Басты ақпаратЕл тынысы

Елдің төрі – Елорда

КЕНЕСАРЫ – АЗАТ РУХ АЙБАРЫ

Қараөткелді Алаштың ортасы етуді көксеген Әлихан Бөкейхан бастаған арыстарымыздың арманы Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана шындыққа айналды. Елдің төрі оңтүстіктен ортаға ойысты. Қазақ заманауи шаһар салған ұлттар қатарына қосылды. Сол арқылы ұлтымыз өзгерді, түледі. Арқа төсіндегі елорданың тұсаукесері өткеніне де ширек ғасыр уақыт болды. Бұл көп емес, бірақ көз жүгіртіп бажайлай қарасаң аз да емес. Жел өтіндегі елорданың ширек ғасырдан бергі тұрғыны ретінде өзіміз үшін ерекше әсері бар жайттарға үңілуді жөн көрдік.

«2001 жылы 11 мамырда ерке Есілдің жағасында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ерекше еңселі ескерткіші бой көтерді» деп жазды шаһар шежірешісі «Астана ақшамы» басылымы. Қайсар бабамыз 160 жылдай бұрын осы ескерткіштен қол созым жерде болған Ақмола бекінісін шауып алған еді, орыс патшасының зеңбірегіне қылышпен қарсы шабу оңай ма, ұстап тұра алмады. Жүздеген сарбазы іргедегі қорымда тыныстап жатыр. Енді, міне, біржарым ғасырдан соң ұлы баба бекініс орнын ат үстінен бақылап, айбар шашып тұр. Ескерткіш ашылу рәсімінде Мемлекеттік хатшы, абыз жазушы Әбіш Кекілбайұлы сөз сөйлеген екен. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге жиналған ақсақалдармен әңгімесінде «Басқа жұрт не десе о десін, Кенесары біздің ханымыз екені рас, тәуелсіздік жолында қасық қаны қалғанша күрескені хақ. Ендеше ешкімге жалтақтайтын жайымыз жоқ» депті. Қызылдар империясының тап жауы – патшамен алысып жүріп ғұмыры ат үстінде өткен Кенесарының атын атағаны үшін кешегі кеңестер заманында ғалымдар, жазушылар қатаң жазаланып, тіпті түрмеге кесіліп жатты. Міне, парадокс. Қызыл империя Кенесары ханның болмысында азаттық рухы жатқанын аңғарды-ау. Қазақстанның халық жазушысы, арқалы ақын Ғафу Қайырбеков «Кенесары – қазақтың ең соңғы ханы, одан кейін хандық жүйесі құлап, отар елге айналған. Кенесары – қазақтың ең бақытсыз ханы, хандығының рахатын көрмей, азабын тартып өткен. Кенесары – қазақтың ең батыр ханы, басқаны қойып, алып империяның өзімен алысқан. Кенесары – халқының азаттығы үшін құрбан болған қазақтың ең сүйікті ханы» деп айтыпты. Күні кеше Кенесары ханның құран кітабы елорда төрінде тұрсын деп мүфтиятқа тапсырылды. Кенесары рухы мынау алмағайып заманда халқына қашанда қорған, сес болады. Рухын көтереді. Ендеше мемлекеттік мерекелер кезінде оған тағзым етуді де дәстүрге айналдырсақ…

ҚАЗАҚЫ БАЛА ҚАЙДА ЕКЕН?

