Басты ақпаратҚала тіршілігі

Тарифтің өзгеруі жеңілдікпен жүретіндерге әсер етпейді



Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында елорда халқын жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектің жайы, тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды. Парламент Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов, Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун, қала басшысының орынбасары Малика Бектұрова қатысқан сессияда мәслихат депутаттары қоғамдық көлікте енгізілгелі отырған сараланған тарифті бірауыздан бекітті.

ЭЛЕКТРОНДЫ ЕҢБЕК БИРЖАСЫ ЕНГІЗІЛДІ

«Халықтың өмір сүру сапасы, мемлекеттің экономикалық әлеуеті кез келген қоғамда жетекші орынға ие. Мұнда жұмыспен қамту факторы әлеуметтік индикатор ретінде белгіленген. Әрине, Астана еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қала болғандықтан, бұл мәселе айрықша маңызды және қала әкімінің жіті бақылауында тұр» деген М.Бектұрова осы ба­ғытта атқарылып отырған жұ­мыстармен таныстырды.
Оның баяндамасындағы мә­лімет­терге жүгінсек, биылғы 1 мамырға дейін қала халқының саны 1 млн 41 мың адамды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрғындар 4,3 пайызға өскен. Соның ішінде экономикалық белсенді халықтың саны – 532 мың. Жұмыспен нақты қамтылғандар 507 мыңнан асады.
«Еңбек нарығындағы жағ­дай тұрақты. Астанада ел бойын­ша жұмыссыздық деңгейі­нің ең төменгі көрсеткіші тіркел­ді. Бұл 4,6 пайызды құрап, жалпы­республикалық көрсеткіш­тен 0,3 пайызға аз» деді қала басшы­сы­ның орынбасары.
Халықты жұмысқа орналас­тыру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында көптеген шаралар қабылданғанын айтып өткен М.Бектұрова шаһардың Жұмыспен қамту орталығы жаңа форматқа көшкенін жеткізді. Ең алдымен аталмыш орталық кадрларды сапалы іріктеуге ден қойды. Бұрын бұл орталық өтініш берген адамға жұмыс іздеген болса, қазір жұмыс берушінің өзіне кадрды іздеу қажет.
«Өткен жылдың қазан айынан бастап электронды еңбек биржасы енгізілді. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жасаған жобасы. Бірақ біз оны «Смарт Астана» жобасына бейімдеп, толығымен игердік. Өтініш беруші мен жұмыс берушінің арасында өзара іс-қимыл электронды форматқа көшірілді» деді М.Бектұрова.

ЖЫЛ БАСЫНАН 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Оның айтуынша, қалада «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 3,7 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 691 млн, мақсатты жалпы трансферттерден – 2,2 млрд және жергілікті бюджеттен 814 млн бөлініп отыр. Бұл соманың қазірге дейін 707 млн теңгесі игерілді.
Бағдарламаны іске асыру ба­ғыттарына тоқталған баяндамашы тиісті базада 5 мыңнан астам бос жұмыс орны бар екенін жеткізді. «Жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында үнемі бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізілуде. Жыл басынан бері осындай 6 жәрмеңке, бұған қоса, шағын 2 жәрмеңке ұйымдастырылды. Халықты өнімді жұмыспен қамту және елорда экономикасының негізгі секторларында сапалы жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында арнайы басқарушы комитет құрылды» деді қала басшысының орынбасары.
Соның нәтижесінде жыл басы­нан 10 мыңға жуық адам жұ­мыс­­пен қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік және салалық бағ­дарламаларды жүзеге асыру бағы­тында 968 адам екі қолына бір жұмыс тапса, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрыл­­ды. Жалпы, жаңа нысан­дарды іске қосу, өндірістерді ­дамыту арқы­лы биыл 19 мың 200 тұрақты ­ жұмыс орнын құру ­жос­­парланып отыр.

ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың немесе бейресми жұмыспен қамтылғандардың мәселесін шешу керектігіне назар аударды. «Қалай десек те, мұндай адамдар көлеңкелі экономиканың пайда болуына себеп болып, бұл фактор нақты экономиканың дамуын тежейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайды. Зейнетақы қорына ақша салмайды. