Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Қағаз газеттің қауқары қайтқан жоқ

Бұдан он шақты жыл бұрын интернет пен әлеуметтік желілер дамуының кезекті өрлеу кезеңінде қағаз газеттердің болашағы жоқ екені, олардың веб-сайттармен бәсекеге түсе алмайтыны жайында әңгімелер күрт көтеріліп, бұл өзгерістер бұдан әрі бет қаратпай кете беретіндей болып көрінген. Әдетте, әлемде болып жататын барша жаңалықтарға жаппай ілесіп, оның игіліктері мен ишараларын өзге елдерден бұрын пайдаланып жүрген болып көрінуге құштар біздің қоғам сол «айтақтың» да алдына түсіп кетіп, сол кездері өзіндік бет-бейнесімен танылып қалған бірнеше басылымды қағаз газеттен порталдарға айналдырып жіберді. Мұның асығыстау адым, орашолақтау шешім болғанын көзі қарақты жұрт енді аңғарып жатыр.

Осы уақыт аралығында қағазға басылып шығатын баспасөз құралдары өздерінің өміршең ғана емес, әлі де өскелең екенін біртіндеп танытып үлгерді. Сөйтіп, әлемнің мүйіздері қарағайдай мерзімді басылымдарының да өзі көтере алмастай болып көрінген сындарлы кезең ақырын артта қалып, байырғы газеттер қайтадан қуат ала бастады. Бұл жаңа технологиялық заман тудырған цифрландыру дәуірі бұрыннан бай дәстүрлері бар қағаз газеттерді дамудың жаңа соқпақтарына қарай жетелей түскенін танытып берді.
Ал бастапқы кезде жағдай дәс­түрлі басылымдар үшін, шынында, еш үмітсіз үкімдей болып көрініп еді. Сол тұста қазіргі заманғы журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдары тарихта бұрын-соңды болмаған трансформация кезеңіне тап келді. Оны тек әйгілі Гамлеттің аузынан шығатын «Бола ма, болмай ма, міне, мәселе қайда жатыр?» деген риторикалық сұрақпен шендес­тіруге болар еді. Осы ретте кезінде Амстердам және Саутгемптон университеттерінің профессоры болған бұқаралық коммуникация теоретигі, британиялық социолог Дэнис МакКуэйлдің бүгінгі БАҚ экономика, саясат және технология деп аталатын үш аса маңызды күштің түйіскен жерінде тұрғаны туралы теориясы бірте-бірте өзін мойындата бастағаны ойға оралады. Міне, осы негізгі үш фактор масс-медианың ендігі дамуының алуан кезеңінде тиімділіктің әртүрлі деңгейінде шешуші әсер ететіні айқындала түсті. Бірақ осынау он жылдың көлемінде цифрлы технологияның масс-медиа әрекетіне араласуы мен белсенді түрде жаңа конвергентті орта қалыптастыруы үдерісіне мейлінше көбірек мән берілді.

Осылайша медиаға қатысты тех­нооптимистік көңіл күй айтарлықтай жылдам өріс алды да, интернет өз кезегінде оның бірден-бір мүмкін негізгі платформасы саналды. Медианы дамытудың бірыңғай цифрлы бағытын жақтаушылар баспасөздің келешектегі кемелділігін тек осымен байланыстыра қарастыруға бейім тұрды. Олардың түсінігінше, бұрынғы таптаурын жолдан таймаған, жаңа заманның техногендік жаңалықтарынан хабары жоқ бас редакторлар өткеннің тәжірибесінен қол жазбаулары салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарының адымына шідерлі тұсау салып қана қоймайды, сонымен қатар саланы біржола тұқыртып, күйретуге алып барады. Сондықтан қазір біз дәстүрлі БАҚ-тардың мүлдем жойылып кетуі мен болашақты құрту секілді үлкен қатердің алдында тұрмыз. Ал мәселе осылай ашықтан-ашық қойылып отырған тұста болашақты қалай құртып жіберуге болады? Былайынша, жоғалтар нәрсеміз де оншалықты маңыз­ды емес: дәстүрлі БАҚ дәстүрлі журналистика тәрізді онсыз да күндердің күнінде құрып бітеді. Демек, ендігі бағыт тек интернет болуы тиіс. Соған қарамастан, жаппай цифрландыруды жақтау­шылар медианы түрлі платформада қатарластыра дамытудың мүмкіндіктерін де жоққа шығара қоймады.
