Басты ақпаратҚала мен Сала

Құтқарушылар – төтенше жағдай қаһармандары



Елордадағы «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірі бүгіннің қаһарман­дары саналатын Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне арналған фотосуреттермен безендірілді. Мұнда жалпы саны 112 портрет қойылған.

Бұл суреттердің авторы – фотограф Руслан Мазунин. Осыдан бірнеше жыл бұрын, пандемия кезінде ол науқас адамдарды өлімнен арашалаған дәрігерлер қауымына арнап Астанада алғашқы көрмесін ұйымдастырған болатын. Содан кейін бұл көпір мектеп мұғалімдерінің суреттерімен безендірілді. Ұстаздардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы ерен еңбегі қашанда ерекше құрметке лайық. Ал енді бұл жолғы көрме төрінен орын алғандар – өз өмірін қатерге тігіп, бейбіт күнде сәт сайын болып жатқан төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалардан бейкүнә адамдарды құтқарумен айналысып жүрген бүгінгі заман кейіпкерлерінің портреті.

Астаналықтар мен елорда қонақтары «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірі арқылы өтіп бара жатып, күнде өрт сөндірушілердің, сүңгуірлердің, дәрігерлер мен басқа да ел үшін аянбай тер төгіп жүрген төтенше жағдай қызметі мамандарының суреттерін тамашалай алады. Көрменің орталығында орналасқан жарқын фотосуреттер арасында QR-код бар, ол арқылы rizamyz.com сайтына кіруге болады. Бұл жерде өмірінің соңғы күніне дейін өз мамандығы бойынша адал қызмет атқарып, кәсіби міндетін орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан 11 құтқарушының өмірі баяндалады.

– Мұндай іс-шараны ұйым­дастыру идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Бұл фотокөрменің алғашқылардан басты айырмашылығы, бұл жолы өзімнің кейіпкерлерімді жұмыс орындарында, алдын ала арнайы дайындықсыз, олар үшін етене таныс атмосферада, әшекейсіз және макияжсыз, шынайы бет-бейнесін көрсетуге тырыстым. Күн сайын аяқ астынан болатын оқыс оқиғалармен, тілсіз жаумен, су тасқынымен бетпе-бет кездесіп, онымен күресушілер туралы біз жиі естиміз, бірақ олардың есімі мен жүзін үнемі көре бермейміз, нағыз қаһармандардың бейнесі көбіне назардан тыс қалып жатады. Бұл олардың қарапайымдылығына, кейбірінің мінезінің тұйықтығына және басқа да себептерге байланысты болуы мүмкін. Дегенмен біз суретке түсірген кезде кейіпкерлеріміз қызметте жүргендіктен, өзін салмақты ұстауға, күлмеуге тырысты. Бірақ біз олармен ортақ тіл табыстық. Әңгімеге тарттық. Нәтижесінде кейіпкерлеріміздің жанарынан жарқыл, көзінен от сезіледі. Бұл – менің кәсібімдегі ерекшелігім, – деді Руслан Мазунин.

Көрмеге қойылатын сурет санын таңдаудың да өзіндік сыры бар. Төтенше жағдайлар орын алған кезде немесе шұғыл көмек қажет болғанда азаматтардың телефон арқылы бірден «112» санын теретінін ескере отырып, фотограф көрмеге дәл осынша сурет ілуді мақсат етеді.

– Бұл сан Төтенше жағдайлар министрлігінің бірыңғай кезекші-диспетчер қызметінің телефон нөмірімен тікелей байланысты. Тіпті біз дайындап жатқан деректі фильм де дәл 11 минут 2 секундқа созылады. Бұл – жоба, онда біз орындау кезінде қаза тапқандардың суретін көрсетеміз. 112 портреттің 11-і – қайтыс болған құтқарушылар. Былайша айтқанда, әскери дәстүрдің бір түрі немесе «кешкі тексеру». Бұл жерде біз қатардағы және бізбен бірге болмаған қаһармандарды еске аламыз. «Кешкі тексеру» дәстүрі Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында пайда болған, солдаттар окопта отырады, ал кешке командир олардың барлығының тірі екеніне көз жеткізу үшін «кешкі тексеру» жүргізеді. Демек, көрмеге қойылған суреттер мен сандар тікелей оқиғалармен байланысты, – деді фото авторы.

