Сейдолланың сырлы саздары
Астанада жыл сайын қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосып, мәдениетімізді байытқан композиторлардың шығармашылығына арнап концерт өткізу қалыптасқан дәстүрге айналды. Қала күні мерекесінің аясында Астана әкімдігінің қолдауымен бірнеше жылдар көлемінде ұйымдастырылып келе жатқан кештерде отандық музыка майталмандарының есімдері ескеріліп, аттары асқақтауда.
КОМПОЗИТОРЛАР КЕШІ ЖАЛҒАСАДЫ
Бұрнағы жылы қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туындыларынан түзілген «Әнім сен едің» концерті ұйымдастырылды. Былтыр әмбебап композитор Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына орай «Жүрегім менің» кеші өтті. Ал биыл Конгресс-холда өткен ғасырда рухты әндерімен қатар небір ғажап лирикалық туындыларды тудырған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығына арналған «Жан досым» концерті өтеді.
«ӘЛИЯ» ҚҰДІРЕТТІ ӘН
Сейдолла Бәйтерековтің есімі аталғанда, көпшілік оның атақты «Әлия» әнін шырқай жөнелетінін көріп жүрміз. 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» фестивалінде Роза Рымбаеваның бағын жандырған бұл туынды арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де, өз биігінен түспей келеді. Бүгінгі заманда да осы ән айтылған кезде талай адамның жүрегі тебіренеді. Әсіресе, Ұлы Жеңіс күні мерекесі кезінде аталмыш шығарма еліміздің әр түкпірінде орындалады деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Композитордың өзі сол жеңісті жылдың перзенті екенін айта кетейік.
Сейдолла Бәйтерековтің жалпақ жұртқа танылуына, Роза Рымбаеваның өнер көгіне самғауына жол ашқан әннің жазылу тарихын композитордың өзі көзі тірісінде айтып кеткен екен. Сонда бір күрделі әуен жанын баурағанын, оны ұзақ толғатып, бастапқыда ыңылдап қана жүргенін, ақын Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағы қолына түскен соң батыр қызға арналған өлеңге ерекше назары ауып, өзі шығарған әуенге салғанда құйып қойғандай дәл келгені айтылған. Бұл ән арнау емес, жоқтау екеніне, қаршадай қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру мақсатында жазылғанына да композитор назар аударған.
Композитордың ойға алған мақсатын Роза Рымбаева артығымен орындады. Халықаралық байқауда айтып, Әлия Молдағұлованың да, өзінің де атын асқақтатты. Сол жолы бұл ән алып Одақтағы ең үздік жыл әндерінің бірі болып танылып, Мәскеудегі «Песня года» фестивалінде де шырқалды.
ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев: «Қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Тастама отыңды Прометей» спектаклі қойылып, Сейдолла Бәйтереков оның музыкасын жазды. Шығармада бас кейіпкер Прометейдің айтатын әні болатын. Ол ән менің дауысымен жазылды. Спектакльдің премьерасы өткеннен кейін композитор спектакльдегі әндерді екі дауысқа жазып шығып, Роза Рымбаева екеуімізге ұсынды. Біз оны күйтабаққа жаздық. Сол уақытта Сейдолла Бәйтерековтің жеке күйтабағы шығайын деп отырған. Сол әндердің арасында «Ақ тілек» те болды. Бұл әнді спектакльде актриса Бақыт Аитова екеуіміз орындап, тұсауын кестік.
ҚУАНЫШТАН ТУҒАН «КІШКЕНТАЙ»
Жалпы алғанда Сейдолла Бәйтереков әндермен қатар симфониялық оркестрге, хорға, кинофильмдерге, драмалық қойылымдарға арнап туындыларын жазды. Әсіресе, оның «Кішкентай» аталатын композициясы сазсырнай үнімен құлпырады. Осы шығарманы талай оркестрлердің репертуарынан естіп жүрміз. Тыңдаған адамның жүрегін жадырататын, арылмас әсерге бөлейтін композицияны композитор әке атанғанда шығарған деген сөз бар.
Сөз реті келгенде оның артында Санжар мен Данияр есімді екі ұлы қалғанын айта кетейік. П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында білім алған Санжар Бәйтереков әке жолын қуып, талантты композитор ретінде танылды. Сөзі реті келгенде оның артында Санжар мен Данияр атты екі ұлы қалғанын айта кетейік.
П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында білім алған Санжар Бәйтереков әке жолын қуып, талантты композитор ретінде танылды.
«ТҮРКІСТАНДЫ» «САРЫАРҚА» ТУДЫРДЫ
Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығын сөз еткенде, композитордың «Сарыарқа» және «Түркістан» аталатын отаншылдық рухтағы сазды әндері туралы айтпай кетуге болмас. Көпшілікке танымал әнші Бағдат Сәмединова арқылы жеткен алғашқы туындыны композитор белгілі ақын Шөмішбай Сариевпен бірлестікте жазды. Тағы бір арқалы ақын Серік Тұрғынбекұлы сонда: «Сейдолла, Шөмішбай екеуің де оңтүстік өңірде туғансындар. Сарыарқа туралы мынадай ғажап әнді қалай жазып жүрсіңдер?» деп сұрақ қойғаны да бар. Серік ақын бұған дейін тағы бір көрнекті композитор Әсет Бейсеуовпен бірге ән жазып жүрген еді. Ақынның бұл сөзін композитордың талантын қапысыз мойындауы деп қабылдауға болады. Бұдан кейін Сейдолла Бәйтереков ақынға бірге ән жазуға қолқа салады. «Түркістан» әні осылайша дүниеге келеді. Яғни, «Түркістанды» «Сарыарқа» тудырды деп сеніммен айта аламыз.
МӘҢГІЛІК МҰРА
Композитордың лирикалық әндері туралы айтқанда, «Ақ тілек», «Жаңбырлы түн», «Күнге табыну», «Жан досым», «Күндер мен жылдар», «Бір болайық» туындылары сазы да, назы да бір бөлек әндер. Әсіресе, кезінде Ермек Серкебаевтың репертуарынан берік орын алған «Дос туралы жыр» әні – кіршіксіз, адал достыққа қойылған ескерткіш іспеттес шығарма. Кейіннен бұл әнді «Жігіттер» тобы репертуарына қосты. Ал, «Ақ тілек» әні осы күнгі жас ұрпақтың да жүрек қылын шертіп келеді. Бұл әнді Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиеваның дуэті тамаша жаңғыртты.
Қазір аталмыш туындыны жас әнші Әли Оқаповтың орындауында естіп қалып жүрміз. «Бір болайық» әніне түсірілген бейнеклиппен бірнеше жыл бұрын жас әнші Сәлия Темірәлиеваның жарқ еткені бар. Аталмыш мысалдар жақсы шығарманың өлмейтінін, қанша уақыт өтсе де ескірмейтінін, ұрпаққа мәңгілік мұра болып қала беретінін көрсетеді.
Астанада өтетін кеште композитордың осындай өлмес туындылары шырқалады. Аға, орта және жас буын әншілердің басын қосатын концертке Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, «Жетіген» тобы, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Сүндет Байғожин, Әли Оқапов, Әйгерім Қалаубаева, Серік Ибрагимов, «Видмен» тобы, сондай-ақ, «Лүпіл» дуэті қатысады. Әншілер сахна төрінде эстрадалық-симфониялық оркестрдің, хордың, балалар ансамблінің және қалалық би ұжымдарының сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