Айтпайын-ақ деп едім!

Салдарымен емес, себебімен күресейік



Соңғы кездері әлеуметтік желіде Fortebank-тің «Казахский язык – не обязательно» деген сөзі біраз шуға ұласты. Осы сөзге бола аталған банкті қара есекке теріс мінгізіп, «банк Қазақстандағы жұмысын тоқтатсын» деген талапты айтып жатқан азаматтар да бар. Бір қарасаң, орынды талап сияқты, бірақ «Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек» деп Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, тіл мәселесі әлеуметтік желідегі айқаймен шешілмейді.

Ұлттық банктің мәлі­метіне сүйенсек, Қазақстанда екінші деңгейлі 21 банк бар. Ал бұл банктер қай тілде сөйлейді? Жалпы банктердің және басқа да салалардың қазақшасының ақсап тұрғаны бүгін пайда болған жыр емес. Ел тәуел­сіздік алған жылдардан бері қазақ тілінің жағдайы туралы сан түрлі пікір айтылды, көбі айтылған жерінен аспай қалып жатты. Депутаттардың Мемлекеттік тіл туралы заң керек деген талпынысынан да әлі ештеңе өнген жоқ. Оның үстіне Қазақстандағы барлық жүйе орыс тіліне бейім болғандықтан, көп орында орыс тілінің десі басым. Тек банктер ғана емес, халыққа қызмет көрсету орталықтарында да «Қазақшасы жоқ па?» деп сұрамасаң, қызметкерлер қажетті қағаздардың орысшасын бере салуға бейім тұрады. Неге? Өйткені біздің билік те, халық та қазақ тіліне қарағанда орысша жазып-сызуды жеңіл көреді. Екінші тұрғыдан алғанда, орысша іс қағаздарына жұрттың бойы да, ойы да үйреніп кеткен. Оның үстіне, Қазақстанда орысша білмесең жан баға алмайсың деген көзқарас әлі де басым. Орысшаның ортақ тілге айналып кеткені соншалық, қазір қай саладан жұмыс іздесең де, алдымен «Орысша білесің бе?» деп сұрайды. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлерге де осындай талап қойылады. Мемлекеттік органдарда қазақ тілін білмесе де, орыс тілін судай сөйлейтін қызметкерлердің көптігінің бір себебі осында.

Мемлекет басшысы «Қазақстан халқын ұйыс­тыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар» деп сан рет қайталағанымен, бұл мақсат шын мәнінде орындалмай келеді. Өйткені біздің елде «мұндай маңыз­ды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді сая­силандырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес» деген сая­си қырағылық өте күшті. Осы жағдайға байланысты біздің билік Ата заңымызда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға басқан таңбадай анық жазылып тұрса да, «барлық салада, бүкіл іс қағаздары мемлекеттік тілде жазылсын, жиналыстар мемлекеттік тілде өткізіліп, елдің заң, жарлықтары толықтай мемлекеттік тілде дайындалсын» деген талапты ашық қоя алмай отыр. Сосын да Fortebank сияқтылар «Казахский язык – не обязательно» деп айылын жимай, ашық айта береді.

Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі – ешқашан мәнін жоғалтпайтын даналық. Ахаң айт­қан сөздің ақиқат екенін ЮНЕСКО-ның аясында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» басқосуында лингвист ғалымдар да қуаттады. Ғалымдар әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тілдің жойылатынын дәлел ретінде келтіріп отыр. Осыған қарап, әлемдегі 7 мыңға жуық тілдің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтты. Егер біз тек саяси мүддені басты орынға қойып, ұлттың ұлы құндылығын ескермесек, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін. Өйткені жаһандану үрдісінің толқыны біздің елді де айналып өтпейтіні анық.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button