Басты ақпаратҚала мен Сала

Салық төлеушілерден Астана бюджетіне қанша қаржы түсті?



Салықтан жалтаратындармен қандай жұ­мыс жүр­гі­зіледі? Уақытылы төлем жа­са­­ғандар қалай пайда таба алады? Осы және өзге сұрақтардың жауабын қалалық Мем­лекеттік кіріс департаменті басшысының орын­басары Қанат Әділбаевтың берген сұх­батынан біле аласыздар.

– Қанат Серікқанұлы, жыл басынан бастап жаңа салық кодексі күшіне енді. Мақсат – көлеңкелі бизнестің тамырына балта шабу, салық базасын кеңейту, кірістерді жалпылай декларациялау науқанында басқару механизмін жеңілдетіп, арнайы салық режимдерін енгізу. Жаңа жүйе салықтарды жинауды жеңілдетті ме?
– Бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету мемлекеттік кіріс органдарының бас­ты міндеті екені белгілі. Келіп түсетін салықтардың есебінен қалаға қажетті шығындарды қаржыландыруға болады. Жол жөндеуге болсын, әлеуметтік, білім беру, мәдени бағдарламаларды жүзеге асыруға болсын халықтың ортақ қазынасынан алынады. 2017 жылда салық төлеушілерден бюджетке 990 млрд теңге келіп түсті, оның 746 миллиар­ды республикаға бағытталса, қалғаны Астана бюджетіне тиесілі. Белгіленген жос­пар 102,2 пайызға орындалды. Ал қазіргі таңда мемлекеттік бюджетке 310,8 млрд теңгеден астам табыс келіп түсті. Бұл дегеніміз салықты басқару жүйесінің жақсарғанын білдіреді.

– Жүйе қаншалықты жеңілдетілген? Бұрындағыдай тексерулер жасап, рейдтерге шығып тұрмайсыздар ма?
– Бүгінде салық төлеуден жалтарғысы келетіндерді анықтау үшін сараптамалық жұмысқа көштік. Біз алдымен салық төлеушіге өзіне төнген қауіп-қатерді бағалап, салық міндеттерін толықтай өтеуге мүмкіндік береміз. Бұл бизнесті тексерумен тең, жақсы нәтижеге жетелейді. Кәсіпкерлерге алдын ала ескерту жасау – бюджетке салықтың түсуін қадағалап, анализ жүргізу деген сөз. Қазір тәуекел деңгейін бағалайтын критерийлер бойынша жіті тексерілуі тиіс салық субъектілері іріктеліп, анықталып жатыр. Камералық бақылау – салық органдары тарапынан жүргізілетін бақылаудың басты бөлігі. 2019 жылдан бастап салық төлеушілермен тәуекел басқару жүйесі арқылы жұмыс жүргізілмек. Яғни, салық есебін анализ нәтижесі мен салық төлеушінің қызметі туралы ақпарат негізінде барлық салық төлеушілер түрлі деңгейге бөлінеді. Төмен, орташа және жоғары санаттарға сәйкес тиісті шара қолданылады. Айта кету қажет, тәуекел деңгейі төмен болса, кәсіпкерге қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Олар тексеруден өтпей, есеп беру мен берешекті өтеу мерзімін ұзарта алады. Орташа деңгейге әкімшілендірудің қалыпты тетіктері қолданылатын хабарламалар жіберіледі. Ал заңды белінен басқан салық төлеушілерді жіті қадағалап, салық міндеттерін орындамаған жағдайда қатаң шаралар қолданылады.

