Жаңалықтар

САЯБАҚТАР АРАЛЫ – ҚЫЗЫҚ ДУМАН АЛАҢЫ



ERA_6063+

Мереке күндері астаналықтар мен меймандар қадам аттап басқан сайын көңілді ортаға тап болды. Қаланың әр мүйісі – думанды. Жүрген жерлерімізде көше фестивальдерінің көрермені, қатысушы болып шыға келдік. Үш күн бойы саябақтарда сауық құрып, «Астана – Park land» фестивалінен ерекше әсер алдық.

Ауылдан Астана күніне арнайы қыдырып келген бауырларыммен бірге сауда ойын-сауық орталықтарын аралап, саябақтарда серуендедік. Әр тоқтаған жеріміз – той-думан. Көрген-білгеніміз, көңілді өткізген уақытымыз – мәнді демалыс әрі жазарымызға арқау болды.
Қала саябақтары мереке күн­дері әдеттегіден өзгеше күйге ен­­ген. Әрқайсысы тақырыптық бағдарлама бойынша безендірілген, онда ойнатылған ән-күй, сахналық қойылымдар да атына сай. Бұл күні «Жерұйық», «Студенттік», «Астаналық», «Ғашықтар» сая­бақтары тарихи, этнотанымдық, диско-думанды және АРТ-саябаққа айналып шыға келді. Фестивальдің бағдарламаларына осы жылдың бас-ты уақиғалары Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ­стан халқы ассамблеясының 20 жылдығы негіз болды.
Біз алдымен «Астаналық» сая­бағына ат басын бұрдық. Әр мүйісі – ойын-сауық. Заманауи музыка ырғағы келушілерді билеуге икемдеп тұрғандай. «Айналайын» отбасылық қалашығы, көк шөпке жантая кетіп, тамашалауға жағдай жасалған жазғы кинотеатры, балалардың көңілін аулайтын түрлі мультфильм кейіпкерлері, музыкалық аспаптарда ойнауды, заманға сай билеуді үйрететін шеберлік сабақтары, «Эквилибр» цирк нөмірі, ағашаяқпен жүретіндер шеруі, «Kazakh Percussion Group» дауылпазшылар шоуы, т.б. мерекелік шаралар саябақ қонақтарының езуіне еріксіз күлкі үйіріп, көңілін шалқытады.
Жиылған қауым би билеп, қала тарихына байланысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, «әуенді тап» ойнын ойнап, арнаулы сый­лықтарға ие болып жатты. Солардың бірі, қаламыздағы №4 мектеп-гим­назияның оқушысы Арман «Уақы­тымыз өте көңілді өтіп жатыр. Жыл сайын осы күнді асыға күтеміз. Екі сыйлық алдым. Бірінші би билеп, футболка алсам, екіншісінде «Астананың коды – 7172» деп сұраққа жауап беріп, кепка алдым» дейді марқайып.
Екатеринбургтен келіп, тамаша өнер көрсеткен Максим Березин қаланың төл мерекесінде Астанаға келіп, тұрғындарға кө­теріңкі көңіл-күй сыйлағанына қуанышты екенін жеткізді.
Кешкісін мұнда «Қайырлы кеш, Астана!» концерттік бағдарламасы үлкен би кешіне ұласты.
Ал, «Жерұйық» саябағына барға­нымызда «Тарих әлеміне» еніп кеткендей күй кештік. Ондағы реконструкциялық алаңдар терең тарихымыздан сыр шертеді. Кіреберісте шеберлік сабақтарын өткізуге арналған 20 шатыр құрылған. Онда балалар түрлі бұйымдарды жасап, мәз-мейрам. Бірі қалың картоннан қалқан, бірі қылыш жасап, айқасып ойнап кеткен. Балаларымен қоса ересектер де шын қару-жарақтар қойылған көрмеге қызығушылық танытып, темір сауыттарды киіп, шайқасқа кірісіп кеткен.
Татулықтың төр үйіндей «Сту­денттік» саябақ елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың баянды тіршілігін көрсетті. Ал «Ғашықтар» саябағына барғандар «Өнер әлемін» аралады.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button