Басты ақпаратҚұқық

Тергеу соты заңсыздықтың жолын кеседі

Ұлт жоспарының 100 нақты қадамында адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктердің біртіндеп тергеу судьясына берілуі арқылы сотта айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету қажет екендігі көрсетілген еді. Осыған орай еліміздің қылмыстық заңы мен қылмыстық процестік кодексі заман талабына орай толықтырылды. Атап айтқанда, 2018 жылдың 10 қаңтардағы Елбасының Жарлығымен елімізде мамандандырылған тергеу соттары құрылды. Тергеу соттары өз жұмысын ағымдағы жылдың 31 шілдесінен бастады.

Қазір осы бағытта қылмыс жасап, жазаланғандарға ізгілік таныту, тергеу және қылмыстық істерді қайта қарау үдерістері оңтайландырып, кейбір тұстарын жетілдіру негізінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мұндағы негізгі мақсат – азаматтардың құқықтарын барынша қамтамасыз ету.
Тергеу соты тергеу органдарының азаматтардың құқықтарын шектейтін іс-әрекеттеріне, күдіктілерді қамауда ұстау, үй күзеті, кепілдік анықтау сияқты бұлтартпау шараларына, кейбір жасырын тергеу әрекеттеріне санкция беруді, прокуратура және қылмыс­тық қудалау органдарының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне шағымдарды қарайды.
Тергеу соты судьясының құзырына қамаудағы адамдарды бұлтартпау шарасын қабылдау, үйқамақ немесе экстрадициялық қамау, қызметінен шеттету, кепілдеме қабылдау, мүлікке тыйым салу, мүрдені қайта қазып алу, халықаралық іздеу жариялау, тергеу орындарының салғырттығына қатыс­ты шағым қабылдау кіреді. Мұның алдында мұндай шешімдерді прокурор шығарып келсе, енді тергеу сотының судьясы өзі тараптардың қатысуымен процесуалды шешім шығара алады. Өткен үш жылдағы тергеу судьяларының жұмысы жасалған оңтайлы қадамдардың дұрыстығын нақты дәлелдеп берді.
Қазақстандағы сот жүйесі ұдайы дамып, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуде. Бүгінгі таңда осы сот-құқықтық реформасының қарқыны ТМД аумағындағы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда алда екенін халықаралық қауымдастық мойындай бастады.
Азаматтардың құқын қорғау, қоғамды ізгілендіру мәселелері қазір қоғамда бұрынғы қай кезден де өткір қойылып отыр. Осыған орай жоғарыда атап өткеніміздей, қылмыс­тық, Қылмыстық-процестік кодекске айтарлықтай өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, қылмыстық кодекстегі кейбір санкцияларға қоғамдық жұмыстарға салу сияқты балама жаза түрлері белгіленіп отыр. Жиі кездесетін орта дәрежедегі қылмыс түрлері 188-бап (ұрлық), 189-бап (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап жасау), 190-бап (алаяқтық), 191-бап (тонау), 194-бап (бопсалау), 200-бап (автокөлікті ұрлау мақсатында айдап кету), 293-баптарға (бұзақылық) қылмыстық кодексте қоғамдық жұмыстарға жегу жазасы да қарастырылған. Жазаның мұндай балама түрлері, сөз жоқ, ізгілендіру мақсатынан туындап отыр.

