Елорда тынысы

Шаттыққа толы шырша тойы



Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласы әкімінің «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман» атты балалар шыршасы өтті.

Балалар жылы аясында ұйымдас­тырылған мерекелік шараға елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа 2023 жылмен құттықтады.

– Жаңа жыл – әр баланың асыға күтетін ерекше мерекесі. Биыл еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Балалар жылы болып өтті. Осыған орай, бүгінгі мерекеде барша балақайды әп-әдемі кейіпте, көтеріңкі көңіл күйде көргенімізге аса қуаныштымыз. Қымбатты балалар, сіздердің армандарыңыз асқақ, қиялдарыңыз ұшқыр. Сондықтан сіздерге тек жақсылыққа ұмтылуды, ақылды әрі білімді болуды тілеймін. Өздеріңіз сүйіп оқитын ертегідегі кейіпкер – Ер Төстіктің батырлығын, тапқырлығын, білімділігін, бауырмалдығын бойларыңыздан көретін болсақ, еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін. Құрметті балалар, қадірменді ата-аналар, сіздерді жаңа 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жылда барша отбасына амандық, бақ-береке тілеймін! – деді Е.Байкен.

Шырша мерекесіне елордалық Білім басқармасының басшысы ­Қасымхан Сенғазыев те қатысып, игі тілегін жеткізді.

– Әр баланың тағатсыздана күтетін мерекесі – Жаңа жылда олардың барлығы да тосынсыйдың көп болғанын қалайды. Қала әкімінің атынан балаларға сыйлық табысталды. Биыл балаларға өз таңдауы бойынша киім-кешек, ойыншықтар, кітаптар алуға арналған сертификат, жұмсақ ойыншықтар мен спорт рюкзактары беріліп, тәттілер үлестірілді. Бұл жолғы жаңа жылдық шыршаға 300-ден астам ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан, ерекше білім беру қажеттілігі бар, мүмкіндігі шектеулі және білім, спорт, шығармашылық бойынша немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен 9 жастан 13 жасқа дейінгі бала қатысты, – деді басқарма басшысы.

Жаңа жыл мерекесін асыға күтетіндердің бірі – Астанадағы №58 мектептің 3-сынып оқушысы Бердер Ермекбай. Осындай ауқымды шараға алғаш рет қатысып отырған бүлдіршін қуанышын жасыра алмады.

– Барлық балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Оларға денсаулық, бақыт тілеймін. Өмірімізде жақсылықтар мен қуанышты сәттер көп болсын. Бүгінгідей керемет мереке ұйымдастырған қала әкімдігіне, Білім басқармасының басшылығына алғыс айтамын, – деді елордалық оқушы.

Шаттыққа толы шырша тойына келген ата-аналар да дән риза. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар Елнұр есімді бүлдіршіннің анасы Айша Бекмағамбеттің қуанышында шек жоқ.

– Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, баламен көп жерге шыға алмаймыз. Дегенмен осы мерекені ұлым тағатсыздана күтті. Әсіресе қандай сыйлық болатынын қайта-қайта сұрай берді. Жарқырағанның бәріне мәз болып, ерекше сезімге бөленді. Ұлымның көзіндегі қуанышты көру – мен үшін үлкен бақыт. Барлық ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді А.Бекмағамбет.

Биылғы шырша заманауи технологияларды пайдаланатын музыкалық-интерактивті шоу-спектакль форматында өткізілді. Декорация, сахнаның безендірілуі және ­ойын-сауық бағдарламасы кәсіби шоу-жарық, арнайы эффектілер және лазерлік шоумен сүйемелденді. Ортадағы көздің жауын алатын әдемі жылтырақ ойыншықтармен және жалт-жұлт еткен қызыл-жасыл шамдармен бе­зендірілген шыршаны айнала ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндермен қосыла би билеп, ән салып, көңіл көтерді. Арнайы фотоаймақта балалар Аяз атамен, Ақшақармен суретке түсіп, мәре-сәре күй кешті. Жүздері бал-бұл жанған балақайлардың қуанышы тарқамаса екен дейміз біз де.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button