Басты ақпаратСараптама

Жазғы туризм: Бурабайдағы сервис қашан дамиды?

Сарыарқаны шұрайландырып, шырайландырған құтты мекен, сар даланың қақ жүрегіндегі таңғажайып жер, Қазақстандағы туристер ең көп келетін топ-5 аймақтың бірі  – Бурабай демалыс аймағы. Онда сая­бақтар, аты аңызға айналған мүсіндер, тастар, таулармен қоршалған мекенге сая­хат жасап, қасиетті жердің тарихын естіп қайтудың өзі – бір мақтаныш. Бурабайды Қазақстанның бренді десе де болады. Аптаның демалыс күндері, жаз шығысымен елордалықтар Бурабайға қарай ағылады. Отандық туризм­нің бойтұмарына айналған Бурабай ұлттық саябағына келушілер саны бойынша да көш басында. Көкшенің көз тоймас көрікті жерлерінде 550 мыңнан астам адам сая­хаттаған.

Отандық туризмнің бойтұмары бола ма?

Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған туристік аймақтардың картасы бойынша респуб­ликалық деңгейдегі турис­тік аймақтар тізіміне 24 аумақ кірді, оның ішінде: Алматы, Астана қаласы, Ақмола облысының Щучинск-­Бурабай курорттық аймағы, Алакөл көлінің жағалауы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, «Табаған» тау-шаңғы курорты, Шарын каньоны, «Тенгри» курорт қаласы, Қапшағай қаласы, «Арасан» санаторий-курорттық аймағы, Балқаш көлінің жағалауы, Каспий теңізінің жағалауы, Түркістан қаласы, Павлодар облысының Баянауыл курорттық аймағы, «Байқоңыр» туристік аймағы бар. Еліміздегі туризм саласының дамуына біз атап өткен аймақтар үлкен пайда әкеледі. Ал олардың ұзақ жасауы мен қауіпсіздігі біздің қолымызда екені түсінікті.

Алакөл көлі мен Алматы облысының тау кластерінен кейін «Бурабай» курорттық аймағының жылына 2 000 000 туристік әлеуеті бар (қазіргі туристік ағым – 750 000).

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының табиғаттың қайталанбас нысандары  ерекше көрнекті орындары деп танылған. Мұнда жануарлардың сан алуан түрлері бар. Түрлі пішін мен қалыпта түзілген гранитті жартастар алып тастардан арнайы ойлас­тырылып жасалған сияқты. Іс жүзінде бәрі – адам баласы ат беріп, аңызбен байыт­қан шебер Табиғат-Ананың бірегей туындылары. Бурабай көлі теңіз деңгейінен 319 метр биіктікте орналасқан. Көл шығанағындағы Жұмбақтас тауы Бурабай нышанына айналған. Бурабай табиғаты көз тартар сұлулығымен, ауасының тазалығымен тартымды. Биік таулар, көгілдір көлдер, қарағай мен қайың ағаштары өлкенің сәнін кіргізеді. Сая­бақта жануарлар әлемінің 305 түрі бар. Оның 87 түрі сирек кездесетін я жойылуға жақын. Өсімдіктердің 757 түрі кездеседі. Оның 12 түрі Қызыл кітапқа енген. Жайқалған ағаштардың  қарағай,  қайың,  көктерек,  бұталы өсімдіктер құрайды. Тау қыраттарының үгілуі мен желдің әсерінен Бурабайда Оқжетпес, Ұйқыдағы батыр, Бүркіт, Түйе, құдыр, Сфинкс сияқты ерекше тас мүсіндер пайда болған.

Өлкенің қазақстандық және шетелдік туристер арасында танымалдылығы – заңды құбылыс. Астанамыз арқылы салынған жаңа жол Бурабайға еш алаңсыз, жайлы жетуге мүмкіндік береді.  Бірақ, осындай шұрайлы жерді, туризм клас­терін отандық экономиканың дамуы үшін орынды пайдаға асыра алмай отырған елміз…

Туған жердің табиғатына тамсантып, тарихи-танымдық турлар ұйымдастыру өте қажет. сонымен қатар сервис қызметі­нің сапасын дұрыстап,  инфра­құрылымды дамытуды қолға алу керек. Яғни, әуежай, вокзал, қонақ үй, жол қатынасын дамытудың маңызы зор

Мұнда неге бәрі қымбат?

Әріптесім жазғанындай, Астанадан небәрі 250 шақырым жерде орналасқан Бурабайға демалу үшін қалтаңызда 500 мың теңгеңіз болуы керек. Онда арзан қонақ үй нөмірлерін 20-25 мың теңгеге табуға болады. Екі адамға кететін шығыны Алакөлмен тең. Бурабайда сервис қызметінің сапасы, инфрақұрылымы жетілмегені өз алдына, асханасындағы тамақ өте қымбат. Маусым-шілде айларындағы халықтың нөпірін пайдаланып, бағаны неше есеге көбейткен кәсіпкерлер осы екі айда ақша табу үшін жанталасады. Оларды осы туристер келесі жылы қайтып келе ме, жоқ па деген сауал қызықтырмайды, бар ықыласы – түскен қаржыда. Ал енді тазалық мәселесін айтсақ, сіз де жылайсыз, мен де жылаймын…

Бурабайда кәсіп жасап жатқан кәсіпкерлер де мұны айтсаң, зар жылайды.

