Мәслихат

Шағын кәсіп иелерімен кездесті



Өткен жылдың қорытындысы бойынша Астананың шағын бизнестегі үлесі 75%-ды құрады. Бұл көрсеткішке қол жеткізуде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның әсері мол. Қалалық мәслихаттың бір топ депутаты жоба аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттен грант алған үш жеке кәсіпкермен кездесті.

Асқар Смағұлов, Ғабит Тәжімұратов, Алтыншаш Табулдина, Арсланбек Мағзұм сынды халық қалаулылары алдымен Есілдің оң жағалауындағы Мұхтар Әуезов көшесінде орналасқан «Шенберг» жеке кәсіпкерлігінің өндірісіне ат басын бұрды. Шеберхана иесі осыдан үш жыл бұрын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өзінің бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтып алды. Қайтарымсыз қаржыға өз шеберханасын ашқан Галина Шенберг содан бері APOLI сауда маркасымен балаларда аллергия тудырмайтын табиғи ойыншықтар тігумен айналысып келеді. Бұл мекеме былтыр қалалық «Үздік тауарлар» конкурсында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинация бойынша екінші орынды жеңіп алған болатын. Бүгінде жеке кәсіпкер 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың үшеуі тоқыма тоқу ісі бойынша шебер болып жұмыс істейді.

Одан әрі депутаттар «Green TAL» ЖШС-ге келді. Бұл жерде жеке кәсіпкер Эмин Әскеровтің жетекшілігімен балаларға арналған эко-дамытушы ойыншықтар өндіріледі екен.

– Алғашында кәсібімді тоқыма­шы­лықтан бастап, кәрзіңке, құмыра секілді дүниелер тоқып, тұтынушыларға ұсындық. Бірақ, бұл бұйымдарға сұраныс болмағандықтан, идеям жүзеге аспай қалды, кейін тоқымашылықты тоқтатып, орнына шеберхана, тігіншілік цехын аштым. Әлеуметтік бағытты қолға алған соң ерекше қажеттілігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырдым, – деді жеке кәсіпкер.

Сондай-ақ халық қалаулылары Сығанақ көшесіндегі «ИНЖСЕТИСЕРВИС» ЖШС-не барып, Алмаз Айзахметов басқаратын Жылжымалы желдету цехының жұмысымен жақынырақ танысты. Мұндағылар ауа өткізгіштерді, фасонды бұйымдарды, дефлекторларды, дроссель-клапандарды, емізіктерді өндірумен айналысады екен.

Мемлекеттен қаржылай қолдау болғанымен, кәсіп бастаған жанның жолында кездесетін кедергілер туралы да баяндады. Қиындықтарға қарамастан жеке кәсіпкерлердің өз бизнесін дөңгелетіп, еліміздің дамуына үлес қосып отырғаны қуантады.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button