Жаңалықтар

Сыртқы жарнамаға кім жауапты



Қалалық қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшесі, «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев заңсыз сыртқы жарнамалық ақпарат мәселесін көтерді.

«Осыдан екі ай бұрын дәл осындай отырыста мұны талқылап, ұсыныстарды жет­кізгенбіз. Сәулет, қала құ­ры­лысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтыбай Тайталиев бұл мә­селені жөндеймін деп уәде берді. Алайда «баяғы жартас – бір жартас». Біз берген ұсыныстар неге орындалмайды? Біріншіден, қала келбетіне нұқсан келмеуі тиіс. Заңсыз жарнамалық ақпаратты байқаған халық қайда хабарласу керектігін білуі керек. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауына келетін жұрт аталмыш мәселе бойынша арыздарын айтады. Олардың айтуынша, әкімдік, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, «109» қызметі арасында сабылып жүріп, нақты жауап ала алмайды» деді ол.
Оның айтуынша, заңға ба­ғынатын кәсіпкерлерге жарнаманы орналастыру механизмін жеңілдету қажет. Себебі біресе Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бекітпейді немесе Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы жарнаманың түсін дұрыс емес дейді. Оны қолдаған қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сансызбай Есілов Бақтыбай Тайталиевтің атына хат да­йындауды тапсырды.
Кеңес мүшелері алдында баяндама жасаған Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Кивенова осындай түйткілдің барлығын мойындады. «Бүгінгі таңда бізбен келісілмеген жарнаманы ілуге рұқсат бермейміз. Бұл мәселе бойынша аудандардың әкімдіктері, Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп жұмыс істеп отырмыз. Негізі, тиісті ереже бар. Мәселе кәсіпкерлердің сол ережеге бағынуында боп тұр» деді басқарма басшысының орынбасары.
Владислав Сергеев болса аталмыш мәселе бойынша әлі де жұмыс істеу керектігін жеткізіп, мұны басқармамен бірлесіп шешуге шақырды. Қорытындысында Қоғамдық кеңес мүшелері басқарма басшысынан жазбаша жауапты күтіп, болмайтын болса, кеңес жұмысының жоспарына түзету енгізіп, Бақтыбай Тайталиев­тің есебін тыңдауды ұйғарды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button