Алайда тым көп ұзамай-ақ өмір­дің өз айғақтары қағаз БАҚ-тардың өзінен-өзі жойылып ке­­тетіні туралы тезистің тым ұш­қары екенін көрсете бастады. Бұдан бөлек, егер жұмысты дұрыс ұйымдастырып, өзінің көптеген артықшылық жақтарын тиімді пайдалана білген жағдайда газеттер мен журналдардың өте жақсы табыс та әкеле алатындарына көз жетті. Бұған қоса, қағаз басылымдардың келешекте де сапалы ақпарат беру салтынан жаңылмай, жоғары деңге­йін сақтап қалуға міндеттілігі алға тартылды. Бұл міндетті шешу үшін ол өзінің стратегиялық бағытына дер кезінде түзетулер енгізе білуі тиіс. Сонда оның цифр­ландыру дәуірінің дүрбелеңінен аман-есен шығып қана қоймай, жаңа позиция­ларды жеңіп алуына даңғыл жол ашылады. Осыған орай, қазіргі заманғы баспа БАҚ-тар цифрлы даму жолдары, журналистердің жоғары кәсібилік деңгейі мен басылым мазмұны сапасын арттыру, газеттің қоғамға қажетті тетік ретіндегі репутация­сын қалпына келтіру секілді үш стратегияны басшылыққа алып, жұмыс жасаулары керек.

Жұмысты осылайша тез үйлес­тіріп, іске жаңаша кіріскен басы­лымдардың арасында Мәскеу қалалық «Вечерняя Москва» газеті де болды. Кремльді қалада 1923 жылдан бері шығып келе жатқан басылым біз айтып отырған мезеттегі мерзімде біраз қиындықтарды бастан кешті. Сол жылдары оның тиражы 7 мың данаға дейін түсіп кетті. Сол кезде, 2011 жылдың 4 қазанында, газетке бас редакторы Александр Куприянов бастаған бір топ энтузиаст келді. Олар келген бойда елдің ежелгі газеттерінің бірін жаңғыртуға кірісті. Бұл реформа басылымның маркетингтік стратегиясы мен дизайнын өзгертетін ребрединг жасау арқылы жүзеге асты. Соның нәтижесінде басылымның бет-бейнесі жаңарып, жаңа контентке ие болды. Осылай қала басшылығы газеттің тарихи брендін сақтап қалып, оны қазіргі заманғы жылдам ақпар беріп тұратын еуропалық стандартқа қарай бейімдеуге қол жеткізді. Сонымен бірге газет байырғы «Вечерканың» барлық озық дәстүрлерін де жобадан сызып тастаған жоқ. Соның арқасында жаңғырған жаңа газет қайтадан қала тұрғындарының сү­йікті басылымына айналды. Мұның соңы оқырмандар аудиториясын қайта ұлғайтуға жол ашты. Қазір бұл газет өзінің шаһардағы 90-жылдарға дейінгі лидерлік тізгінін қайта ұстап, күніне 1 млн 286 мың дана тираждық мөлшерге жетті. Бүгінде аталмыш газеттің электронды нұсқасы да интернет арқылы тарап тұр. Бұл оның таралымы түсіп кетуіне аса қауіп төндіре қоймайды.
