Жаңалықтар

СОЛОМОН АРАЛДАРЫ



ЭКСПО аясында әр мемлекеттің ұлттық күнін ұлықтау рәсімі жалғасуда. Бұл жолы Соломон аралдарының ресми делегациясы баламалы энергия көздерімен таныстырса, әртістері ұлттық нақышта би билеп, әннен шашу шашты.

Мерекелік шараның салтанатты ашылу рәсімінде әдеттегідей екі елдің әнұраны шырқалып, жалауы желбіреді. Оған Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов және Соломон аралдарынан Тау­-кен өндірісі, энергия мен ауылдық аймақтарды электрлендіру министрі Дэвид Дэй Пача қатысты.

– ЭКСПО көрмесіне қатыса отырып, біз жалпақ жұртқа дәстүрлі музыкамыз бен биімізді паш етіп, жеткен жетістіктерімізбен бөлісуге мүмкіндік алдық. «Болашақ энергиясы» тақырыбына келетін болсақ, еліміздің қалаларында және ауылды аймақтарында жаңартылатын энергия көздерін қолдануға әлеуетіміз жеткілікті. Қазіргі таңда, министрлік электр энергиясы мен оны тасымалдау бойынша бірқатар жобаларды қолға алды.

Донорлар қаржыландыратын энергетикалық жобалардың мысалы ретінде Fio Hydro-ны айтуға болады. Жоба Азия даму банкінен алынған кредит пен грант негізінде компаниямен бірлесіп, іске асырылуда. Тина өзенінің гидроэнергетикасын дамыту жобасы да инвесторлар мен донорлардың арқасында жүзеге аспақ. Сондықтан, тәңір сыйлаған ресурстарды нығайту мақсатында біздің үкімет пен Соломон аралдарының халқымен бірігіп жұмыс істеуге ниетті барлық әріптестерді серіктестікке шақырамын, – деді Дэй Пача.

Ал кеш соңында арнайы аралдардан келген Inamauri Panpipers тобы және Эван Манунуа атты әнші өнер көрсетті. Сондай-ақ, қонақтар Соломон аралдарына тән ұлттық киімі мен ырғақты биін тамашалап, әуезді әнін тыңдады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button