Басты ақпаратҚұқық

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті



Сыбайлас жемқорлық – тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті қоғамдық дерттің бірі. Мұнымен қазір әрбір ұлтжанды азамат ашық майданға шығып, күресудей-ақ күресіп келеді. Дегенмен, бұл өзі жеті басты аждаһа сияқты бір басын шауып тастаса, екінші басы бой көтеріп, бой берер емес. Оны тек бүкіл халық болып күрескенде ғана тоқтату мүмкін. Ол әсіресе, мемлекеттік органдарда қауіпті. Қашаннан қалыптасқан басқару жүйесін бұзады әрі экономиканың дамуын тежейді. 

Тағы бір атап айтарлығы, сот билігіндегі кез келген сыбайластық көрінісі бұл саланың беделін түсірері айқын. Осыған байланыс­ты еліміздегі барлық сот өз жұмысын ұйымдастыру, шешім қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмауды, онымен күресті күшейтуді ұдайы жүзеге асырып келеді. Ол мынандай басты бағыттарда өрбуде:

біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама одан сайын жетілдіріліп, заңдардың жүзеге асырылуы салалық органдар тарапынан қатаң бақылауға алынуда;

екіншіден, жемқорлықпен қазақстандық қоғамның бірігіп күрес жүргізуі, яғни азаматтық қоғам институттарының белсенді жұмысы, сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша дерек берген қарапайым азаматтардың заңмен қорғалуы және ынталандырылуы;

үшіншіден, барлық мемлекеттік қызметшілердің жалақысын тұрғын үй алуына, демалуына, денсаулығын күтуіне, ұрпағын өсіріп, тәрбиелеуіне жеткілікті, оңтайлы өмір сүру деңгейіне жететін етіп көтеру;

төртіншіден, мемлекеттік сатып алу мен тендер өткізу барысында пайда болатын сыбайлас жемқорлық қатерін жою үшін бұл жұмысты барынша ашық және жария түрде өткізу;

бесіншіден, тәуелсіз саясаттанушылар пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрестің ең тиімді жолы – мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Әр мемлекеттік органда қатардағы маманнан бастап басшыға дейін әр шенеуніктің жұмысы қоғам мен ақпарат құралдарының назарында болуы тиіс;

алтыншыдан, мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау кезінде оларды тамыр-таныстық арқылы емес, білімі мен қабілетіне қарап алу үшін қажетті заңмен бекітілген шаралар қабылдау. Мемлекет тарапынан судьялардың материалдық қамтамасыз етілуіне барынша көңіл бөлініп, судьялар жалақысы өсіп, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз етілу мәселесі оң шешімін табуда. Мұның барлығы сыбайлас жемқорлық қатерлерінің алдын алуға жағдай жасайтыны сөзсіз.

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін ең қауіпті түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себебін, пара алудың жағдайын түп-тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Демек пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болады, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу бойынша сот органдарында үлкен жұмыс жүзеге асырылып келеді.

 Нұрқожа ЕРЖАНОВ,

Астана қаласы Алматы ауданы

сотының кеңсе меңгерушісі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button