Расында да, көрмедегі 112 портрет күн сайын өзінің күрделі әрі аса маңызды қызметін атқаратын азаматтық қорғау органдарының барлық 29 мың қызметкерінің ұжымдық бейнесі іспеттес. Деректерге сүйенсек, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары 413 мың адамның өмірін сақтап қалды, төтенше жағдайлар аймағынан 380 мыңға жуық адам эвакуацияланды, 70 мыңнан астам зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді, төтенше жағдайларды жою үшін құтқарушылар 1,6 млн-нан астам рет шұғыл сапарға шықты.

Руслан Мазуниннің объек­тивіне түскен адамдардың кейбір оқиғаларына тоқталсақ, суреттегі Игорь Максимов түрлі іздес­тіру-құтқару операцияларына, соның ішінде таулы аймақтарға, су айдындарына және жол-көлік оқиғалары болған жерлерге шығуға қатысқан. Сел шығарындылары мен бөгеттердің бұзылуын жою кезінде ерекше көзге түскен оның кәсібіндегі маңызды сәттердің бірі 2010 жылы Балқаш көлінің акватория­сында тікұшақты пайдаланып адамдарды құтқаруға қатысу болғаны белгілі. Тәжірибелі маманның кәсіби шеберлігінің арқасында 6 адам құтқарылды. Сондай-ақ ол биыл Түркия Республикасындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою­ға қатысты. Игорь Максимов адамдарға көмектесуге әрқашан дайын.

Хасиет Қабылбекова Апаттар медицинасы орталығында психолог болып жұмыс істейді. Шұғыл медициналық көмек көрсету бригадаларына қатысу, әсіресе өрт және басқа да апаттар сияқты төтенше жағдайлар кезінде маңызды және қиын міндет. Мұндай жағдайларда психологиялық көмек зардап шеккендердің психикалық денсаулығын сақтауда және олардың қалпына келуіне ықпал етуде шешуші рөл атқарады. Ол үлкен өрт кезінде 1500-ден астам адамға көмек көрсетті. Мұндай ұйымдарда жұмыс істейтін психологтар қиын оқиғаларды бастан өткерген адамдардың психикалық жағдайын сақтау мен қалпына келтіруде баға жетпес рөл атқарады және олардың маңызды жұмысы үшін алғыс пен ризашылыққа лайық.

Фотокөрме авторының айтуынша, бұл жолғы көрме тек командирлердің портретінен тұрмайды және бұл кәсіпте әр қызметкердің еңбегі маңызды.

– Мейлі ол қарапайым механик жүргізуші болсын, ұшқыш немесе кеме командирі емес, тек техник болсын және оның марапаттары болмаса да, оның жұмысы қастерлі. Мен далада суретке түскенде, маған тек бірнеше марапаты бар қызметкерлерді суретке түсіру ұсынылды. Бірақ менің ойымша, олардың бәрінің жұмысы бірдей, жауапкершілік те олар үшін ортақ. Сонымен бірге мен үшін әйел құтқарушылардың еңбегін көрсету маңызды болды, олар, негізінен, диспетчер болып жұмыс істейді. 112-ге қоңырау шалатындар жақсы біледі, диспетчерлік қызметте істейтіндердің басым бөлігін нәзік жандылар құрайды. Сондықтан олар да көрме төрінен орын алуға әбден лайық, – деді Руслан Мазунин.

Автор туындылары астаналықтарды өз қауіпсіздігіне мейлінше назар аударуға және құтқарушы мамандығына құрметпен қарауға шақырады.

«Атырау» көпіріндегі фотокөрме 20 қазанға дейін жалғасады.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button