Кезінде орталық алаңдағы субұрқақ жанында шағын ғана ескерткіш бар еді. Елорданың бас алаңына бес-алты жылдай сән беріп тұрған осы ескерткіш те, субұрқақ та жоқ бұл күнде, алаң да, заман да өзгерген. Осы бір шағын ғана ескерткіштен ұлттық болмыс пен қазақы таным менмұндалап, көрген адам еріксіз езу тартатын. Жалаңбұт жүрген, оң-солын танымаған ойын баласы басына атасының көзі, аманатындай иісі сіңген кең қалпағын киіп алған. Соған қарамай жүрек жұтқан бүлдіршін азуы алты қарыс көк бөрінің үстіне мініп алған. Қорқып тұрған жоқ, бөрі де оны бөтенсімейді. Бұл өзі көк тәңірі мен көк бөрінің ұрпағы үшін жаңа заман, жаңа мүмкіндік туып тұр, көк түріктің жаңа астанасын салып жатыр, болашаққа үлкен үмітпен қол созып тұр деген сияқты сан қатпарлы астары бар дүние еді. Көркемдік тұрғыдан жетілдіре түссе елорда мен еліміздің бір символына айналатын-ақ белгі еді. Өкініштісі, бір-ақ күнде жоқ болды. Былтыр қала басқарып тұрған, қазақылығы мол Алтай Көлгінов бауырыма осы ескерткіш туралы айтып едім. Іздетіп көрейін деп еді, таппады-ау. Таппай жүрген, тапсақ та қадіріне жетпей жүрген рухани байлығымыз қаншама…

Ескерткішіне қарап елін таны дейді ғой, елордада көрген адам таңырқап, керемет әсер алып, тұңғиық ойға беріліп, бас киімін қолына алатын дүние көп деп айта алмаймын. Ұлттық ерекшіліктерімізді, қазақы қасиет, қалпымызды, мақтан етер өткенімізді тас тілімен бейнелей алсақ, сөйлете алсақ, көрсете алсақ қандай керемет?! Өкінішке қарай, бұл салада керемет жетістік жоқ, ортақол дүниелер басым. Өзіміздің мүмкіндік пен шама-шарқымыз жетпесе атақты архитектор Норман Фостер деңгейлес арнайы мамандарды неге додаға қоспасқа?! Бұл, бәлкім, асығыс, тар ауқымда өткізілетін тендерлердің зардабы шығар, кім білсін? Кезекті мерейтойлар қарсаңында үлкен тұлғаларымызды жиналыстан жаңа шыққан сияқты бір үлгімен киіндіріп, тұғыртасқа тізіп қойып жатырмыз. Батырлардың аты мен қылышы да, тұрысы да еш өзгермейді. Тіпті шаршы кілемде атой салып, қазақтың мерейін көтерген атақты палуан Жақсылық Үшкемпіровке стадион алдында тұрғызған ескерткішін ол кісі өмір бойы мемқызметкер болғандай сықитып галстук тағып қойған соң не дейсің?! Не айтасың сосын…

Римнің символына айналған көк бөріні емген ағайынды балалар бейнеленген ескерткіш ұзындығы бір метрге де жетпейді екен, көргенде таң қалдым. Соған қарағанда мәселе көлемде емес, көкірек көзімен көре білуде, көрсете білуде, жеткізе білуде шығар, кім білсін?!.

ЖУКОВКАДА – ЖУРНАЛИСТЕР АЛЛЕЯСЫ

Астана күні қарсаңында бас қалада Журналистер аллеясы ашылды. Аталмыш шараға шақырылмасақ та, сонда орнатылған паннода отыз жылдан астам осы шаһар шежіресін қаттап келе жатқан «Астана ақшамы» газетінің аты жазылмай қалса да бұл оқиғаға қатты қуандық. Енді соның себебін айтайық. Бұл көше бұрын ғұлама Ломоносов есімін иеленген екен. Осы көшеде қоныстанған Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігінің екі қабатты ғимараты 1998 жылы Үкімет шешімімен елдің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті редакциясына берілді.