– Досым екеуміз Бурабай көлінің жағажайларындағы демалыс үйлерін келушілерге жалға берумен айналысқанымызға бірнеше жыл болды, – дейді кәсіпкер Ықылас Оразбай бізбен әңгімесінде. Тапқан табысымызды толық көрсетіп, салық комитетінің талабы бойынша жұмыс істеп отырмыз. Бірақ, жалға берген жерінің топырақ қабатын тексергендер тағы да баж салығын төлеңдер деп дікілдегенде төбеңді тесіп жібере жаздайтыны бар. Жердің үстіндегі бизнеске жердің топырақ бетінің не қатысы бар, түсінбеймін. Ол жерде мен егін егіп, астық алмасам, өндіріспен өнім шығармасам, баж салығының маған не қатысы бар деген ой мазалайды. Ал тазалық мәселесіне келсек, қоқыс шелектерін қойғанымызбен, адамдар қалай болса солай толтырып, айналаның бәрін қоқыс алаңына айналдырып жіберетіні тағы бар. Сондықтан, келген турис­терге қоқыстарын өздерімен бірге ала кетуге міндеттеп отырамыз, басқа амал жоқ. Осы әдетті жаппай тәртіпке айналдыру өте маңызды. Одан өзге тау­-тастың барлығын келген туристер, қаңғыған келімсектер әжетханаға айналдырғалы қашан?! Табиғат-Анаға жаның ашиды, қайнайды қаның… тағы да амалың құрып, тірлігіңді жалғастыра бересің.

Үлкен әжетханаға айнала ма?

Шынында да Бурабай көлі маңайы қаладан зерігіп шыққан адамдардың демалып, қоқысын төгіп, күнделікті қажетін өтейтін орнына айналғалы қашан?! Биодәретхананың да табиғатқа келтіріп тұрған пайдасы да шамалы. Артынан шыққан сасық иіс қолқаңды қабатыны рас.

– Көлдің жағасын айналып жаяу жүру мүмкін емес, – дейді белгілі композитор Айгүл ­Бажанова жуырда өзінің Facebook парақшасында. Қарағайлардың арасында еркін тыныс алып жүре алмайсың. Себебі ішкен тамақтарын «шығарып», қажеттерін өтеп  тастаған. Көлдің жағасынан зәрдің иісі мүңкиді, өте лас. Сонда да шомылып жүр адамдар. Қайтсін енді, жағажайдың иелері ақша алса болды. Ойбай, Шығысымыз – Швейцария, Шарынымыз – Америка деп мақтансақ болды. Бірақ, қолда барымызды қадірлемейміз. Алакөл анау. Суы қандай, суының шипасы қандай?! Бірақ жағасында отыруға жиіркенесің. Жаман жағын көргің келмейді-ақ, бірақ, амал жоқ. Сауда орталықтарындағы дәретханаларға кіріп шығыңызшы. Адам емес, хайуан отырған ба деп ойлайсың… Себебі өзімізді сыйламаймыз. Өзін сыйламаған адам өзгені де сыйлай алмайды. «После меня хоть потоп». Құдай бізге қандай жерлер сыйлаған?! Қашан мәдениетті елге айналамыз, ә?!

Бурабай орыстардыкі сияқты. Кафе, жағажай бәрі де – солардың қолында. Қазақтардың бәрі әлі орысша сөйлеп жүр. Екі күнге барғанбыз. Бүгін кері қайтып кеттік. Көңіл-күй болмады. Кешірші бізді, Жер-Ана!!!

Бурабайға барғандар дәл осыны қайталайды. Елорданың іргесіндегі жолы сайрап жатқан туристік аймақтың халі осындай болғанда басқалар туралы айтудың да өзі артық секілді.

Енді не істеу керек?       

Біріншіден, туған жердің табиғатына тамсантып, тарихи-танымдық турлар ұйымдастыру өте қажет. Бурабай – көптеген аңыздарды байланыстырған жұмбаққа толы жер. Аңыздарға сүйенсек, Абылай хан билігі кезінде оның жеңімпаз әскері қалмақтарды ойсырата жеңді делінеді. Абылай ханның абыройын аспандатқан хан Кенесарыға мекен болған, сексен көлдің тамашасын айтып, Біржан салға ән салдырған, небір қазақ дүлділі, батыры мен ақынына мекен болған қасиетті Көкше жеріне мемлекеттік деңгейде туристік-танымдық экскурсиялар өткізуді әдетке айналдыру керек.

Екіншіден, сервис қызметі­нің сапасын дұрыстап,  инфра­құрылымды дамытуды қолға алу керек. Яғни, әуежай, вокзал, қонақ үй, жол қатынасын дамытудың маңызы зор.

Үшіншіден, асханасының сапасы мен бағасын реттеген жөн. Өз отандастарымыздың қалтасын қағып, барын сыпырып алғаннан не ұтамыз?!

Төртіншіден, ұлттық салт-­дәстүрлерімізді насихаттап, құндылықтарымызды қадірлейтін этноауылды дәл осы туристік аймақтарға орналас­тырған дұрыс. Жолаушы шөлдеп келе жатқанында қазақы киіз үйдің жанына тоқтап, құрт-ірімшікті жеп, қымыз-шұбат ішіп, сусынын қандырса, несі айып?! Мұны Мәдениет және спорт министр­лігінің назарына ұсынамыз!

Бесіншіден, Бурабай демалыс аймағына көліктерді кіргізбеген абзал. Дамыған елдердегі тәжірибені пайдалана отырып, адамдарды белгілі бір жерден арнайы автобуспен тасу керек. Әйтпесе, саф ауаны құртып, газбен улап, отын жағып, қоқыс төгіп, әжетханаға айналдырғанымыз айналдырған, судың да сұрауы бар, ертеңгі ұрпаққа не қалдыратынымызды бүгін ойламасақ, бәрі кеш болары сөзсіз. Көкшенің ғана емес, қазақ елінің інжу-маржаны, көркем мекенінің тағдыры – сіз бен біздің қолымызда екенін ұмытпайық!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button