САРЫАРҚА РУХЫН САҚТАП ҚАЛҒАН
Әйгілі Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірттерінің бірі болып, абыз жазушының үлкен сенімін арқалаған Нұрғожа Ораздың есімі бүгінде халыққа кеңінен танымал. 1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап қолынан қаламын бір сәтке де тастамаған ақын әдебиетке «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Дала демі» атты жинақтар берді. Өмірдің өзінен өрілген ақын өлеңдері жарты ғасыр бұрын-ақ халықтан шынайы бағасын алды. Қиял қанатында қалықтаған шайыр өлең өлкесіндегі өзіндік өрнектерін тіршіліктің тыныстарынан ешқашан алшақтатқан емес. Парасат биігінен ой толғайтын ақынның әрқашан оқырманына айтары бар.
Нұрғожа Ораздың сахна саңлақтары Серке Қожамқұловпен, Қапан Бадыровпен, қалам қайраткерлері Мұқағали Мақатаевпен, Сырбай Мәуленовпен, Қадыр Мырзалиевпен және Тұманбай Молдағалиевпен достығы да ерекше айтылады. Ғабит Мүсірепов пен Әбділда Тәжібаевқа іні болғандығы да аңызға бергісіз кезеңдер. Және ақынның әдебиеттен бөлек қайраткерлігін де халық біледі. Қазақтың белгілі ақыны Нұрлан Оразалиннің сөзімен айтсақ, «Сарыарқаның рухын сақтап қалған» Нұрғожа Ораз байырғы Ақмоладағы көше атауларының қазақшалануына едәуір еңбек сіңірген тұлға. Туған әдебиетіміздің, жалпы руханиятымыздың да солтүстік өңірлердегі өркеніне ерекше үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгерлердің бірі. Әсіресе, кешегі кеңестік кезеңде ат төбеліндей ғана жергілікті ақын-жазушылар Арқа төсіндегі қазақ ділі мен тілінің тамырынан ажырап кетпеуіне еңбек сіңірді. Олардың арасында Нұрғожа Ораз да бар болатын. Сол кезеңдерде Целиноград жерінде айтыс ұйымдастырудың өзі қиын еді. Қазақы болмысқа негізделген айтыс өнерінің табиғаты кеңестік көзқараспен көп жағдайда сәйкес келе бермейтін. Сондай «сарығына ас құйып, сабына қарауыл қойған» әсіресақ әрі кінәмшіл кеңестік тұқыртпа талаптың белінен басып, Нұрғожа Нарынбайұлы өткен ғасырдың 70-80 жылдары Сарыарқа төрінде ақындар айтысын өткізді. Оған белгілі қоғам қайраткері, мәдениет жанашыры болған көрнекті тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің берген бағасы тарихтан белгілі.
2 қараша күні Конгресс-холл сарайында белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың «Сағындырған Сарыарқа» атты шығармашылық кеші өтті. Барлық саналы ғұмырын ар ісі – әдебиетке арнаған ақынның мерейлі кешінің бастауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хаты оқылды. Хатта Мұхтар Абрарұлы сексеннің сеңгіріне шыққан қарт қаламгердің әдебиетке сіңірген еңбегін лайықты бағалап, алдағы уақыттарда да ар ісінде абыройлы болуына тілектестік білдірген. Сондай-ақ, мерейгерге «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы басшылығының атынан, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары атынан, еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының басшылықтары атынан құттықтау хаттар келіп түсті.
Ал, кешті салтанатты түрде ашу үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың құттықтау хатын министрдің орынбасары Асқар Бөрібаев оқып берді. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің мерейтой иесіне деген ыстық ықыласын Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов жеткізді. Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, әдебиет ақсақалы Серік Қирабаев қаламдас інісіне «Биік таулар ылғи шың мен қиядан тұрмайды. Таулардың мерейін асырып тұратын алып жоталары болады. Әр ақын өз заманының жыршысы, тағдырмен тайталасып жүріп әдебиетті жасайды. Нұрғожа Ораз – сондай алып жоталардың бірі» деп баға берді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Нұрлан Оразалин, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов те қаламдас ағаларына деген інілік ілтипатын білдіріп, иығына шапан жапты.
Нұрғожа Ораз қаламгерлік қызметінен бөлек Арқа өңірінің қаламгерлеріне рухани тұрғыдан қолдау көрсету мақсатында «Сарыарқа» әдеби-танымдық журналын шығарды. Жергілікті таланттардың танылуына жол ашты. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында елеулі істер тындырды. Ал, әдебиеттегі алған асулары, көтерілген биігі өз алдына.
Хамит ЕСАМАН