Мәдениет

Бейнелеу өнеріндегі жусан иісі

Астанадағы Has Sanat өнер галереясында «Жусан иісі» атты көрме өтіп жатыр. Көрмеге Adyr-Aspan арт тобына мүше суретшілердің туындылары қойылды.

Картиналардың авторлары Бейбіт Әсемқұл, Гүлмарал Тәтібаева, Жеңіс Молдабеков, Әлия Қаныбекова және Наталья Лигай жұрт назарына барлығы 50-ден астам жұмыстарын ұсынды. Олардың туындылары аллегорияларға, қиялдан туған бейнелерге негізделген.

Мәселен, суретші-график, кес­кіндемеші, инсталляция шебері Бейбіт Әсемқұлдың «Басып кіру» аталатын картинасы автордың айтуынша, пандемия уақытында салынды. Бұл туынды өмірдің жаңа кезеңі, адам рухының мықтылығы, оның алдынан кездескен түрлі қиындықтарға төтеп беруі, өмірге құштарлық жайында сыр шертеді.

Гүлмарал Тәтібаева – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі, Қазақстан Суретшілер одағы мен Еуразия дизайнерлер одағының және Еуразия шығармашылық гильдиясының мүшесі. Автордың жұмыстары Қазақстан, Түркия, Голландия, Корея, Латвия, Ресей, Иордания, Ұлыбритания, Қытай және басқа елдердің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы. Шығармашылық жолының басында суретші түпнұсқа графика техникасында жұмыс істеген. Оның шығармашылығының жеке бағытын қалыптастыр­ған алғашқы тақырыптардың бірі – «әскери коммунизм» сая­саты, ұжымдастыру салдарынан болған 1919-1922 және 1930-1932 жылдардағы жаппай ашаршылықтың қасіретті кезеңі. Кейіннен Гүлмарал халқымыздың тарихына, мәдениеті мен рухани құндылықтарына, ана мен бала әлеміне, отбасы институтына туындыларын арнады.

Суретші, өнертанушы Динара Нугердің пікірінше, Жеңіс Молдабеков – кеңістігі кең талантты суретші. Оның туындылары білім және мәдениет мекемелерінде өнерді қолдану мәселесін қозғайды. Ал Әлия Қаныбекова өз шығармашылығында классикалық бейнелеу өнерінің дәстүрлері мен ескі техникаларды қолданса да, картиналарында жаңашылдықтың лебі еседі. Наталья Лигай болса, суретші ғана емес, дизайнер. Ол жұмыстарында әртүрлі мәдениеттерді тоғыстырады.

Көрме аясында авторлармен кездесулер, олардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, Adyr-Aspan арт тобындағы суретшілер туралы түсірілген деректі фильмнің тұсауы кесілді. Онда адыраспан шөбінің қазақ өміріндегі мәні туралы әңгіме айтылып, бес суретшінің шығармашылығы таныстырылады.

Аталмыш көрмені 9 тамызға дейін тамашалауға болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button