Мәдениет

Жалықтырмайтын жаңа фильм



Осы айда кинотеатрларға жол тартқан отандық «Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмі 2018 жылдың таңдаулы коммерциялық кинокартиналарының біріне айналатыны сөзсіз. Неліктен?

Динамикалық сюжет. Қор биржаларында қомақты қаржымен айналысатын екі достың шиеленіске толы оқиғасы көрерменнің назарын ұстап отырады. Драматургиялық тосын бұрылыс­тардан «ары қарай не болар екен?» деген сұрақ көрермендерді мазалайтыны анық. Қолданылған детальдар көрерменге кейіпкердің болмысын ашуға көмектеседі. Фильмдегі соңғы эпизодтардың біріндегі Таирға ұсынылатын есірткі мен қағаз ақшаны қырағы көрермен болмаса, көпшілік оның не үшін қойылғанын аңғармай қалуы әбден мүмкін.

Ұқсастық. Көптеген көрермен фильмді америкалық «Уолл-стриттегі көкжал» («The Wolf of Wall Street») картинасымен ұқсастырады. Иә, форматы, сюжеті ұқсауы мүмкін. Бірақ «Қаржыгер»-дің өзіндік стилистикасы мен айтары бар. Екі фильмдегі айырмашылық – отандық фильмімізде қазақи менталитет бой көтереді. «Бәкенің» ықпалы, жақын адамдарыңа көмек қылу сынды өзімізге тән ерекшеліктерді көреміз. «Уолл-стрит» фильміндегідей шектен тыс анайы сахналар кездеспейді. «Қаржыгер» фильмі көрерменге ой тастаса, «Уолл-стрит» фильмі бәрі де соншалықты оңай немесе соншалықты қиын болуы мүмкін деген тұжырым береді.

Бір әттеген-айы. Таир мен Альмираның желісі толық ашылмаған. Сондай-ақ бірнеше финалдың болуы көрермендерді түсініксіз сезімге бөлейді. Оның бір дәлелі – фильмнің соңындағы музыканың орынсыз қолданылуы.

Тың бағыт. 2018 жылы 20-ға жуық коммерциялық картиналар таспаланды. Солардың ішінен тақырыбы мен техникалық жағынан ілгері тұрған драма жанрындағы «Алтыншы пост», «Әміре» сынды туындыларды ғана еске түсіре аламыз. Комедиялардың саны көп болғанымен, сапасы ақсаңдап тұрғаны көпке мәлім. Осы жылғы криминалды драма жанрында жарыққа шыққан алғашқы кинокартинаның үздіктер қатарынан табылу себебі – мамандандырылған киногерлердің бірігуінде. Дебютант-режиссер Елена Лисасина және сценарий авторы Дмитрий Богомолов БМКИ (ВГИК) – түлектері. Сатыбалды Нарымбетовтың көркемдік жетекшілігі мен Анна Чакиртованың продюсер-кеңесшілік қызметі фильмнің барынша сапалы шығуына әсер еткендей. Бас продюсер Ерболат Байганиннің қаржыгер маман болғаны – актер, режиссердің жұмысын жеңілдеткені сөзсіз. Соңғы жылдары көрерменге жол тартқан қазақ кинокартиналарында сирек кездесетін таза дыбыс, шебер жасалған дубляж фильмнің сапасын жоғарылатып тұр.

Актерлердің жаңа қыры. Жаңа ер адамдық тамаша дуэт пайда болды. Асылхан Төлепов жаңа қырынан ашылды. Атқа шауып, садақ атқан жеткіншектен тамаша ұйымдастырушы, сауда адамын көргенімізде Асылханның жаңа деңгейге көтерілгенін байқадық. Сондай-ақ театр және кино актері Шыңғыс Капинның кинодағы алғашқы басты рөлі ауыз толтырып айтарлықтай сәтті болып шықты. Былтырғы жылдың «Неделимое» криминалдық драмасында да жақсы нәтиже көрсеткен актердің кезекті рөлі оның «оң жамбасына» келіп, жоғарғы деңгейде алып шықты. Одан бөлек, фильмнің барынша шынайы шығуына үлкен әсер еткен Бақытжан Әлпейісов, Алдабек Шалбаев сынды қазақ киносының аға буын өкілдерімен қоса, жаңадан пайда болған консильери бейнесі ерекше сезімге бөлейді. Филипп Волошиннің сомдауындағы консильери бейнесі есте қаларлық. Актердің образды дәл, нақышында сомдауы соншалықты – Волошиннің кейіпкері экранда пайда болғанда денеңізден суық діріл жүріп өтуі бек мүмкін.

Түйін. Үлкен экранды жаулап алған арзан комедиялардан ерекшеленетін «Қаржыгер. Шығу ойыны» картинасының жарыққа шығуы – қазақ коммерциялық өнімдерінің бір сатыға жоғарылағанының дәлелі. Әрине, бұл көңіл қуантарлық жайт.

Еңлік ЕГЕУБАЕВА

Қазақ ұлттық өнер

университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button