Сараптама

Спортшыларымыз сұрамшақ болса…



Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев заң жобасы негізгі төрт бағытты қамтитынын айтты. Біріншісі – спорт түрлеріне басымдық беру. Қазақстанда қазір спорттың 180 түрі дамытылып жатыр. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары 13 қысқы олимпиадалық спорттың 5 түрінен, 46 жазғы олимпиадалық спорттың тек 13 түрінен ғана олимпиадалық жүлделер алыппыз.

Жұмыс тобында бірқатар ұсыныстарымызды айттық. Спортты түсінетіндер, түсінбейтіндер бар. 180 спортты елдің бәрі түсінуі мүмкін емес. Спорттың қысқы, жазғы түрлері, параолимпиадалық спорт, ұлттық спорт, бұқаралық спорт деген бар. Осы заң жобасында «республикалық федерация» дегеніміз «ұлттық федерация» болып өзгерейін деп тұр. Бұл жерде олимпиадалық, негізгі спорт түрлері қалады. Қалғаны өңірлерге кетеді. Бізді  алаңдатып отырғаны – көп жылдан бері тер төгіп жүрген көптеген спортшылар, спорт федерацияларының басшылары бар. Айлығы шайлығына жетпейді. Солар «ертеңгі күні олимпиадаға кірмейміз. Бізді ысырып тастай ма» деп алаңдайды. Бізде бір салаға қатысты заң шықса қорқады. Өйткені сынаушылар көбейіп кетсе ақшаны да тоқтатып тастауы мүмкін. Елдің бәрі олимпиадалық спортты сүйіп, онымен айналыспайды. Я болмаса өздері тұратын жерде ондай үйірмелер болмауы мүмкін. Өте үлкен әрі жақсы федерациялар бар ауқымды жұмыстар атқарып отырған. Соған мән беру керек деп ойлаймын.

Қаражаттың орынсыз жұмсалып, желге ұшып жатқанын Президенттің өзі айтты. Осыған шектеу қоятын уақыт келді. Заң жобасында спорт саласына қатысты жақсы, батыл шешімдер бар. Батыста велоспортты жоғары бағалайды. «Астана», «Барыс» хоккей клубтары туралы да көп айтылады. Бұл жаққа да спорттық қордан көп қаражат кетіп жатыр. Бізде де ММА дейміз ғой. Осы салада жұмыс істедім. Шавхат Рахмонов сияқты әлемге әйгілі спортшыларымыз бар. Мемлекеттен қаржы алмай, өз демеушілерінің көмегімен Қазақстанның беделін, абыройын миллиардтаған ақша алған спортшылардан да жақсы көтеріп жатыр. Өздерімен өздері дамып келеді. Демек бәріміз мемлекетке қол жайып отыра бермеуіміз керек. Спорт федерациялары дұрыстап, ширақ жұмыс істеуі керек. Алда Париж Олимпиадасы келе жатыр. Олимпиадада үміт артатын спортшы таппай отырмыз. Біздің спортшылар жарты жыл, бір жыл сабылып жүреді. Әкімдіктерге, бүкіл бизнесмендерге кіреді. Күнде бітпейтін той. Идеология деген осы ма? Не бұл? Осы жағына да бір шектеулер керек деп ойлаймын. Спортшыларымыз сұрамшақ болса, елдің спорты қалай дамиды? Ойланып көрейікші, ағайын.

Данияр ҚАСҚАРАУОВ,

Мәжіліс депутаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button