Жаһандағы ең байырғы газеттердің бірінен саналатын АҚШ-тың «The New York Times» басылымы да айтылған шамада біршама құқайларға тап болды. Бірақ орнынан тез тіктеліп көтеріліп кетті. Өзінің бастау алар шағын 1851 жылғы 18 қыркүйектен алатын күн сайынғы газет, әдетте, 1 млн 131 мың да­на­мен тарайды. Ал демалыс және мереке күндері бұл мөлшер 1 млн 681 мыңға дейін барады. Құрама Штаттарда күнде шығатын жетекші басылымдары қатарындағы «The Washington Post» та цифрландыру дүмпуінің дүресіне ат қойып өтті. Негізі 1877 жылы қаланған газет бастапқы жылдары 10 мың дана тиражбен тараған екен, ал қазір 1 миллионнан асады. Сол сияқты Ұлыбританияда 1821 жылдан бері күн сайын шығатын «The Guardian» да құрдымға кететіндер тізіміне бір кіріп барып, одан жылдам шығып кетті. Ол да – бүгінде электронды баспасөзбен тайталаста еңсе бас­тыр­май келе жатқан қағаз басылымдар қатарында. Әлемдегі ең танымал газеттердің бірінен саналатын оның тиражына келсек, қазір 355750 дана болып оқырманға қарай самғайды.
Француздың «Le Figaro» газеті де – жаһандағы ең белді басылымдардың есебінде. Негізін 1826 жылы қалаған басылымның мазмұны, негізінен, сатиралық бағытты ұстанады. Бұдан тура 4 жыл бұрын біз Еуропа Одағының «Қазақстан үкіметінің мемлекеттік қызмет реформасы және жаңғыруы» жобасы аясында Парижге барған сапарымыз барысында осы газеттің редакциясында арнайы болғанымызда, басылым директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Филипп Жилье мырзамен кездесіп, өзімізді толғандырып жүрген бірнеше сұраққа жауап алған едік. Ол интернеттің іске қосылуына байланысты баспасөз рыногында белгілі бір деңгейде дағдарыс пайда болғанымен, уақыт өте келе бұл кедергілердің де кейінге ығыса бастағанын айтып берген.
Мұнда газеттің қағаз және интернет нұсқаларын қатар дамыту стратегиясы қолға алыныпты. Ең алдымен веб редакция мен баспасөз редакцияны бір-біріне қоспай, оларды жақындатып, конвергенция жасаған. «Le Figaro» тілшісі өзінің мақаласын басылымның газеттік немесе интернет нұсқасына жариялай алады. Бір қызығы, мұнда веб-сайттың арнайы редакциясы жоқ. Оның жұмысын редакциядағы 12 тақырыптық блок қызметкерлері 4 сағаттық кезекшілікке тұру негізінде дайындап, жүргізіп отырады. Жұмысты осылай үйлестіре білудің нәтижесінде газеттің таралымына да ешқандай зиян келмеген. Мәселен, 80-жылдардың соңында газет күнделікті 450 мыңдай данамен шықса, жексенбілік саны 900 мыңға жақындаған болса, қазір ол жай күндері 660 данамен, ал жексенбі күні 1 миллионнан асып түседі.
Сонымен, қағазға басылатын бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы әлі де жойыла қойған жоқ. Неге? Әлем сарапшылары бұл сауалдың төңірегінен де жиі ой тарқатып келеді. Сонда олардың бірқатарының ой-тұжырымдары мынаған саяды. Біріншіден, жаңа индустрия дәуірінің тууына орай бұл БАҚ-тар ешқандай да қыспаққа ұшырап, қысымшылық көріп жатқан жоқ. Былайша айтқанда, олар уақыт көшінен қалып қоймай, бұрынғысынша өз оқырманына тиісті ақпаратты жеткізіп келеді. Бұл тұста олардың тарататын хабарлары электронды ақпарат құралдарына қарағанда анағұрлым сапалы екендігімен де ерекшеленеді. Рас, қағаз газеттердің өздері де қазіргі таңда сапалық жағынан біраз өзгеріске түсіп кетті. Мысалы, олардың арасында жұрт назарын өзіне аудару үшін өтірікке шімірікпей бара беретін «саржағал» газеттер де бар. Дегенмен өз репутациясын сақтап қалуды ең абзал борышы санайтын бұрыннан келе жатқан беделді басылымдар сол салттарынан айныған емес.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button