Басты ақпаратБілім

Репетитормен оқып жүр талай қазақ баласы



Бүгінгі қалалық ата-ана баланың үй тапсырмасын әзірлеуде де репетитордың көмегіне жүгінетін болған. Нұр-Сұлтанда қанша репетитор мен оқу орталығы бары туралы нақты мәлімет таба алмадық, ал жарнамадан көз тұнады, репетитор қызметі қымбат болса да, оларға сұраныс жоғары.

Жиналыста бала үлгерімі туралы сөз болғанда мұғалімдердің өзі «балаңызға репетитор жалдасаңыз, үлгерімі жақсы болып кетеді» деп кеңес беретінін де көріп жүрміз.

Бақытгүл Сахиқызы, жоғары санатты мұғалім:

– Мектеп мұғалімінде әрең жазатын, ежіктеп оқитын нашар оқушыға не қосымша тапсырма арқылы одан әрі дамытуға болатын орташа оқушыға бөлек көңіл аударуға уақыт жете бермейді, қаншама қағазымыз бар жазатын, сондықтан мен үшін репетитор қосымша білім беретін көмекші, өзім сабақ беру кезінде репетиторға баратын баланы бірден байқаймын, ол жақсырақ түсінеді.

Бүркітхан, жеке репетитор:

– Кейбір ата-ана ақшасының қайтарымын тезірек көргісі келеді, кей ата-ана бала физиканы ұнатпаса да оны мәжбүрлейді, өйт­кені физикаға бөлінетін грант көбірек. Бұған біздегі білім жүйесі кінәлі.
Дерекке қарағанда, елімізде ЖОО-ға түсуші әрбір екінші адам репетитор қызметіне жүгінген, 68% оқушы мектептің соңғы жылында репетитормен да­йындалған, математика пәнінің репетиторына сұраныс – 67%, тарих пен физикадан – 36%, қазақ тілі мен әдебиетінен – 18%. Орталықтарда ҰБТ-ға кешенді түрде дайындау 47000-65000 теңге аралығында. Бұған ағылшын тілі кірмейді. Ағылшынның сағаты – 3 мың. Егер математиканы ағылшынша түсіндірсе, бұл 5000-7000 теңге аралығында.

Сапаны кім бақылайды?

Өйткені заң тұрғысынан алғанда, репетиторлық – білім беруге рұқсат алған кәсіпкерлік қызмет. Ал кәсіпкерліктің басты міндеті – заң аясында қызмет етіп, салық төлеп отыру. Сондықтан баласын дамытуды сеніп тапсырған ата-­ана репетитордан адалдық пен сапаны талап етуі тиіс.

Перизат Усипбаева, ЕҰУ педагогикалық ғылымдар магистрі, докторант:

– Репетитордың пайдасы бары рас, бірақ қадағалау керек, қазір олардың көбі – студент, қосымша табыс көзі ретінде қарайды. Бірақ ата-ана ақысын төлеген жерде нәтиже күтеді. Былтыр қызыма ЕҰУ-дің 3-курс студенті келіп жүрді, физикадан жақсы көмектесті. Оларға біз де өз талабымызды қоюымыз керек. Қабілеті ерекше балаларға да репетитормен жұмыс тиімді. Меніңше, репетиторға барам деген тілек баланың өзінен шығу керек. Мен балаларыма тәжірибелі репетитор таңдар едім, бірақ ол кеңестік ойлау жүйесіндегі адам болмау керек, бұл оның тек теория­ны түсіндіретіндігінен ғана емес, мысалды қазіргі өмірден алатын болса сабақ та сіңеді.

Ляззат Салимова, педагог-сарапшы, 19 жылдық өтілі бар:

– Қазір репетиторлықты оңай көретіндер көбейді, тіпті өздері әлі оқуын бітірмеген студент те репетитор, бірақ ол әдістемені білмейді. Ал мектеп мұғалімі күнтізбелік жоспармен жүреді, бір тақырыппен отырмайды, үнемі бақылау жүргізеді. Егер репетитор балаға қарапайым тілмен түсіндіре алмаса, бұл оның өзінің тақырыпты дұрыс түсінбегені. Көмекші құралдар, тапсырмалар жинағы, дидактикалық материалдар керек, тапсырманы деңгейге бөліп, жайдан күрделіге өтуі тиіс. Егер баладан ілгерілеу байқалмаса, онда әдістемені өзгерткені жөн.