Кеңестік кезеңнің тәжірибесінен байқалғандай, қылмыс жасағандарды жаппай түрмеге қамау, олардың түзелуіне көбіне мүмкіндік бере бермейтіндігі көрінді. Мұндай адамдар қоғамға қайта оралған кезде жұмысқа орналаса алмайды, білім алып, қалыпты өмірге түсіп кетуі де аса қиынға соғады екен. Сосын қайта қылмысқа баратын жағдайлар жиі кездеседі. Түптеп келгенде, бұдан қоғам да, олардың жақын-жуықтары да зардап шегеді.
Кейінгі кезде қоғам мен уақыттың талабына сәйкес жүзеге асып жатқан әрқилы жаңашылдықты, соның ішінде тергеу судьясы, тергеу соты тұрғысындағы өзекті ерекшеліктерді – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу барысында заң талаптарының сақталуына, адамның Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге жол берілмеуіне бағытталған іс шаралар деп түсіну қажет.
Сот саласында қолға алынған жаңашылдықтың бәрі халыққа тиімді қызмет көрсетуді, жұртшылық пен сот арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Мамандандырылған тергеу соттарын қолданысқа енгізудің астарында да азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді жоғары міндеттер тұр. Сот тергеуіне дейінгі әрекеттердің тергеу судьясының бақылауында болғаны өте дұрыс. Өйткені тергеу соты мұндай заңсыздықтардың жолын кеседі.
Оны біз өзіміздің күнделікті атқарып жатқан жұмыстарымыздан да айқын аңғарудамыз. Мәселен, 2018 жылдың 7 тамызында қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған адамның қорғаушысы Қылмыс­тық процестік кодекстің 105-бабына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеушісінің іс-әрекетіне қатысты шағым түсірді.
Тергеуші 2018 жылдың 13 тамызы күні шағымды қарап, қорғаушының өтінішін қанағаттандырмаған.
Сот отырысы барысында сот шағымды қорғаушы үстінен шағымданып отырған тергеушінің өзі қарағандығын анықтады. Яғни тергеуші өзінің іс әрекетіне түскен шағымды өзі қараған. Оның аталған Қылмыстық процестік кодекстің 105-бабына сай шағымды қаруға құқы жоқ болатын. Әрі тергеуші шағымды өтініш түрінде қарап, тәртіпте сай жауап бермеген.
Соның салдарынан, сотқа дейінгі тергеу органы шағымды қарау тәртібінде үш түрлі қателікке жол беріп отыр.
1) қылмыстық қудалау органы басшылары шағымды қарауды үстінен шағым түсіп отыр­ған адамға жүктеген; 2) тергеуші шағымды ҚПК 105-бабына сәйкес қарай алмайтындығын көрсетіп, басшылыққа қайтаруы керек еді, оны жасамаған; 3) шағым өтініш түрінде қаралған.
Аталған қателіктер шағымданушыға өз құқығын қорғауға мүмкіндік бермегендіктен, ол тергеу сотына жүгінуге мәжбүр болды.
Тергеу соты жоғарыда айтылған іс-әрекеттерді заңсыз деп тауып, тиісті органның атына сотқа дейінгі жекеше қаулы шығарды.
Екінші мысал. Астана қаласының тергеу соты жазасын өтеушінің қылмыстық қудалау органы тарапынан өзіне қатысты жәбір көрсетілгені, осы туралы оның арызын прокуратура сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізбесіне тіркемегені жөніндегі шағымын қарады.
Арызданушы көрсеткендей, прокуратура органы оның берген шағымы бойынша іс жүргізуге шешім қабылдап, алайда сотқа дейінгі тергеуді ұзын арқан, кең тұсауға салған.
Шағымданушы жәбір көрдім деп тергеу әрекетіне байланысты оны абақтыдан алып шығып, екі күн бойы тамақ бермеуін айтып отыр.
Тергеу соты арызданушының шағымын толық қанағаттандыру туралы қаулы шығарып, прокуратура органына оның шағымын сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізбесіне тіркеуді және сол бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуін міндеттеді.
Бұдан бөлек, сот прокуратура органы басшыларына да жекеше қаулы шығарды.
Тергеу судьясының міндеті – қылмыстық процестің аясына түскен азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету. Құқық бұзушылық жасады деп қойылған айыптың негізділігін тексеру, күдіктінің барлық процестік құқықтарын сақтау. Бұл – қылмыстық қудалауға іліккен адам үшін аса маңызды. Судьяның өз жұмысын барынша жауапкершілікпен, әділ атқаруы, кемшіліктерге жол бермеуі бұл қоғамның сот жүйесін бағалауының басты өлшемі екені сөзсіз.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button