Жаңалықтар

ТАПСЫРЫСПЕН АТЫЛFАН ОҚ



verybig

2010 жылы аймаққа танымал Руслан Әлмұқанов есімді кәсіпкерді белгісіз біреулер өз гаражының алдында атып кетті.

Бұл қылмысты ашу үшін із кесушілерге біраз тер төгуге тура келді. Оқиға орнынан әу баста ілік етер ешбір айғақ табылмады. Куәлер де болған жоқ. Тергеушілер марқұмның әйелінің «күйеуім соңғы кезде өзінің қол астындағы «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жаңа директор іздеп жүрді» деген жалғыз ғана сөзін қаперге алды. Осы негізде тапсырыспен кісі өлтіру болжамы бо­йынша қылмыстық іс қозғалды. Ал, Р.Әлмұқанов басшылық ететін «Ел ырысы» акционерлік қоғамының мүшелерінен жауап алған кезде Р.Темірханов пен М.Ермекбаев деген әріптестері Р.Әлмұқанов пен еншілес кәсіпорын директоры С.Кенеевтің арасында көптен бері кикілжің бар екендігін мойындады. «Біз президенттің Сағындық Кенеевке «орныңды босат, жұмысты ақсатып біттің» деген сөздерін талай рет естідік. Алайда, директор қолындағы «жылы-жұмсақтан» айырылғысы келмей, айла-шарғыға көшті. Жиі-жиі ауырып қалатын болды. «Отбасылық жағдайыма байланысты» деп өз есебінен демалыс алып жүрді» деген сөздер Русланның әйелінің күдігін растай түсті.
Алайда, бұл айтылғандардың бірі де директорға айып тағуға дәлел бола алмайтын еді.
Күндер зулап өтіп жатты. Арада ай жарымдай уақыт өткенде бүкіл тергеу үдерісіне тың серпін беретіндей күтпеген оқиға болды. Сол оққа ұшқан президент тұратын ауданда Р.Синицына деген азаматшаның пәтері тоналды. Ұрылар асықпай дайындалған болуы керек. Бөлмелерді үптеп кетіпті. Келтірілген шығын шамамен он миллион теңгеге бағаланды. Ойда-жоқта барынан айырылып, жер сипап қалған келіншек «кімнен күдіктенесіз?» дегенде осыдан екі апта бұрын осы жерден «Газ-24» автокөлігінің жанында темекі тартып тұрған екі жігітті көргенін айтады.
«Мен азық-түлік алайын деп дүкенге шыққанмын. Екі жігіт машинаға сүйеніп темекі тартып тұрды. Біздің ауданда бұрын кездестірмеген адамдарым. Қастарынан үн-түнсіз өтіп кеттім. Керек-жарағымды алып, жарты сағаттан кейін оралсам, олар әлі тұр екен. Байқағаным, бірі – әзербайжан ұлтына келіңкірейді де, екіншісі – шикі сары татарға ұқсайды. Ал, автокөліктерінің тек соңғы екі саны 04-пен аяқталатыны есімде қалыпты» дегенді айтты.
Айтылған жердегі темекі тұқылдарын жинағанда көбі «Кэмел» және «Соверен» сигареттері болып шықты. Қаладан соңғы нөмірі 04-ке аяқталатын «Газ-24» маркалы автокөліктің иесін іздеу тәжірибелі із кесушілерге онша қиындық келтірген жоқ. Олар бірден бұрын темір тордың арғы жағына бірнеше рет барып келген А.Бошко дегенге шықты. А.Бошко көлігін немере інісі К.Лушкоға сенім хат арқылы бергені анықталды.
К.Лушко тергеу барысында қылмысын мойындамай, біраз түлкібұлаңға салып бақты. Алайда, биологиялық сараптама нәтижесі қылмыс орнынан табылған темекі тұқылындағы сілекей дағы К.Лушконікі екенін дәлелдеп берді. Әрі оның үнемі «Соверен» сигаретін тартатыны да қылмыс жасағанын нақтылай түсті. Бұдан әрі жалтарудың мағынасыз екенін түсінген қанішер болған жайды түгел жайып салды.

