SportБасты ақпарат

Сәтті маусым: 33/66-22/77



Футболдан ел біріншілігінің кезекті маусымы мәресіне жетті. ­11 қараша күні ҚПЛ-дың қорытынды 33-тур ойындары өтті.

Мерзімінен бұрын чемпион атанып, мұның алдында басты қарсыласы «Қайратты» мойындатып қойған «Астанаға» соңғы турда өзін зор көрсетудің қажеті шамалы еді. Бірақ есесін жібермейтін елордалықтар көш соңында ілініп-салынып, әупіріммен тұрған Павлодардың «Ертісін» ойсырата ұтты. Астана Аренада өткен ойын 4:0 есебімен аяқталды. Бір голды Рангело Янга салса, қалған үш гол – Марин Томасовтың еншісінде. Бір жағынан бұл ірі есеп чемпионның турнир кестесіндегі жекелеген көрсеткіштерін әдемі кестелеуге сеп болды. Дәлірек айтсақ, 33 ойында ең көп гол салған және ең аз гол жіберген команда болды: 66-22. Ал қорытынды ұпайы – 77. Сөйтіп «Астана» қатарынан бесінші рет чемпион атанды. Енді жеңісті жолын Еуропа лигасында жалғастыра береді деп үміттенеміз.
Ал 62 ұпаймен екінші орынды алған Алматының «Қайраты» өз алаңында Қарағандының «Шахтерімен» тең ойнады. Бұл есептің «Қайрат» үшін маңызы болмаса да, бір ұпай алып, 9-орынға тұрақтаған «Шахтер» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Осы ойынның есте қаларлығы, алматылық клубта үш мау­сым доп тепкен Ресейдің атақты футболшысы Андрей Аршавин жанкүйерлерімен қоштасты. Ол «Қайрат» сапында жүзден аса матч өткізіп, 30 гол соққан және 37 нәтижелі пас шығарған.
Қола жүлдеге қол жеткізген Қос­танайдың «Тобылы» «Қызылжарды» 3:0 етіп жеңіп, жалпы 53 ұпай жинады.
Осылайша алғашқы үштіктен «Астана» Чемпиондар лигасына, ал «Қайрат» пен «Тобыл» Еуропа лигасына жолдама алды. Енді 24 қарашада «Қайрат» пен «Атырау» ойнайтын Қазақстан кубогының финалынан кейін төртінші жолдаманың иесі белгілі болады.
Көшбасшылары анықталып қой­ған ҚПЛ-дың қорытынды турында тартыс, негізінен, ұпайлары шамалас кесте соңындағы командалар арасында өтті. Қалған ойындарды шолып өтсек, «Жетісу» «Ақжайықты» 3:1, «Ордабасы» «Атырауды» 1:0 есебімен ұтты. Ал «Ақтөбе» өз жерінде «Қайсарға» 0:2 есебімен жол берді.
Сөйтіп ел футболының таңдау­лы лигасымен «Қызылжар» мен «Ақжайық» қош айтысты. Премьер-лигаға қатысу құқын 16 қараша және 20 қараша күндері «Ертіс» пен Шымкенттің «Қыран» клубы сарапқа салады.
Ал маусымның үздік сұрмергені 19 гол соққан «Ақтөбенің» жартылай қорғаушысы Маркос Пиззелли болды.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button