Басты ақпаратМәселе

Шетелдік көлік: заңдастыру түйткілдері



2023 жылдың 23 қаңтарынан бері елімізде зырылдатып шетелдік автокөлік мініп жүрген азаматтардың көбі темір тұлпарларын заңдастыру үшін түн ұйқысын төрт бөліп, біраз әуре-сарсаңға түскені байқалады. Өйткені осы аралықта Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі істер органдары Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кірген шетелдік автомобильдерді заңдастыруды қолға алды.

Күмән көп, күдік басым

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясының мәліметі бойынша, 25 маусымға дейін елімізде 173 мың көлік заңдастырылыпты. Бұған қоса 15 мыңнан астамы тіркелу кезегінде тұр. Сондай-ақ жеті мыңнан аса автокөлік-конструктор қазақстандық есепке қойылған. Бұл, бір қарағанда, жаман көрсеткіш емес сияқты көрінгенімен, осы төңіректе түйткілді мәселелер де аз емес екен. Нақтырақ айтсақ, осы науқанды дүрбелеңге айналдырып, аңқау елге арамза молданың кебін кигізіп жүргендер көбейіп барады. Кедендік салықты қалтасы көтермейтіндер арзандау мүмкіндіктерді іздеп, пысықайлардың кезекті рет қылмыстық ой-жоспарларын жүзеге асыруына жол ашқандай болды. Астана тұрғыны Жұмабек Сәрсенов – солардың бірі. Осыдан екі жыл бұрын Арменияға барып өзіне ұнаған автокөлігін сатып алып, отбасымен бірге бір қуанып қалып еді. Сол кезде адамдарға көмек қолын созып, осындай мүмкіндік туғызғаны үшін мемлекетке іштей мың алғыс айтты. Өйткені Қазақстанның «Жол қозғалысы ережесі туралы» заңында өзге мемлекетте тіркеуде тұрса да сатып алынған көлікке бір жылға дейін ел аумағында жүруге рұқсат берілетін. Рас, кеденде бірден есептен шығаруды әркімнің қалтасы көтермегендіктен, сол бұрынғы нөмірімен жүре берді. Енді келіп, мемлекет тарапынан заңдастыру жөнінде әңгіме шыққанда екі жеп, биге шыққысы келетін иненің көзінен өткен жылпостарға ұрынып қалып, бармағын тіс­теп отыр. Өзін емес, үкіметті кінәлайды.

– Кеденде ресми тіркеуден өту сатып алған көлігіңнің бағасынан да қымбатқа түсетін болғасын, солай жүре бердік. Сөйтіп, ешбір жол полициясы тоқтатпастан екі жылға жақын емін-еркін айдап жүрдім. Енді келіп, «шетелдік көлік иелері жол қозғалысы ережесін жиі бұзады. Әрі оларға тіркеуде тұрмағасын айыппұл салынбайды» деп «легализация» деген пәлені шығарды. Мұның өзі – күмәнді нәрсе. Біреулер оп-оңай өтіп кетіп жатыр. Ал біреулер машинасының Армения немесе Грузиядағы бұрынғы иесін таба алмай, діңкесі құрып, бастары қатуда. Мен де 2020 жылы Армениядан «Камри» маркалы автокөлік сатып алғанмын. Сары нөмір алып, Қазақстанға уақытша тіркеуге қойдым. Енді тұрақты тіркеуге қояйын десем, бұрынғы иесінің атынан есептен шығару керек екен. Соған «Camelot» аталатын фирманың адамдары көмектес­пекші болды. Жүз елу мыңға барлық шаруаны тындырып, көлікті Арменияға бармай-ақ қашықтықтан есептен шығарып, құжаттарын қолыма әкеліп беретін болып келісті. Ақшаны санап бердік. Міне, бес айдан асты, «Camelot»-ның сайда – саны, құмда – ізі жоқ, таба алмай жүрмін. Сөйтіп, шетелдік көліктерді заңдастыру деген мәселе төңірегінде де алаяқтар аяғын алшаң баса бастады. Енді мұны өршіп кетпей тұрғанда тізгіндеген дұрыс болар еді» дейді көлік иесі.

Бұл шара кімге тиімді?

Сонымен, ел Үкіметі өзінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы №13 қаулысымен Қазақстан аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген жекелеген көлік құралдарына алғашқы тіркеу үшін алым мөлшерін және оның ережесі мен шарттарын бекітті. Шетелдік көліктерді кедендік тазартудан босату кімге тиімді? Біріншіден, елде 300 мың осындай машинаның жүруі тек ережеге ғана қайшы емес, өте қауіпті де. Неге десеңіз, еш жерде тіркелмеген көліктердің жол-көлік оқиғасын жасап, қашып кетіп жатқандары қаншама?!