***
Астанадағы «Ел ырысы» акционерлік қоғамының президенті Руслан Әлмұқановтың соңғы жылдары шаруасы дөңгеленіп, тасы өрге домалай бастаған-ды. Журналистер де оны жиі төңіректеп, бірнеше рет қалалық, республикалық телеарнадан сұхбат берген сәттері де болды. Осылай өңірге аты шыға бастаған президент табыс кілті тәртіп пен ұйымшылдықта деп түсінетін еді. Жылдан-жылға өндіріс көлемін арттырамын деген ол қарауындағы мекеме басшыларына бұрынғыдан да үлкен міндеттер қоя бастады. Әрі жұмыс барысында кез келген мәселенің өзімен ақылдаспай шешілмеуін талап етті. Бұл «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сағындық Кенеевке мүлде ұнаған жоқ. Ұнаған жоқ емес, бара-бара ашу-ызасын туғызды. «Неге мен әр істеген ісім үшін оған есеп беріп отыруым керек. Мен де директормын. Құдайға шүкір, қолдаушыларым мен демеушілерім де аз емес» деп ойлады ол. Осылайша кеудесіне нан піскен директор бастығының ескертуін құлағына да ілмеді. Мұны өзіне жасаған сатқындық деп түсінген президент оның соңына шырақ алып түсті.
Президенттің қаһарына іліккенін анық сезінген С.Кенеев те одан құтылудың жолдарын іздеді. Сөйтіп, ол өзінің ойша жасаған жоспарын жүзеге асыру үшін ескі таныстары Ә.Хашмамедов пен К.Лушкоға келді. Егер бір адамның көзін жойса, қолдарына 15 мың АҚШ долларын санап беретіндігін жеткізді. «Ол мені балағаттады. Ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Мен оны кешіре алмаймын» деп шағынды ол жендет достарына.
Әлхан Хашмамедов түрменің дәмін талай татқан, қылмыс әлемімен байланысы бар сабаз еді. Осыншама көк қағаз көз алдына елестегенде шыдап отыра алмады. «Мұндай қорлыққа төзуге болмайды, бізге тек көрсетсеңіз болды, жанын жаһаннамға жібереміз» деп шоқты қоздата түсті ол. Көп сөзге келместен келіскен екеуге С.Кенеев белгісіз біреуден сатып алған тапанша мен Р.Әлмұқановтың фотосуретін берді.
Осыдан кейін екі жаналғыш президенттің жүретін жолын, қай уақытта үйден шығып, қайда баратынын бірнеше күн бойы мұқият бақылады. Ақыры, тасада тұрып бас салатын ең қолайлы жер көп қабатты үйдің астындағы Р.Әлмұқанов автокөлігін қоятын паркинг деп ұйғарылды. Өйткені, жексенбі күндері президент осы жерден тек өзі келіп көлігін айдап шығатын еді.
Келесі күні сағат таңғы сегіздер шамасында Константин Лушко Р.Әлмұқановтың үйін бақылауға алды да, Әлхан Хашмамедов тапаншасын оқтап, паркинг жанынан күтті. Бірақ, нысана таяу арада көріне қоймады. Арада жарты сағат уақыт өткенде тағаты таусылған Ә. Хашмамедов К.Лушкоға үйінің қоңырауын басып, оның пәтерінде бар-жоғын анықтауды бұйырады. Осы кезде президент төрт жасар немересін жетектеп, пәтерінен шығып келе жатқан еді. Бетпе-бет келіп қалған Лушко дереу кейін бұрылып кетеді. Енді нысана бес минуттан кейін белгіленген жерде болуы керек. Ол дереу «Газ-24» маркалы «Волгасына» отырып, паркингке тартады. №12 бокстың қақпасы ашылып, іштен су жаңа «Бентлидің» шыққаны сол еді, тапаншадан үш рет оқ атылды. Осы кезде К.Лушко автокөлігін жанастыра қойды да, көзді ашып-жұмғанша Ә.Хашмамедов оған қарғып мініп, көзден таса болды.
Екі оқ Русланның кеуде тұсына, бір оқ маңдайынан тиіпті. Жаналғыш оған тірі қалуға еш мүмкіндік қалдырмаған. Артқы орындықта отырған төрт жасар сәби атасының қанға бөккен денесінен зәресі ұша қорқып, үйге қарай жүгірген.
С.Кенеев тапсырысты орындаушыларға келісілген 15 мың доллардың 10 мың долларын бірден санап беріп, 5 мың долларын кейін беруге келіскен. Алайда, сол екі арада К.Лушко қолға түсіп, Ә.Хашмамедов ізін жасырып үлгереді.
Қолына кісен салған кезде Сағындық Кенеев еш қарсылық көрсетпеген. Шамасы, мойнына жүктелген қанның құр жібермесін білген болса керек. Қылмыскерлер сот алдына жетіп, тиісті жазаларын алды.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button