Жаңалықтар

Шыдамдылыққа баулитын өнер



Елордадағы Орталық саябақта халықаралық тоқу күніне орай қолөнермен айналысатын жандарға арналған фестиваль өтті. Бұл шараны қалалық Мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырды.

Осымен екінші рет болып отырған фестивальға тоқу өнерінің нағыз шеберлері жиналды. Тоқу өнері шыдамдылық пен уақытты талап етеді. Әрі адамды шапшаңдыққа, ептілікке, әдемілікке, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Іс-шара барысында тоқу өнерінің майталмандары өз қолдарымен тоқыған бұйымдарын жұртшылыққа көрсетіп, келушілерге шеберлік дәрісін өткізді. Бұл шарада мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше мән берілді. Олар осы өнер арқылы кәсіп істеп, нәпақасын тауып, адамдармен араласады. Бір жағынан, тоқу өнері адам жанын тыныштандырып, қиындықты жеңуге көмектеседі.
– Бүгін саябаққа қыдырып келіп, осындай фестивальдің үстінен түсіп отырмын. Өзіме тоқу өнері қатты ұнайды. Бала күнімде анамнан жүн шұлық, қолғап тоқуды үйренген едім. Қалаға келгеннен кейін қойып кеттім. Енді осындағы шеберлердің сабағын көріп, тоқуға деген құлшынысым оянып отыр, – дейді Айгүл Арыстанқызы есімді қала тұрғыны.
Фестивальға қатысушылар қайырымдылық шарасына да үлес қосты. Олар «28 ілмек» клубының мүшелерімен бірге шала туған сәбилерге киім тоқыды. Айтпақшы, мұндай мереке АҚШ, Англия, Франция, Швеция, Финляндия, Норвегия, Эстония секілді елдерде кеңінен атап өтіледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button