Әрі мұндай көліктердің тізгініне көбіне әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар ие болатыны да жасырын емес. Салық төлемей, ереже бұзып, айыппұлдан жалтаратын жүргізушілер кімге ұнайды?! Елде осы төңіректе әлеуметтік наразылықтардың да естіліп қалатыны байқалды. Міне, осы тұста халықтың үстінен күн көріп үйренген, «жұмыртқадан жүн қырыққан» аферистер-алдамшы қулар атқа қонды. Олар Ресейден, Грузия мен Армениядан ескі-құсқы автокөліктерді жүздеп, мыңдап тасыды. Үкіметтің «қайырымдылық жасайтынын» білсе керек. Енді келіп, 200 мың теңгеге заңдастырып, 12-15 миллион теңгеге екі есе бағасына сатып, қалтасын қампитып жатыр.

«Көрмейін десем, көзім бар» дегендей, «заңдастыру туралы қаулы шығады» дегеннен кейін Ресей мен Кавказдан ағылған машиналар әп-сәтте 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болып тіркеліп шыға келді. Ол және он емес, жүз емес мыңдап саналады. Көліктің шекараны 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кесіп өткені қалай анықталады?» деген сауал көпшілікті мазалай бастағасын ҚР ІІМ Әкімшілік комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев: «О жағынан қам жемеңіз, көліктің елге кірген уақыты ҰҚК шекара қызметі мәліметтер» базасына автоматты түрде жазылып отырылады» деп жайландырғандай болды. Бір қарасаңыз бәрі дұрыс сияқ­ты. Алайда көлікке сақтандыру полисін рәсімдеу кезінде көптеген автокөліктердің Шекара қызметінің мәліметтер базасынан табылмағанын қалай түсінуге болады. Олар компьютерде ақау табылып, техникалық себептермен жойылып кеткен. Көрдіңіз бе, осы жерде де сыбайластықтың, жең ұшынан жалғасудың басы қылтиып тұр» дейді белгілі заңгер Қанат Нұров.

Егер мұны жедел қолға алмаса, алаяқтар әлі талайға сан соқтыратын сыңайы бар. Машина заңдастырылғасын да оны бірнеше адамға сату фактілері орын алып отыр. Олар тұрмысы төмен адамдарды тауып, елу-алпыс мың теңгеге көлікті кезекпен-кезек рәсімдейді екен. Осылай «тазаланған» автомобильді алақолдар нағыз клиентке қымбаттау бағаға өткізіп жібереді. Бейресми мәліметтер арқылы «заңдастырылған» көлік уақытша тіркеуде тұрады да, оны енді соңғы иесі ешкімге сата да, рәсімдей де алмайды. Міне, осындай «қолы байланып қалғандар» қазір елімізде мыңдап саналады.

Қатаң қадағалау қажет

Ресми түрде айтылмағанымен, шенеуніктер алданған адамдардың сауалдарына жауап беріп, мүлікті пайдалануға қойылған шектеулерге байланысты түсініктер беруде. Мұндай автокөліктерді пайдалануға болғанымен, сатуға болмайды.

Ендігі мәселе – құқық қорғау органдары осындай орын алған алаяқтық жоспарлар мен оған қатысушыларды тез арада анықтап, жолын кесуі тиіс. Ал шындығында, «мұндай құйтыр­қылық құзіретті органдардың қатысынсыз қалай жасалуы мүмкін?» деген заңды сұрақ туындайды. Кедендік бақылау, ішкі істер органдары осыларды қатаң бақылауы қажет емес пе? Әзірге бұл сауалдардың нақты жауабы болмай тұр. Оның есесіне ҚР ІІМ Әкімшілік комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев: «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылды, бұдан былай заңдастыру мерзімі ұзартылмайды. Енді шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар алынады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге келетін болсақ, аталған көлік иелеріне оларды Қазақстан Республикасында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою құқығы берілетін болады» деді.

Әзірге шетелдік көліктерді заңдастыру үдерісінің жай-күйі осылай болып тұр. Оны алдағы уақытта реттеп, заң талаптарына сәйкес қатаң бақылауға алуға ел үкіметі араласады деген сенім мол.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button