ӘлеуметБасты ақпарат

Суицидпен күрес қалай жүргізіледі?

Қоғамның алаңдау­шылығын туғызған суицид мәселесі қазір өткір тұр. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсайтындардың көбеюі – алаңдайтын жайт. Бүгінгі таңда Астанада кәмелет жасқа жетпегендер арасында суицидке баратындардың мониторингін қала әкімдігіне қарасты Қалалық психикалық денсаулық орталығы жүргізеді. Бұл мониторингті жүргізуде олар медициналық ұйымдардың, ювениалды полицияның, Астана қаласы полиция департаменті жедел басқару орталығының, қалалық білім басқармасының деректерін негізге алады.

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл алғышарттары шеңберінде білім беру мекемелерінің психологтары суицидтік мінез-құлық тәуекелі бар жасөспірімдерді емхана мамандарына жібереді. Сонымен қатар қалада жасөспірімдер мен жастарға консультативтік, емдік-алдын алу көмегін беретін, салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі аспектілері бойынша машықтарды сіңіруге бағытталған жұмыстар жүргізетін 16 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Мұндай орталықтарда 10-29 жас аралығындағы адамдарға репродуктивті және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

Соңғы үш жылда 250 дәрігер суицидтік мінез-құлық диагностикасы бойынша оқытылды. Астана қаласында әлеуметтік профилактикалық көмек көрсету бөлімшесі мен әлеуметтік қызметкерлер, психологтар жұмыс істейді, олар ұдайы әкімдік жанындағы әлеуметтік қорғау бөлімдерімен өзара тығыз байланысты жұмыс жүргізеді. Құқықбұзушылыққа барған балалар мен отбасыларға психологиялық қолдау көрсету үшін және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды психологиялық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап «Психологиялық қолдау қызметі» жобасы іске қосылған.

2023 жылдың 9 айында елордада жасөспірім балалардың өз-өзіне қол жұмсауға баруы бойынша 83 жағдай тіркелді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 16 пайыз­ға көп. Соның ішінде 75 жағдай бойынша суицид жасаған жастар тірі қалған, 8 жағдайда көз жұмған. Қайтыс болғандардың ішінде үшеуі 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер

Осы қызмет шеңберінде учаскелік инспекторлармен, құқықбұзушылық профилактикасы менеджерлерімен, мектеп психологтарымен өзара іс-қимыл жүргізіледі. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балалар анықталған жағдайда олардың материалдары Кәмелет жасқа толмағандар ісі мен олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия қарауына жіберіледі.

Балалар арасында неге көбейді?

Бесіктен белі шықпай жатып, баланың жан күйзелісіне түсуіне де отбасылық, әлеуметтік, психологиялық аспектілер ықпал етіп, олардың арасындағы суицидтің көбеюіне әсер етіп отыр. Сонымен қатар интернет арқылы кибербуллинг те бала бойында қорқыныш пен үрейді күшейтіп, жан  күйзелісін арттыруы мүмкін. Әлеуметтік желілерді жиі пайдалану адамның өзіне деген көңілі толмаушылығын тудырып, өзін өзгелермен салыс­тыруынан күйзеліске әкеледі.

Биыл қараша айының басында жасөспірімдер арасында суицидтің белең алу мәселесі елордалық мәслихатта қаралды. Сол кезде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова соңғы бес жылда Астанада жасөспірімдер арасында суицид жасауға талпынғандардың 429 дерегі тіркелгенін жеткізді.

– 2023 жылдың 9 айында елордада жасөспірім балалардың өз-өзіне қол жұмсауға баруы бойынша 83 жағдай тіркелді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға көп. Соның ішінде 75 жағдай бойынша суицид жасаған жастар тірі қалған, 8 жағдайда көз жұмған. Қайтыс болғандардың ішінде үшеуі 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, – деді басқарма басшысы.

Оның берген мәліметтері бойынша, суицидке баратын жасөспірімдер арасында қыз балалардың үлесі басым және көбіне суицидке 15-17 жас аралығындағылар жиі барады. Сонымен қатар колледж студенттеріне қарағанда мектеп оқушыларының саны көп. Өзіне өзі қол жұмсаудың ең жиі кездесетін тәсілі – дәрімен улану. Ал жиі кездесетін себептерге отбасындағы кикілжің, достарымен, қатарластарымен келіспей қалу жатады.

Осы отырыста сөз алған қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев суицид себептеріне психикалық ауытқу мен күйзеліске түсу, шизофренияны жатқызды. Оның айтуынша, сырттан көшіп келетін отбасылардың балалары да сыныпқа бейімделу барысында қиындықтарға жиі душар болады.

Суицидтік әрекеттерді төмендету бойынша жұмыстар бірнеше бағытта жүргізіледі.  Атап айтқанда, психологиялық қолдау, соның ішінде күйзелісте жүрген адамдарға кеңес беру, қызу желілердің ашық болуы. Екінші жолы – психикалық денсаулық туралы білімді арттыру бағытында бағдарламалар қабылдап, іс-шаралар өткізу

Осы ретте мектептегі психологтар қызметін күшейту керектігі айтылып жүр. Олар баланың басындағы қиын жағдайды оңай еңсеруге көмектесіп, педагогтармен, медицина қыз­меткерлерімен, отбасылармен тығыз жұмыс істеуі керек. Суицид белгілері бар балаларды болжап, ертерек анықтап отыруы тиіс. Сонымен қатар мұғалімдер мен ата-аналарға арнап психикалық ауытқу мен суицидтік мінез-құлықты айыра білуге үйрететін оқу семинарларын  өткізуі қажет. Ал  тиісті басқармалар мектептер мен емдеу мекемелеріндегі психологтардың тиімді жұмыс істеуі үшін оларды қажетті жабдықтар, ресурстармен қамтамасыз етуі керек.

Басты факторлары қандай?

Кез келген елдегі суицид себептерін анықтау күрделі және ол сан түрлі болып келеді. Оның жауабын түрлі факторлардан, яғни әлеуметтік, экономикалық, мәдени және психологиялық тұрғыдан қарап іздеу керек. Ал Қазақстанда оған мынадай бірнеше факторлар себеп болуда. Біріншіден, экономикалық қиындықтар – жұмыссыздық, жалақының төмендігі және жалпы экономикалық қиындықтар халықты күйзеліске түсіріп, суицид қаупін арттырады. Екіншіден, психикалық денсаулығының түзелмеуі, психикалық ауытқулары бар адамдарды қолдаудың тиімді жүйесінің жоқтығы. Үшіншіден, отбасылық мәселелер, отбасындағы ұрыс-керіс, ажырасу, зорлық-зомбылық та күйзеліс пен дағдарысқа әкеліп, суицидке итермелейді. Төртінші фактор, әлеуметтік – мәдени факторлар, яғни халықтың ішінде нақты бір топтардың өмір сүру салтының басқалардың жан-дүниесіне, көңіл-күйіне әсер етуі. Бесінші фактор, суицид жасау құралдарының қолжетімділігі. Тағы бір фактор, психикалық денсаулық туралы білімнің жоқтығы, бұл да психикалық ауытқу белгілерін тани алмауға әкеледі. Сонымен қатар әлеуметтік қолдаудың жоқтығы, жалғыздық, қоғамнан оқшаулану да адамның эмоционалды жағдайына кері әсер етеді.

Қалай алдын аламыз?

Суицид мәселесін шешу үшін әлеуметтік, экономикалық, медициналық және білім беру саласындағы қоғам өмірінің түрлі қырларына кешенді ықпал ету жолдарын қарастыру керек. Суицид профилактикасы мемлекеттік саясат деңгейінде де, қоғам пен әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі деңгейінде де күш салуды қажет етеді. Мамандардың айтуынша, суицид жасаушылар өзін өлтірудің түрлі тәсілдеріне барады. Оны таңдауы суицид жасауға болатын құралдардың қаншалықты қолжетімділігіне, адамның психологиялық жағдайына байланысты болады. Солардың ішінде анағұрлым көп кездесетіндері мыналар: бірінші, от қару, бұл құрал қолжетімділігі жоғары елдерде жиі кездеседі. Екінші, улану, ол үшін көп мөлшерде дәрі, химиялық заттар немесе у ішу қолжетімді. Үшінші, асылып қалу, бұл да көптеген елдерде жиі кездесетін суицид тәсілі. Төртінші, биіктіктен секіру, кейбір адамдар үй балконы мен терезесінен, бірқатары көпірлер мен ғимараттардан секіреді. Бесінші тәсіл, пойыз астына түсу немесе автокөлік жолына тұру.

Суицидтік әрекеттерді төмендету бойынша жұмыстар бірнеше бағытта жүргізіледі.  Атап айт­қанда, психологиялық қолдау, соның ішінде күйзелісте жүрген адамдарға кеңес беру, қызу желілердің ашық болуы. Екінші жолы – психикалық денсаулық туралы білімді арттыру бағытында бағдарламалар қабылдап, іс-шаралар өткізу. Одан бөлек, медициналық персоналды, психотерапевтерді және басқа да суицидтік мінез-құлқы бар адамдармен жұмыс істейтін мамандарды оқыту. Суицид жасау құралдарының қолжетімсіздігін қамтамасыз ету. Тәуекел топтарындағы адамдармен жұмыс істеу, бұл топқа психикалық ауытқуы бар, отбасында ұрыс-жанжал көп отбасылар, жасөспірімдер жатады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button