Бұл кезде Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы, бас редактор Уәлихан Қалижанов болатын. Мен бас редактор орынбасары едім. Содан жөндеу жұмыстары басталып кетті. Күзге қарай бас редактор тізгінін Ержұман Смайыл ұстады да, мен бірінші орынбасар, Жанболат Аупбаев орынбасар қызметіне кірістік. Газеттің Астана филиалын басқарып, көшуге дайындықты жеделдету үшін шұғыл түрде бас қалаға қоныс аудардым. Арада үш-төрт ай өткенде редакция толық көшіп келді. Әрине, Алматыдан кейін Арқаның қысы кімге ұнай қойсын? Оның үстіне редакция маңына көз салсаң, көңіл құлазиды. Тың игеру басталғанда уақытша тұрғызылған екі қабатты ағаш барактар. Құжынаған сиықсыз дәретханалар үй алдында сап құрап тұр.

Одан әрі іргетасы жерге сіңіп кеткен үйлер жанында жылу беретін алып құбырлар. Сол құбыр үстінде мәңгіп, өмірден күдерін үзіп, жылынып отырған үйсіз-күйсіз тағдырлар. Жуковка деп аталатын (Ломоносовқа қапталдас жатқан келесі көше ақын Жуковский атында екен, кейін Бейсекбаев болды) бұл аймақта айқай-шу, дау-дамай басыла қоймайды. Өйткені қалада түнде спиртті ішімдік пен есірткі сататын үйлер осында екен. Бұл өзі – шаһардың дәл кіндік тұсы, Абай мен Кенесары көшелерінің ортасында. Біз көшіп келген соң қазір аллеяға айналған гүлзарға фонарлар мен орындықтар қойылды. Ай сайын соның бәрі қирап қалатын. Бұл жерге жарық түскенін, тәртіп орнағанын қаламайтындар көп еді ол кезде. Көз алдымызда біртіндеп өзгерді осы аймақ. Оның өзгеруіне Сауытбек Абдрахманов жетекшілік еткен «Егеменқазақстандықтар» да өзіндік үлкен үлес қосты. Қаламды уақытша қайлаға айырбастап журналистер қауымы да құрылысшыға айналдық. Елуінші жылдары салынған редакция апатты жағдайға жеткен соң жаңа ғимарат тұрғызу әрекетіне кірістік. Сегіз қабатты ғимарат газеттің тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілді. Үнемделген қаржыға бас офис жанындағы ескі редакция ғимаратын сырып тастап, екі жатақхана тұрғыздық. Тоғыз қабатты «Егемен» тұрғын үй кешені де пайдалануға берілді. Пәтерсіз қызметкер қалған жоқ. Ломоносов «Егемен Қазақстан» газеті» көшесіне айналды. Айнала өзгере бастады. Реновация бағдарламасына сәйкес барак үйлер бұзыла бастады. Арақ сататын үйлер көлік жөндейтін шағын шеберханаға айналды. Бұрынғы барактар орнында Қаламгерлер аллеясы салынып, алаш арыстарының ескерткіші қойылды. Енді, міне, соған қапталдасып Журналистер аллеясы ашылды. Кешегі Жуковканы көзі көргендер үшін бұл шынайы қуаныш емес пе? Өмірімізде осындай нақты өзгерістер болғаны, оған өзіңіз де азды-көпті үлес қосқаныңыз – бір мәртебе. Ендеше елмен, бас қаламен бірге біз де өзгере берейік, соңымызға бұрылып қарағанда өкінбейтін сәттер көп болса, қанеки…

«ҚАЗАҚ» КӨШЕСІНЕН ҚАЗАҚСТАН АСТАНАСЫНА ДЕЙІН

Бас қалаға алғашқылар қатарында қоныс аударған бас газет ұжымы орналасып алған соң айналамен асықпай таныса бастадық. Редакция ғимаратынан таяқ тастам жерде, тіршілігі қыз-қыз қайнаған «Артем» базарының маңайында сиқы кеткен, қысқалау «Қазақ» деген көше бар екен. «Өзбек», «Ташкент» көшелерін көріп едік, мұны бауырлас көршілерге құрмет деп түсініп едік. Ойпырм-ай, қазақ жерінде, оның бас қаласында осындай көше бар екен-ау деп таңырқап, «Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылғы 11 қарашадағы нөмірінде мынадай жазба қалдырған екенбіз:

