Денсаулық

СУБҰРҚАҚ – ШОМЫЛАТЫН ЖЕР ЕМЕС



фонтан

Қалалық жағажайда бір мезгілде 50 бала қатар шомыла алатын балаларға арналған суы таяз аквапарк бар. Одан басқа қаншама жабық бассейндер болса да, балалар субұрқақтарда шомылатын әдетін қояр емес, жаман әдеттің ақыры жұқпалы індетке жеткізетінін ескерер емес.

Тіпті, «Шомылуға болмайды!» деген ескертпені де елемейді. Кеселдің қатері жайында сани­тарлық дәрігерлердің қадағалап айтуынан кемдік жоқ. Олардың мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын жаз айларында энтеровирустық инфекциямен ауырғандардың саны артып кетеді екен. Бұл жұқпалы аурудың таралуы күннің қатты қызуымен тығыз байланысты. Содан да аурудың асқынуының шарықтау шегі маусым, шілде, тамыз айларына тура келеді. Биылғы жаздың ыстық болуына қарай, балалар арасындағы энтеровирустық инфекцияға ұшырағандар фактісі жиі тіркеліп отыр. Тек мамыр айында ғана инфекция жұқтырды деген күдікпен 46 бала дәрігерлік тексеруден өтіп, оның отызы зертханалық талдаудан кейін расталған. Сыр­қаттанғандардың бәрі – 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Олардың алпыс пайызы субұрқақтарда шомылып, ауруды сонда жұқтырғаны белгілі болып отыр.

Осыған орай, дәрігерлер «жас­өс­пірімдердің демалыс уақытын қалай өткізетінін қадағалау қажет» дейді. Олардың тек қана рұқсат етілген жерлерде шомылуын жіті бақылау керек. Қаладағы субұрқақтардың қауіпті және шомылатын жер емес екенін айтып түсіндіру – ересектердің міндеті. «Жұқпалы індет астан да келеді» дейді дәрігерлер. Жеке басының тазалығы, тамақ жер алдында қолын тазалап жуып, жеміс-жидекті де мұқият жуып, ыстық сумен шайып алудың қажеттігіне мән беру керек. Осындай қарапайым ережелерді сақтағанда кез келген ауру сізді айналып өтеді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button