Руханият

ҚЫЛЫШТЫҢ КИЕСІ



«Астаналық» базарының батыс жақ сыртындағы жатаған үйде Тәтім тұрады. Жалғызбас­ты. Көршісі Сыртаннан басқа тірі пенде есігін ашпайды. Сыр­тан жұмыссыз, тірлігі қалта қағуға, біреудің бірдемесін жымқырып кетуге шебер. Арақ ішетіні, наша тартатыны бар. Кейде Тәтімнен қарызға ақша алып тұрады. «Бейнетпен алған зейнетақымды сұрап, қылқылдай бересің, қашан әкеліп бересің?» деп қиналса да, тиын-тебен береді. Өйткені дені сауында бөтелкелес болды. Ені де, көлденеңі де тар, қысаң бөлмеде одан-бұдан тапқан бір жартыны бөліп ішіп, сәтті күндерін еске алса да, Тәтім ішкі сырын ашып айтқан емес. «Қысқа ғұмырда ешкіммен қысастанған жоқпын» десе де, кейде қабыр­ғадағы ілулі тұрған қылышқа көз тастайды… «Оқиға жұмбақ боп өтті. Куә, дерек жоқ» деп қысық көзін сығырайтып қарап, ойсыз отырады. Сөйтсе де, сол оқиға түсіне енеді. Бәріне қоғамның қысымы кінәлі деп ақталғысы келеді. Қайтейін, үстемдіктің тұтқыны болдым… Көз алдынан жүгіріп өтетін сол кезең суреттері… Есек мінген алба-жалба киімді диуана Кейкінің ауылында ашыққан жоқ, қарнын тойындырды. Әр үйде адамдардың басы қосылса, сөзін тыңдап біраз жүрді. Кейде Кейкінің ерекше ерлігін, құралайды көзінен ататындай мергендігін таңдайының суы құрып, сыбыр-күбірмен аңыз етеді.
– Үңгірге атымен, қару-жарағымен кіріп-шығатын көрінеді.
– Әйелінің айы-күні жақын қалған шығар. Көмек керек.
– Үңгірден қылышын аузына тістеп, екі мылтығын екі қолымен ұстап шығады деседі.
– Қайран, батыр-ай!..
– Аты да «ақылды» ғой. Батырдың сөзін жылқы түсіне ме екен, жау қуып келе жатқанда қалың қау арасына батыр үн қатып белгі берсе болды, аты төрт аяқтап жата кетеді де, батыр ысқырып белгі бергенде қасына жетіп барады, аты иесінің тілін тауып, ұға білетін «ақылды» екен деседі.
– Есіл ер жазықсыз қуғынға түсіп безіп жүр. Қатты обал, қандай қорлық!
– Амангелдінің сенімді қол мергені аталған батыры еді, Амангелді тірі болса, бас сау­ғалап, кінәлі делініп, елден кетпес еді. Үстемдіктің тізесі батқанынан сынбаған, зәлімдерді жыға танып, одан қорқып, үрейленбеген Кейкі:
Ойсызды қылышпен түртіп оятам,
Патша жендеті қарсы келсе,
Қанын шашып семсерімді боя­там.
Сондықтан жүремін ылғи күтініп,
Көкірек күпті, тілегім елге бүтіндік!
Дұшпаным қалың, жанымда жүр жұтынып.
Мергендікпен аман жүрмін құтылып.
Қылышыма мұң шағамын,
Намыссыздар сезінсін
Жаулық ойлы, қылышты көріп,
Маңайымнан безінсін! – дейтін өлеңін де жансыз жұрттан естіді.
«Әйелін қимай жүр ғой немесе саяси ақылшысы Әліби Жангелдинді күтіп жүр ме? Сарыторғайдың тау қуысын қашанғы паналайды?» деген сөзді естіп, диуана-жансыз қатты қуанды. Ізіне түсе алмаспын деп, беті қайтып, жүні жығылып, қанша айларды өткізді. «Сарыторғай», «Құлжығылған» деген сөздерді естіп, әкесі тірілгендей еді. Әкесі Бәтір Қостанай өңіріне танымал атақты бай Кәкімжанның малын тәркілеймін, өзін Ақмолада өтетін бай-кулактарды жазалаудың жалпы жиынына әкелемін деп жүріп еліріп, аттан құлап, жұлыны үзіліп өлді. Қыз­меткерімізді бай атып өлтірді деп, Шаған милиция байды бірден атқанын естіді. Шаңырағын қырсық шырмады ма, Тәтімнің інісі Кәтім аузы-мұрнынан қан кетіп өлді, анасы Сыным құсадан о дүниелік болды. Әкенің ескі үйінде Тәтім жалғыз қалды. Бірде милиция шақырып алып:
– Тарығып жүрсің, қолтығыңнан демейтін біз ғана. Әкең талай бандыны құртып еді, қылдан тайғанды қылпып тұрған қылышпен қиып түсетін еді. Қарсы болмасаң, өзіңді жұмысқа аламыз. Кейкі деген үкіметтің жауы бар, ұстатпай қашып жүр, талай милицияны атып өлтірген. Еліне барып, жұрттың сөзін бағып жүресің, жасырынып кім тамақ апарады, байқайсың. Сосын бізге хабар бересің, Кейкінің басына тігілген 2 мың рубль бар, шен-шекпенің өз алдына, – деп майын тамыза үгіттесін.
– Құп болады!
– Жаман-жұман киім киесің, есек көлігің болады. Оны Амангелді ауданындағы бір милиция қызметкері ұйымдастырып береді. Сенің міндетің – Кейкінің жасырынған жерін анықтап беру. Жұрт сөйлескенде Кейкі туралы аузыңды ашпа! Аңқау жұрт «жауына қырғидай тиетін батыр еді» деп өздері айтып қалады. Со­ны аңдисың.
