Басты ақпарат

Көлік картасы қаржыны көлеңкелі айналымнан шығарды

Елордада «Қоғамдық көлік: реформалар және даму жолдары» тақырыбында өткен кон­ференцияда автобус парктерінің қызметі, қоғам­дық көлік саласының түйткілдері мен оны шешу жолдары әңгіме өзегіне айналды. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов таратып айтты.

Жолаушыларды тасымалдау нарығы ай сайын 1,3 млрд теңгені құрайды

Өткен 9 айдың ішінде жо­лау­­шылар тасымалдау нарығының көлемі 15 млрд теңгеден ас­қан. Яғни ай сайын орташа есеппен 1,3 млрд теңгені құрайды немесе 20 млн транзакция жасалады деген сөз. «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, сараландырған тарифті енгізгенге дейін жолау­шылар қоғамдық көліктерде күніне 9 млн теңге сомасында валидация жасаған болса, аталған өзгерістерден кейін бұл сома бірден 32 млн теңгеге жеткен.
Тасымалдаушылардың табысы бір жылда 40 пайызға артқан. Мысалы, 2018 жылдың мамыр айында автопарктер 1 047,1 млн теңге табыс тапса (оның 75%-ы жыр­тылып берілетін билеттер), 2019 жылы мамыр айында бұл сома 1 529,3 млн теңгеге жетті. Төлемдердің 7 пайызы ғана қолма-қол ақшамен жасалған.

Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы:

– Нақты есепке шаққанда жолаушының тасымалдау құны 90 теңгеден де, 180 теңгеден де қымбаттау болуы тиіс. Әйтпесе ол тасымалдау құнын ақтамайды. Жолақы құнының есептік және белгіленген тарифтер бойынша құралады. Есептік тариф – тасымалдау құнының нақты көрсеткіші. Ол тасымалдаушының маршруттарға қызмет көрсетуге арналған шығындарын ескере отырып қалыптасады. Оған көліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету, жүргізушілер мен бақылаушылардың жалақысы және т.б. шығындар кіреді.

– Сараланған тарифтер енгі­зілгеннен кейін 10 күн өткен соң оның нәтижесін анық көре бастадық. Көлік картасын пайдаланушылардың саны бірден 20 пайызға ұлғайып, жолақысын қолма-қол төлеу азайды. Соның арқасында қаржының 15 пайызы көлеңкелі айналымнан шықты, – деді ол.
Айта кетейік, автопарктердің кірісі артуымен бірге шығыны да өскен. Қызметкерлердің штаты ұлғайып, жалақылары көтерілді. Автоқұралдардың ағымдық жөндеуі мен күнделікті күтіміне жұмсалатын қаражат көбейді. Оның үстіне жолаушылар тасымалдау қызметінің кірісі мен шығысының арақатынасы бойынша сәйкессіздіктер бар екен.
– Нақты есепке шаққанда жолаушының тасымалдау құны 90 теңгеден де, 180 теңгеден де қымбаттау болуы тиіс. Әйтпесе ол тасымалдау құнын ақтамайды. Жолақы құнының есептік және белгіленген тарифтер бо­йынша құралады. Есептік тариф – тасымалдау құнының нақты көрсеткіші. Ол тасымалдаушының маршруттарға қызмет көрсетуге арналған шығындарын ескере отырып қалыптасады. Оған көліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету, жүргізушілер мен бақылаушылардың жалақысы және т.б. шығындар кіреді, – деп түсіндірді «Астана LRT» басшысы.
Осы есепке сүйенсек, қалалық маршруттың автобустарында бір реттік жолда жүру құны 198,8 теңгені құрайды. Жолаушы оның тек 45 пайызын ғана төлейді. Оған серіктес компаниялармен көлік картасын толтыру және жол жүру ақысын төлеу шығындарын, әрбір транзакция­дан комиссия алатынын ескеру керек. Аталған комиссияны жолаушылар төлемейді, ол да «Астана LRT» ЖШС-ның есебінен төленеді. Сондықтан жолаушыларды тасымалдау қызметінің кірісі мен шығысындағы осы айырмашылық не бюджет есебінен өтелуі керек, не тарифті көтеру қажет.

