Басты ақпаратМәдениет

«Қыз Жібек» мюзиклі қойылды



Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклінің премьерасын ұсынды. Классик қаламгер Ғабит Мүсіреповтің либреттосы мен композитор Евгений Брусиловский музыкасын халық әндері мен күйлері, халық композиторларының шығармалары негізінде жазған туынды ұлттық операмыздың інжу-маржанына айналды. Асыл мұрамызды мюзиклге айналдырып, сахналаған – аталмыш театрдың жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. 

Шығармашылық топ операда орындалатын ариялар мен хорлар, күйлер мен билер ұлттық мұра болғандықтан, шырғасын бұзбай рухани тамырына қан жүгіртіп, халық аспаптар ансамблінің орындауына лайықтап қайтадан жазды. Музыканы ансамбльге өңдеген талантты музыкант Бауыржан Ақтаев.

Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тектілігі мен ұлттық болмысын сипаттайтын, қос ғашық Төлеген мен Қыз Жібектің адал махаббатын арқау ететін туынды желісі Төлеген, Қыз Жібек, Бекежан секілді үштаған бейнелердің арасында өтеді. Қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтпай, махаббаттың өміршең дастаны ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан шығарма көрерменге ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан фольклоры мен этнографиясын, философиясы мен дүниетанымын, бай музыкалық мұрасы мен өмір сүру салтын біртұтас күйінде көрсетті.

Мюзиклге бірнеше актерлік құрам тартылған. Атап айтқанда, Қыз Жібекті Инабат Ризабекова, Мақпал Дүйсен, Жансая Өмірбекова, ал Төлегенді Оразалы Игілік, Саламат Мұқашев, Нұржас Садырбаев сомдайды. Бекежан бейнесінде Расул Усманов, Аққанат Қуандықов, Мақсат Қабдеш көрінеді. Шеге – Армат Амандықов, Мағжан Омар, Бақдәулет Оралов.

Көрермендер мюзиклді 22-23 шілде күндері де тамашалай алады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button