Гаухар, үш баланың анасы, мамандығы – мұғалім:

– Бала материалды өзі оқып, сіңіруі керек. Репетиторға бармай-ақ грантқа түсіп жатқандар көп қой. Мысалы, ағылшынға берсең, деңгей біткен жоқ деп оқу мерзімін соза береді, балаға білім беруді емес, ақша жағын ойлайды. Репетиторға төлегенше, одан да ақшаны жинау керек деп есептеймін, егер бала оқуға түспесе сол ақшаға бәрібір оқытасың. Бірақ соңғы кезде бітпейтін қағазы, артық жұмысынан мезі болған жақсы мұғалімдер репетитор болып кетіп жатыр дегенді естимін. Көп мұғалімге көңілім толмайды, қазір дипломы бар, бірақ білімі үстірт мамандар көбейді, ал жүйелі, сапалы білім алған кәсіпқойлар азайып барады. Оның үстіне ата-анасының жағдайы келетіндер жақсы мұғалімнен оқып, кедейлердің баласы орташа мұғалімнің бергеніне қанағат етіп, мұның арты теңгерімсіздікке әкелетіні тағы бар.

25 жыл ұстаздық еткен жоғары санатты мұғалім Бибігүл Кәрімқызы бүгінде жеке репетитор, өзінің айтуынша, мектептен кеткеніне өкінбейді.

– Мектепте тынымсыз жұмыс істейсің, айдың соңында айлықты көргенде не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің, әрі білімге емес, тәрбиеге көбірек назар аударуға тура келді, қысқасы, мектептен кеткеніме өкінбеймін, аптаның бес күнінде тек түске дейін ғана жұмыс істеп жүрмін, табысым жаман емес. Күніне 3-4 сабақ өткізгенге шаршамайсың, ешкімге тәуелді емессің. Репетитор – «repeat» сөзінен шыққан, яғни балаға қайталауға көмектеседі. Сондықтан сабаққа ынтасы жоқ 40 баланы жинап алып шаршағанша, оқығысы келетін үш баламен жұмыс жасаған әлдеқайда тиімді.

БҰЛ – ЖЕТКІНШЕККЕ АРТЫҚ ЖҮКТЕМЕ

«Репетиторға баратындардың ішінде ата-анасының мәжбүрлеуімен келген балалар да жеткілікті» деген психолог Әсем БЕКТАЕВА мұны әлеуметтік ауруға жатқызады:

– Біріншіден, көпшіліктің әсері, бір жағынан, әлеуметтік ауру. Бұрын ата-ана балаларын жаппай музыкалық мектепке апаратын болса, енді репетиторға жетектейтін болды. Өздерінің балаға қарайтын уақыты жоқтарға да, «баланың бос уақытын репетитор толтырады», «методиканы білмеймін» деп басын ауыртқысы келмейтіндер үшін бұл амал. Біз балаларымызды шкаф сияқты көретін болдық. Шкафқа кейде керекті-керексіз заттарды толтырып сала бересің ғой, біз де баланың кішкентай басын біліммен толтырып қойғымыз келеді.

P.S. Бір жағынан, елдің репетиторға баратынына қуанасың, бұл – олардың өз таңдауы, оқысам, білсем деген ниеті, екінші жағынан, білім жү­йесінің келешегі алаңдататады, өйткені жеке сабақ берумен ғана әжептәуір табыс табуға болатынын түсінген жақсы мұғалімдердің мектептен кетіп жатқаны туралы жиі болмаса да еститін болдық. Егер жағдай осылай сипат алса, келешекте мектепке барып уақыт шығындап қайтеді, одан да баламды жеке репетиторға оқытып аламын дейтін шығармыз. Репетиторларды білім таратушы бірегей тұлға көретін жағдайға жеткеніміз білім саласының құлдырауын білдірмей ме… Түсінбеген баланы сабақтан кейін алып қалып, қайтадан ежіктеп отыратын немесе қосымша сабаққа шақыратын бұрынғыдай заман қайда?!..

Жадыра ШАМҰРАТОВА

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button