«Астананың қақ ортасында көріксіздеу жатаған үйлер тізілген «Қазақ» көшесімен жүрген сайын қазақ жерінде «Қазақстаннансың ба? деген сауал естігендей (студент кезімізде Қостанай жеріне астық жинауға барғанда келімсектерден осындай сөз естіп, соңы қырғын төбелеске ұласып, аурухана мен сотқа дейін жеткен едік) әрі-сәрі күй кешемін. Үндістердің өзі жойылып кетсе де солардың көзіндей Патомак өзені Вашингтонды қақ жарып, сылдырай ағып жатқаны ойға оралады… «Қазақтың төңірегінде орыс, неміс не кәріс көшесі деген атаудың көзге ұшыраспайтыны қынжылтады. Шүкір, біз қазақтар бармыз, түгелміз ғой, мемлекетіміз де дін аман. (Әлде оның өзі бар болса да рухы өліп, намысы тапталды ма?) Ал біздің, қазақтардың құрметіне ескерткіш ретінде көше берудің қажеті бар ма еді, құзыры мықты мырзалар?! Әлде бұл көшені қызыл империяның көзіндей сақтағысы келетіндер бар ма?..»

Бір емес қайта-қайта жазып жүріп, әлгі көшенің Шәкен Аймановқа ауысуына қол жеткіздік. Астана Арқаға көшпесе әлгі көше әлі тұрар ма еді кім білсін?! Астана Сарыарқа төсіне келмесе ширек ғасыр ішінде мұндағы қазақтың үлесі 18 пайыздан 81 пайызға жетпес еді. Мұны іргелес жатқан Павлодар, Петропавл, Өскемен қалаларының қазіргі жағдайына қарап анық болжайсың. Астана солтүстікке көш түземесе, қазақтың өсімі бұрынғыша Қызылорда мен Алматы арасындағы белдеуден аспай, сол өңірлерде әлеуметтік қиындықтар да өрши түсер еді. Астана елдің төріне қарай жылжымаса халықты біріктіретін, жұмылдыратын, құлшындыратын, үміттендіретін ұлтық идея да тумас еді. Сондықтан тәуелсіздік тұсындағы ең айшықты, тағдыршешті оқиғамыз – ежелгі Ақмоланың ел ордасына айналып, оның төрінде Кенесары ханға ескерткіш орнатылуы деп қашанда риясыз айтып жүрміз және айта да береміз. «Тақ ауған жаққа бақ ауады» дегендей, Астанасы түсінікті, Кенесарысы несі, атақты хан мен батыр, билер ел ішінде жетіп артылады ғой деушілер табылар. Еліміздің әр өңірі өз атасына, өз батырына, өз биіне, өз хатшысына, өз жазушысына, өз сауыншысына ескерткіш қойып, мектеп, көше берудің, сөйтіп біртұтас елді, халықты бөлудің, іштен ірітудің бәсекесіне түсіп кеткенде елорда салу сияқты қазақты біріктіретін идея – Кенесары хан тұлғасы. (Барша қазақ тәу ететін тұлғалар бейнесі шалғай өңірде емес, ел төрінде тұрмай ма?) Халқының азаттығы, болашағы үшін семсер жүзінде серт беріп, ауыздықпен алысқан атынан түспей айқаста шейіт болған бабаның рухы, күресі, идеясы бізді біріктіреді. Қашан да ел қорғаудан, халық мүддесінен, азаттық, тәуелсіздік, дербестік, ұлттық мүдде рухынан қасиетті ештеңе болмайтынын баяндайды бізге тастұғырдағы баба бейнесі. Ендеше әрбір ірі мегаполис, облыс орталығында Кенесары ескерткіші, Кенесары алаңы болуы керек. Ендеше кешегі тың астанасынан алты алаштың анасына айналып келе жатқан бас қаланың үрдісінен басқа қалалар да үлгі алады деп ойлаймыз…

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button