Биыл жолақы қымбаттамайды

– Дәл қазіргі күні тарифті өзгерту туралы әңгіме көтеріліп отыр­ған жоқ. Биылша ол 90 теңге деңгейінде қалады. Бірақ қалай дегенмен де, жолаушылар тасымалдау қызметін субсидиялау өзекті күйінде қалып отыр. Біздің есебімізше, автобус парктеріне субсидиялауға жылына 15,7 млрд теңге қажет, – деп мәлім етті төраға.
«Астана LRT» ЖШС басшысы­ның айтуынша, 2020 жылы «бюд­­жеттің мүмкіндігіне қарай» қо­ғамдық көлік тарифтері міндетті түрде талқыланатын болады.
– Аталған мәселе сараптама­лық есептеулерден кейін тариф­тік комиссияның қарауына жіберілетін болады. Ол қоғамдық кеңесте, қалалық мәслихатта талқыланады. Біз қалалықтарға қолайлы болатын жаңа тариф енгіземіз немесе қызмет шығынын бюджет есебінен өтеудің жолдарын қарастырамыз. Оған наразы болудың реті жоқ, – деді.
Барлық бағдарлар анық­талған. Бұған қоса, қаланың жартысы қоғамдық көлікпен жүреді. Сондықтан қазір наразылық толқынын туындатудың мәні де жоқ. Әкімдікпен бірлесе отырып көпшіліктің көңілінен шығатын оңтайлы шешім табамыз деп ойлаймын, – деп үміттендірді компания басшысы.
Қоғамдық көлікте электронды төлем жүйесі енгізілгеннен бері елордада жеңілдікпен жүретіндер мен мектеп оқушыларының нақты санын анықтау мүмкін болған. Мәселен, бүгінде электрондық жеңілдетілген төлем жүйесі бар азаматтар күн сайын 80 мың рет жол жүрген.
– Қалалық билік автобустарда жеңілдікпен жүріп-тұру құқы бар азаматтарды тасымалдау шығынын субсидиялауға жыл сайын 1 млрд 300 млн теңге бөледі, бірақ бұл санаттағы тасымал­дауға 4 млрд теңге жұмсалады. Бұл да шешімін күтіп отырған көкейкесті мәселе, – дейді «Астана LRT» басшысы.
Сондай-ақ көлік карталарын пайдаланушылардың 1 сағат ішінде екінші автобусты ауысып міну мүмкіндігі қарастырылған. Күн сайын қоғамдық көлікті тегін ауыстырып мінетін жолау­шылардың саны 100 мыңға де­йін жеткен. Соның нәтижесінде елордалықтар күн сайын 8-9 млн теңге үнемдейді.

Сегіз мың адам жолақысын төлеуден жалтарған

Биыл қаланың автобус паркі 70 пайызға жаңарған, жаңадан 100 электрлі автобустар сатып алынған.
– Қоғамдық көліктерді пайдаланатын елордалықтардың саны жылдан-жылға артып келеді. Өз кезегімізде тасымалдау қызметінің ыңғайлы болуы үшін түрлі бастамаларды қолға алып отырмыз. Қазіргі кезде астана тұрғындары 2gis, AstraBus және Senim үш мобильді қосымшаларын белсенді пайдаланады. Тиімді өзгерістерге халық куә. Дегенмен, қоғамдық көлікте жолақы төлегісі келмейтіндер де баршылық, – деп қынжылыс білдірді Б.Игенбердинов.
Айтайық, есепті мерзім ішінде автобустарда жолақысын төлемей, билетсіз жүрген 8284 жолау­шы ұсталған. Оларға 41 834 200 теңге айыппұл салынған.
Сондай-ақ «Астана LRT» ЖШС автобуста Visa банк карталары арқылы төлеу жүйесін енгізді. Қазіргі күні қала бойынша 20 маршрутта Visa банк картасы арқылы төлем жасауға болады. Бұл астаналықтар үшін ғана емес, басқа өңірлерден және шетелден келген меймандар үшін де ыңғайлы. Сонда оларға көлік картасын сатып алу мұқтаждығы туындамайды. Мәселен, туристер қоғамдық көліктерде халықаралық карта арқылы жолақысын төлеп жүре береді.
– Жоба әзірге тестілік режимде іске асырылып жатыр. Жол жүру ақысы кәдімгі көлік картасымен төлегендей 90 теңгені құрайды. Комиссия алынбайды. Қазіргі уақытта Visa картасын пайдаланушылар үшін акция басталды. Енді банк картасымен төлейтіндер үшін жолақы бағасы 45 теңге болды» дейді «Астана LRT» басшысы.
Конференцияда қоғамдық көліктің қызметіне қатысты көптеген мәселелер айтылды. Автопарктердің басшылары кәсіпорындардың жағдайымен таныстырды. Өздерін толғандырып жүрген түйткілдермен бөлісті. Әсіресе, жүргізушілердің тапшылығына баса назар аудартты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button