Жаңалықтар

Құрылыс сапасы қалай?



Жақында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында қалада тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандарды жобалау мен салу сапасына арналған отырыс өтеді. Соның қарсаңында мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов бастаған депутаттар Р.Қошқарбаев, Айнакөл және №23-17 көшелерінің қиылысында «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үй кешені тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Сондай-ақ Майқайың мен А351 көшелері тұсында бой көтерген жаңа №91 мектеппен танысты.

Тұрғындар депутаттарға тұрғын үй кешенінің аумағы әлі абаттандырылмағанын және көгалдандырылмағанын, сыртқы инженерлік желілер теңгерімге берілмегенін айтты. «Астанаэнергосбыт», «Астана су арнасы» кәсіп­орындарымен әлі келісімшарт жасамағандарын жеткізді. Бұған қоса, қоқыс контейнерлеріне арналған алаң жайластырылмағанына, қозғалуы қиындаған азаматтарға арналған лифт істеймейтініне шағымданды. Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов мердігерлерге аталған кемшіліктерді екі апта ішінде жоюды тапсырды.

Бір атап өтерлігі, бұл тұрғын үйге үш мердігер бекітілген. Бірінші ұйым – үй салуға, екіншісі – сыртқы инженерлік желілерді тартуға, ал үшіншісі абаттандыруға жауапты болған.

– Мердігерлердің жұмысы бір-біріне тәуелді болғанына қарамастан, ақылдасып, кеңесіп жұмыс істеу деген жоқ. Сондықтан түпкілікті нәтижеде әртүрлі мәселелер туындайды. Осыған байланысты енді мұндай жобаларды бір мердігердің қолына беру туралы ұсыныс айтылды. Бұл мердігердің жауапкершілігін арттырып, барлық құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына оң әсерін тигізер еді, – деді қалалық мәслихат депутаты Талғат Қожахметов.

Ал 1200 орынға шақталған жаңа мектепті бүгінде заманға сай жабдықтармен жабдықтау мәселесін шешу қажет. Ерлан Каналимов қалалық Білім басқармасына бюджеттік өтінім дайын­дауды тапсырды. Жаңа орта білім беру нысанының оқу бөлмелері кең, спортзалы, асханасы, мәжіліс залы тиісті талапқа сай.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button