Әлеумет

Синди апай неге қазақша үйренді?



Қазір қоғамда әлеуметтік желілердің атқаратын қызметі жоғары болып тұр. Сондығынан болар, онда біздің күнделікті өмірімізге қатысты көтерілген кейбір өзекті мәселелер блогерлер арасында үлкен қозғау туғызып, артынша тиісті орындар тарапынан оңынан шешіліп жатыр. Мұнда қозғалған кейбір тақырып желідегі жұртты ойландыруға шақырады. Журналист Айдана Шотбайқызы бұдан бірқатар уақыт бұрын адамға сондай ой салатын жазбаның бірін Facebook желісі парағында жария­лады. Онда сөз болатын оқиға Астанадағы ресторандардың бірінде өткен. Біз бүгін сол мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жұмыстан кейінгі жұмыс­пен мейрамханада отыр едім. Шеткі орынға жайғаса салғам. Кіреберіске жақын болсам да, іші жылы екен, сыртқы есік ашылып-жабылып-ақ тұр әйтпесе. Қарсы отырған қонағым­нан керегімді алып қалайыншы деп, сұрақтарымды түйдектетіп қойып, сөйлетіп отырмын. Қалам қолда, арагідік айтқандарын түртіп аламын.
Бір кезде құлағыма ағылшынша сөйлеген дауыс естілді. Жалт қарасам, бір шетелдік әйел алдынан елпілдеп шыға қалған даяшыға сөйлеп жатыр екен. Ағылшын тілділердің эмоциясы қоса сөйлейді ғой, ол отыз екі тісін көрсетіп, орын бар-жоғын сұрап тұр. Орысшасына жауап ала алмаған даяшы болса базардың қақ ортасында шешесінен көз жазып қалған бала секілді жәутеңдеп тұрды да қалды.
Алдымдағы адамға «бір минут» деген ишара жасадым да, шетелдіктің жанына жақындап: «Сізге көмек керек пе?» деп сұрадым. Ол: «Алдын ала орын алмап едім, отыруға бола ма?» деді. Мейрамхана қызметкерлерінен сұрадым да, жауабын айттым. Ағылшын әйел менен бір орын әрі жайғасты. Ұзын бойлы, күлімдеген келіншек екен.  Мен орынды нұсқап, жете­леп жатқанда, қонағын көзі­мен жайғастырып, аузы ашыла қалған даяшы қыз ашықтан-ашық орысшасын шашып: «Тапсырыс алуға көмектесіңізші» деп жабысты.«Жарайды» деп бардым. «Бастысы қонақ риза болсын» деген ой ғой. Даяшы мәзірді алып келді. Кенет АҚШ-тан келген мейманым: «Мәзірдің не ағылшын­шасын, не қазақшасын беріңіз» деп тура менің ана тілімде сайрап кеткенде, одан ағылшын сөзін күтіп тұрған мен таңданғаннан не дерімді білмей тұрып қалдым. Ол кіріп келгендегі оқиғаны даяшы орысша сөйлеп қарсы алғандықтан, жауабы автоматты түрде өз ана тілінде шығып кеткенімен түсіндірді. Сосын мейрамхананың ортасына бардым да: «Қазақша білетін даяшы бар ма?» деп дауыстадым.
Бір сары бала жүгіріп келді. «Мархабат, мұнда сіз керексіз!» дедім. Оңтүстіктің тумасы екен, қазақша білетіні үшін бүгін өзге әріптестерінен ерекше сыйлы болып шыға келді.
Синди тапсырыс берді, онысы дайын болам дегенше аз-кем тілдестік. Астанада жеті жылдан бері тұрады екен. Кейде түсінуге кедергі келтіретін акценті болмаса, қазақшасы өте жақсы.


Орысша ортада осынша уақыт жүріп, орыс тілін қалай­ша үйренбегенін білгім келіп: «Қазақшаңыз тамаша екен, сізге ризашылығымды білді­ремін. Алайда, айтыңызшы, сіз мүлдем орысша білмейсіз бе?» деп сұрадым.
Сол кезде елордада шәкірттерге ағылшын тілінен сабақ беретін Синди: «Маған орыс тілі оншалықты керек емес» деп сарт еткізді. Мұнысы бізді қам­шы­мен салып қалғандай болды. «Барлық ортада міндетті түрде қазақша қызмет ететін адам
табылады» деп жалғады ол сөзін сенімді түрде.
Осыдан кейін ағылшын әйеліне қазақша да, ағылшынша да жиған-терген бар құрмет сөздерімнен, алғыстан басқа айтарым болмады. Мына жағ­дайдан кейін қазақша білетіні үшін өзгелерден өзгеше табыс табатын бауырларымның, «Маған қазақша қызмет көр­сетіңіз» дейтін қазақстандық­тар мен қонақтардың қатары уақыт озған сайын артып келе жатқанына көзім жетті.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button