…Тәтім айлар жүрді, жылдарды өткізді. Күндердің бір күнінде Кейкінің ізін адаспай тауып, хабарын Ақмолаға жеткізді… Ақырында бір топ милициямен Кейкінің 1925 жылдың сәуірінде қырғын атысын көрді. Әйелі Ақжан да мерген екен, атқанын тыраң еткізіп жатты. Кейкінің оғы таусылды… Оққа ұшты, жазалаушылар оның екі қолын қылышпен шауып, басын кесті. Батырдың көз алдында әйелінің ішін жарып, сәбиін шырқыратып найзаға шаншыды. Сонда: «Әттеген-ай, танымайтын Кейкіге неменеге қысастандым? Екі мың рубльге ме?» деп сол сәтте өзінен-өзі шошынғаны бар-ды. Қайдан біледі, батырдың азаттық үшін күрескенін, басшылары Амангелдіге Әбдіғапарды айдап салып, айтпағанын айтты деп, ұлт бірлігін сатты деп, қызылдарға сонысымен жақты деп, хан өзің болып тағыңда отырғанда, жаныңдағылар атақ-даңқты ерекше тапты деп, бірді-бірге өшіктіріп қоймай, Амангелдіні өлтірді. Түрменің билік кілті орыс шовинис­терінде болғасын кімді аясын, біреуін біреуі баққа таласып атты деп құлақтандыра салады. Қызылдарға тапсырыста бар, елді тазарту, бай, батыр, еліне елеулілерді түгелдей құртып, нағыз пролетариат басшылығына өткізу. Мәскеудің айтқанын орындамаса, өздерінің жанына ажал төнеді… Сонымен, Тәтімге милиция басшысы: «Екі жүз рубль алдың, жетеді. Екі мың деген сан қате түсіп кеткен, бірақ еңбегің бар» деп Кейкінің қылышын берді. Қылыш қиянатының құнына тұрар ма?
«Ей, қысылшаң кезде бәріне көнесің» деп, өзін ақтап, милиция шекпенін киіп, біраз жыл жүрді. Жаратқаннан бала тіледі, бір емес, үш рет үйленді, кезерген ерні жібімеді. Тілегіне қорлықты жазды. Зарықтырды. Денесіне қышыма қотыр қаптапты, ем қонбады. Жұқпалы деп жұмыстан шықты, ешбір жер жұмысқа алмады. Ләйліп қалды, тірі өлікке айналды. Ақырында төсекке біржолата жатқызды. Ауруын қыл өңеш дейді. Атау-кересіне аңсары ауып, бір жұтым су ішуге мұң болды. Жұтады, қайта төгеді, батпайды. Анда-санда Сыртан келіп су береді… Біраз отырып қылышты ұстап көреді. «Онда нең бар?» деуге Тәтімде әл жоқ. Ескі диван тұсында ілулі тұрған жүзі болаттан істелген семсер қылыштың қынабынан кейде Тәтім сипаушы еді. «Күнәмді кеш, батыр, сатқынмын, жаназама жан келмес…» деп күбірлей ме екен? Ертеректе Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романының басты кейіпкері Кейкі батыр дегенін, Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» драмасындағы Кете батыр Кейкі екенін естіді, іші мұздай боп, жүрегінің басын жылан шаққандай күйреді. Бірақ сатқын емес пе, ешкімге сездірген жоқ… Енді, міне, жылдар өте белгісіз қаусаған дене қара жерге көмілгенше жаны шықпай, көзіне қара шыбын үймелеуде. Кейкінің қылышының киесі оңдырар емес…
Ертеректе жолсапармен неміс жеріне барғанымда Захсенхаузен концлагеріндегі тұтқындардың бас сүйегінен күлсалғыш, терісінен қолғап, әйелдердің қол сөмкесін істеген фашистердің адам шошыр­лық қылмысын көріп, түңіліп едім. Кенесарының, Кейкінің және басқаларының жау деп танып, бас кесуін фашистер қызыл жендеттерден үйренгені ме? Дала даналығында қастандықпен бас кескендер батырдың денесіне басы қайта әкеліп жерленбесе, елінде, жүрген жерінде неше түрлі апаттан көздері ашылмайды деген бар. Кейкінің басы туған топырағына оралғанымен, Кенесарының басы Ресейден әлі күнге қайтпай келеді. Орынбор архивінде Кенесарыны тергеу құжаттары сақталып отыр. Оны да түгел көшіріп әкелу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Тәуелсіздік, еркіндігімізге байланысты өткен қоғамдағы солақай саясат үшін ешкімді кінәлаудан аулақпыз. Тарихымыздың ақтаңдағын түгендей алсақ, басқа тілек тілемей, ұрпаққа шындықты айтсақ деген ой. Арман-тілек, бүгінгі еркіндіктің шуағы теп-тегін келген жоқ.
Милиция генералы Өмірзақ Болсынбеков мұражайларындағы қылышты көріп ойға шомғанымды байқап:
– Кейбір қателігіміз тәрбиеден бе? – деді.
– Қоғамдық үстемдікті қайда қоямыз? Батырды жау санап, кінәлаған – қоғам.
«Ақталған кезде көз жасын тыя алмай егілген ақын – Әубәкір Қылышбайұлы» деп, қылыш туралы новелламызға нүкте қоямыз…

 

Табыл Құлияс,
жазушы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button