– Демек төмен санатқа, басқаша айтқанда, «жасыл топқа» жататын субъектілер жайбарақат жүре ала ма?
– Алдымен салық есептерінің дұ­рыс­тығы туралы шешім мұқият тек­серіліп алынады. Егер салық төлеуші шығындарды көбейтіп, жалған фирмалармен келісімшарт жасасып, жалақыны «конвертте» төлесе, болмаса салықтан жалтарудың түрлі тәсілдерін пайдалана отырып, өз салық міндеттерін мақсатты түрде төмендетсе біз оны қабылдауға шақырамыз. Мемлекеттік кіріс басқармасы сараптамалық жұмысының нәтижесін салық төлеушіге жібереді. Әңгімелесуге келіп, комиссияның анализіне мән беріп, жұмысындағы барлық кем-кетікті жойған жағдайда қорқатын ешнәрсе жоқ.

– Астанада салық төлеуден қаша­тындар көп пе?
– Камералық бақылаудың арқасында құзыретті мемлекеттік органдар мәлімдемесіне, салық төлеушінің іс-әрекеті туралы ақпаратқа және өзге де құжаттарға жол ашылды. Енді соларға қарап, мұндағы мәліметтердің қаншалықты шындыққа жанасымды екенін тексеріп көруге болады. Мәселен, Астанада мүлік салығын есептеу үшін 828 коммерциялық жылжымайтын мүліктің 1 шаршы метрі 10 мың теңгеден аспайтыны анықталды дейік. Ал 1415 нысанның 1 шаршы метрі 10-50 мың теңге деп бағаланған. 904 мүліктің 1 шаршы метрі 50-100 мың теңгеге, 1121 нысанның 1 шаршы метрі 100-200 мың теңгеге дейін барған. Алайда елордадағы нарықта коммерциялық нысанның 1 шаршы метрі 200 мың теңгеден асып жығылады. Тиісті шара қолданғаннан кейін 16 салық төлеуші мүліктерін қайта бағалап, 576,9 миллион теңге мөлшерінде қосымша декларация тапсырды.
«Конверттегі» жалақы, мейрамхана қожайындарының шынайы табысын жасыруы, базар бастықтарының бизнесті «бөлісуі» – осындай фактілерді анықтау үшін кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Негізі, жұмысшы жалақысынан ұстап қалынатын әлеуметтік және салық төлемдерін, міндетті зейнетақы жарналарын аудармау басшылыққа тиімді. Себебі осылайша үнемдеуге болады. Бұл жағдайда «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексінің нормаларымен қатар «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңнамасы, «Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы» заңы, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңы және Еңбек кодексі бұзылады.
Салықтарды толығымен төлеуден жалтаратын алақол жұмыс берушілерді іздестіру нәтижесінде жеке табыс салығы есебінде қосымша 101,9 млн теңге аударылып, фондқа 1,5 млрд теңге мөлшерінде табыс түсті. Ал жалақы деңгейін төмендетіп көрсететін 307 кәсіпкер 37,8 млн теңге көлемінде салық төледі.

– Қазақстанда салық жүйесі барынша жеңілдетілген деген пікір бар. Бұл асыра сілтеушілік емес пе?
– Жоқ, расымен де солай. Өзіңіз бағамдап көріңіз, шағын және орта бизнесті дамыту үшін арнайы салық режимі сақталды. Оларға патент негізінде салық тәртібі, жеңілдетілген немесе жалпылай декларациясы қолданылады. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша төртінші жүйе енгізілді. Жаңа жүйе бойынша салық төлеуші өз түсімінің отыз пайызын растаусыз шегере алады. Осы шаралардың арқасында экономиканың түрлі салалары ынталандыруға ие болды. Мемлекеттік саясат адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталады. Сондықтан 2020 жылдан бастап елімізде енгізілетін жалпы декларация қарсаңында барлық азаматтарды және бизнес-қауымдастықты заң аясында жұмыс істеуге шақырамыз. Мемлекеттік кіріс органдарында жылжымайтын мүліктерін тіркеп, салық міндеттерін уақытылы төлеу қажет екенін ескертеміз. 2020 жылы 13 миллионға жуық қазақстандық декларация тапсыруы тиіс.

Сұхбаттасқан
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button