде де беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс.

«Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін Құрбан шал!»  акциясына бірге қатысайық

Құрметті жамағат! Биылғы Құрбан айт мерекесінің құрметіне Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшін Құрбан шал!» қайырымдылық шарасы өтеді. Құрбандық еттері Астана қаласындағы мұқтаж жандарға таратылады. Құрбан шалуға жағдайы жететін барша мұсылман бауырларымызды шараға атсалысуға шақырамыз! Сіздің көмегіңіз өзгеге қуаныш сыйлайтынын ұмытпаңыз!

Ислам діні – тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында тазалықты сақтау мақсатында құрбан шалу рәсімін арнаулы орындарда ғана атқаруға шақырамыз.

Жаратқан Иеміз құлшылықта­р­ыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей! Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазғай! Алла тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз исламға күш-қуат бергей! Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Әмин!

НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?

4.10  

  • Құрбан айт намазынан кейін «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіттерінің ауласында жалпы жұртшылыққа арналған мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылады;
  • Сағат 14.00-де «Әзірет Сұлтан» мешітінің ауласында спорттық ойындар сайысы өтеді.

5.10  

  • Сағат 16:00-18:00 аралығында «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Ханшатыр» сауда ойын-сауық орталығында «Құрбан айт құтты болсын!» атты мерекелік концерті;
  • Астана мешіттерінің ұйымдастыруымен «Жетеудің бірі бол да, Раббың үшінқұрбан шал!» қайырымдылық акциясы «Алтын таға» мал базарында өтеді;
  • «Әс-Сәлам» мешітінде жалпы жамағатқа мерекелік дастарқан жайылады.

4-6.10

  • Астана мешіттерінің қызметкерлеріқаладағы мұқтаж жандардың үйлеріне арнайы барып, айт мерекесімен құттықтап, азық-түлік және құрбандық еттерін таратады;
  • Ауруханалардағы сырқат жандардың көңілін сұрап, айттық сыйлықтар тарту етіледі;
  • «Қайырымды, ізгі кісі көгерер, ізгі кісі – халық жүгін көтерер» атты республикалық акция аясында қала мешіттерінің қызметкерлері Астана әкімдігімен бірлесе отырып, құрбандық еттерін мұқтаж жандарға үлестіреді;
  • 6 қазанда С.Ғылмани және Шейх Күнта қажы мешіттерінің ұйымдастыруымен Астана қаласындағыҚарттарүйінде «Қарттарым – асыл қазынам» деген атпен мерекелік рухани кеш өтеді;
  • «Нұр Астана» орталық мешітінде жамағат арасында Құрбан айт мерекесіне арналған сұрақ-жауап сайысы өтеді.

Наурызбай қажы Тағанұлы,

 «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы 




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button