Жаңалықтар

ШВЕЙЦАРИЯ ШЫҢЫ



«ТАЗА ЭНЕРГИЯНЫ ПАЙДАЛАНҒАНДА ҒАНА ГҮЛ СИЯҚТЫ НӘЗІК ЖӘНЕ ӘСЕМ ТАБИҒАТТЫ САҚТАП ҚАЛУЫМЫЗ МҮМКІН» ДЕЙДІ ШВЕЙЦАРЛЫҚТАР. ЭКСПО КӨРМЕСІНДЕ ОЛАР «ГҮЛ ЭНЕРГИЯСЫ» ДЕП АТАЛАТЫН ПАВИЛЬОНЫНДА ЭНЕРГОТИІМДІЛІК ПЕН ЖАҢҒЫРМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ САЛАЛАРЫНДАҒЫ ӨЗ ТӘЖІРИБЕСІН ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛАРЫН ТАНЫСТЫРАДЫ. СОНЫҢ АРҚАСЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАВИЛЬОНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ҮЗДІК БЕСТІККЕ КІРУГЕ ДӘМЕЛІ.

2118807

Павильонда осы тақырыпқа сәйкес төрт үй тұрғызылған. Олар – күн энергиясы, картоп энергиясы, сутегі қуаты және швейцарлық инновациялық үйлер. Бірінші үйде келушілер Швейцарияның құрылыс технологиялары мен энергетикадағы жаңашылдығымен танысады. Үй деп отырғанымыз – Монте-Роза тауында орналасқан электр энергиясын өздігінен шығаратын үйдің жобасы. Екінші үйде аспаздар картоптан «Rösti» ұлттық тағамын жасауды үйретіп, күнделікті өмірде энергия үнемдеудің жолдарын айтып береді. «Кез келген нәрседен энергия алуға болады» дейтін швейцарлықтар картоптың қалдығын ыдысқа салып, зауытқа жібереді. Арнайы қондырғыда картоптан биогаз өндіріледі. Сондықтан биогазбен жүретін автобустар бұл елде аса танымал. 100 келі картоп қабығынан өндіріліп алынған қуат 150 шақырым жол жүруге жетеді.
Келесі үй SDC швейцарлық агенттігімен бірігіп жасалған, онда суды энергия көзі ретінде пайдалану туралы деректі фильм көрсетіледі. Ел электр энергиясының 60 пайызын ағып жатқан судан алады. Швейцарияда 600 су электр стансасы бар. Жалпы, бұл мемлекетте энергия қорының 80 пайызы басқа елдерден импортталады. Қазақстан Швейцарияға мұнай жөнелтеді, алайда бұл энергия қорының тек 16 пайызын ғана құрайды. Ал соңғы үйде қонақтар күн энергиясы есебінен ғарышқа ұшатын алғашқы ұшақпен кеңінен танысады. «Solar stratos» компаниясы жасап шығарған құрылғыны швейцарлық эко-инноватор Рафаэль Домжан басқарады. Ол 2019 жылға қарай 25 шақырым биіктікте ұшатын ұшақ арқылы аспанның стратосфера қабатына жетуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, зертханада келесі жылы пайдалануға берілетін экомобильдің таныстырылымы өтеді.

04367148a3f55652675219a9ab167a64
Кездесу барысында Швейцария павильонының комиссары Мануэль Салчли «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігіне тоқталды. «Екі апта бұрын швейцарлықтар 2050 жылға дейінгі энергетика саласының жаңа стратегиясын қабылдады. Елде атом электр стансалары кезек-кезегімен жабылып жатыр» деді ол. Ал Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Урс Шмид көрменің құрметті қонақтары кімдер деген сұраққа былай жауап берді:
– 11 тамыз күні мемлекеттің ұлттық күнін атап өту үшін «ЭКСПО» көрмесіне Швейцария Конфедерациясының президенті Дорис Лютхард келеді. Сонымен қатар, елордаға елдің Сыртқы істер министрі Дидьер Буркхалтер және Қаржы министрі Ули Маурер ресми сапармен келетіні белгілі.
Павильонды барынша қызықты етіп жасау үшін швейцарлықтар 4,2 млн франк жұмсады. Аумақты безендіруді «Presence Switzerland» агенттігі өз мойнына алды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button