Руханият

ШАТТЫҚ ОТАНЫНДА ШАБЫТТАНДЫ



_nik9118

Жақында Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі ХХ концерттік маусымын ашты. Осыған орай Конгресс-холда көрнекті қазақ композиторы Сыдық Мұхамеджановты еске алуға арналған «Шаттық Отаны» концерті өтті.

КСРО және Қазақ ССР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджанов – республикамыздағы музы­ка­лық мектептің негізін қалаған композиторлардың бірі. Артына мол мұра қалдырған шығармашылық иесі операларды, симфонияларды, ораторияларды, әндерді, романстарды тудырып, хорлар мен концерттерге, драмалық қойылымдар мен кинофильмдерге арнап музыка жазды. Концертте филармония ұжымы осының бәрін қамтуға тырысты.
Қазақ оркестрінің орын­дауындағы композитордың «Қазақ увертюрасы» шығар­масымен ашылған концерт әрі қарай «Қыз қуу», «Классикалық күй», «Шаттық Отаны» симфонияларына, «Мереке» поэ­масына жалғасты. Оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов пен ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов музыканттарға бұл туындыларды шебер ойната білді.

Басынан аяғына дейін ор­кестрдің сүйемелдеуімен өткен кеште филармония әнші­лері де жарқырап көрінді. Сыдық Мұхамеджановтың «Қаздар қайтып барады» әнін орындаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қияқбай Асанбаев көрермендерді әсем саз бесі­гінде тербетті. «Көктем вальсі» туындысын айтқан халықаралық конкурстардың лауреаты Айзада Қапонова жиналғандарды серпілтіп өтті.

Композитор тудырған «Ай­сұлу» операсының дүниеге келгеніне жарты ғасырдан асты. Осы операдағы Айсұлудың ария­сын айтқан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Серкенің каватинасын шырқаған «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лы­ғының иегері, ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Азамат Жыл­тыркөзов өз партияларын тамаша алып шықты.
Сыдық Мұхамеджанов – ұлы Абайдың өлеңдеріне ән жазған алғашқы композиторлардың бірі. Тіпті ол Абайдың жан дүниесін терең түсінді деп айтсақ, артық кеткендей болмаспыз. Соның жарқын мысалы ретінде концертте Азамат Жылтыркөзов орындаған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әнін, Бақтияр Омаров әуелеткен «Өлсе, өлер табиғат» туындысын, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Шаһризада Тыныштық айтқан «Таңғажайып бұл қалай хат» шығармасын және Алтынбек Әбілдә шырқаған «Құлақтан кіріп, бойды алар» романсын айтуға болады.
Өткен ғасырдың орта шенінде Қанабек Байсейітов пен ақын Қуандық Шаңғытбаевтың қала­мынан «Беу, қыздар-ай» комедиясы туды. Бұл шығар­маны музыкамен Сыдық Мұхамед­жанов көркемдеді. Нұрай Танабаев осы комедияда айтылатын «Әйтеуір сол қыз бір сұлу» әнін де айтып, жиналғандардың деле­бесін қоздырды. Осылайша көрермендерді бірде тәтті мұң құшағында тербетіп, бірде жиналғандардың көңілін кө­терген концерт баршаға ұнап, классик композитордың рухын жаңғыртты.

Филармония көрермендерге алда әлі талай тамаша кештерді сыйламақ. Соның бірі, ертең, 23 қыркүйек күні Конгресс-холл сахнасында сағат 19.00-де өтетін «Ұлытаудан қанат қаққан Тайжан ақын» концерті. Бұл кеш сырнайын сақ-сақ күлдірген ақын, әнші, композитор, күрескер азамат Тайжан Қалмағамбетовтың шығармашылығына арналады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button