Қала тіршілігі

Сұлуынан жылуы артық



1-(2)

Елорданың қазіргі аялдамалары әдемі-ақ. Бірақ, жазда – аптабы, қыста – сары аязы буатын Астана үшін аялдамалардың «сұлуынан жылуы» артық болып тұр. Қазіргі қалқиған аялдамалардың ыстықта да, суықта да пана бола алмайтыны сынға көп ілігеді. Сондықтан, қала билігі елу бес аялдаманы қайта жаңғыртып, жып-жылы орынға айналдыруды жоспарлап отыр.

Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, осы жылдың соңына дейін елордада жабық елу бес аялдама орнатылмақ. Арнаулы жылыту қондырғылармен жабдықталатын орындарға дәретханалар да қоса салынбақ. «Астана LRT» ЖШС басшылығының айтуынша, аялдамалардың бәрі адам аяғы көп жүретін әлеуметтік маңызды нысандардың тұсында орналаспақшы.
Аялдама кешендерінің аумағы шамамен 20 шаршы метрді құрамақ. Қыс мезгілінде аялдаманың ішінде температуралық режимді бірқалыпты ұстап тұратын инфрақызыл жылытқыштары болады. Барлық аялдамада бейнекамералар орнату да жоспарда бар. Жалпы, қаланың тыныс-тіршілігін бақылап отыратын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешенді жүйеге қосылатын бейнеқұрылғы аялдамалар маңайындағы құқық бұзушылықтың да алдын-алуға септігін тигізбек.
Ал, аптап ыстықта автобус күтіп тұрған адамдар жаңа аялдамалардағы ауа алмастырғыш, желдеткіш құрылғылар арқылы салқындап, сая таба алады.

DSC_2060

Абат бақты Астана

Елорда жыл сайын жайнап, гүл қалаға айналып келеді. Көз тартатын қызылды-жасылды желектер қаланың ажар-көркі ғана емес, тұрғындардың тыныс жолдарын тазартар сүзгі де іспетті. 

Астананы жайқалған қалаға айналдыру жолындағы «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесі қызметкерлерінің еңбегі ерек. Көктем-жаз айларында олардың жұмысы қыза түседі. Биыл елорданың үш ауданында біраз шаруа атқарылды. Мысалы, бекітілген кестеге сәйкес Алматы ауданында Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған шағын баққа, Абылай хан даңғылы мен Ғ. Мүсірепов көшесі бо­йында, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті алаңына және «Мюзикхолл» мейрамханасының алдына және Р.Қошқарбаев даңғылы мен Ш.Қалдаяқов көшесі бойларындағы арнайы бөлінген жолайрықтарға, Тәуелсіздік даңғылы мен Кравцов, Қажымұқан, Ж. Тәшенов көшелері бойындағы гүлзарларға жаз мезгілінің көркін кіргізер алқызыл гүлдер отырғызылды. Бүгінде отырғызылған гүлдестелердің жалпы аумағы 63 897 шаршы метрге жетті.
«Әзірет Сұлтан» мешітінің аумағы да көгалдандырылып, онда 84 ағаш, оның ішінде қарағай, шырша, бозарша, қайың секілді ағаш түрлері мен арша талының 312 көшеті отырғызылған.
Ал, Сарыарқа ауданында – жалпы ауданы 19 мың шаршы метр, Есіл ауданы бойынша 86 мың шаршы метр аумаққа түрлі-түсті гүл өскіндері отырғызылды.
Күн сайын гүлзарлар мен жасыл алқаптарды суару да оңай шаруа емес. Жалпы, қала бойынша гүлдерді суару жұмыстарына тәулігіне 500 текше метр су пайдаланылады екен.

20130110-112911

Заңды бұзғандарға – өтемдік тариф

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті былтырғы тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаны орындау жайына талдау жасап, қорытындысын шығарды.

Талдаудың нәтижесі бойынша Астана қаласындағы 12 субьекті табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар туралы заң талаптарын бұзғаны анықталды. Олар амортизациялық аударым қаражаттарын мақсатқа сай пайдаланбаған және инвестициялық шараларды уақтылы орындамаған. Енді бұл табиғи монополия субьектілеріне 2015 жылдың 1 тамызынан бастап уақытша өтемдік тарифтер бекітіледі.
Заңды бұзған субъектілердің негізсіз тапқан пайдасының жалпы сомасы 1,2 млрд тенгені құраған.

Сот киінер егіздің сыңарындай

Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында мемлекеттік қызметшілердің  моральдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қатысты талаптарды күшейтуге байланысты семинар өтті.  

Астана қаласының сотында жаңалық көп. Бүгінде сот процестері бейне-үнтаспаға жазылады. Осы айғақ бойынша азаматтар сот процесінде туындаған мәселелер бойынша еліміздің Жоғарғы сотының жанынан құрылған арнаулы сот алқасына шағымдана алады. Сот процесі кезінде бейнежазбаны судьяның тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндігі болмайды.
Енді Астана қаласының соты мәжілістерге қатысатын сот хатшыларының киім үлгісі де біркелкі болуына көңіл аударып отыр. Өткен аптадан бастап Сарыарқа аудандық сот хатшылары біркелкі киім үлгісімен жұмысқа кірісті. Оларға қара көк түсті жилет пен юбка және ақ жейде кию мідеттелді. Осы аудандық соттан басталған эксперименттік жоба келешекте қаланың басқа да сот жүйелеріне енгізілмекші.
Айтпақшы, шілденің алғашқы күнінен бастап қалалық соттың кеңсе қызметкерлері де біркелкі ақ жейде, қара юбка кие бастады. «Мұндай біркелкі киім үлгісі сот қызметкерлерінің бет-бейнесін қалыптастырып, олардың іскерлік мәдениетін айшықтай түседі» дейді Сарыарқа аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Арман Ешмағанбетова.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button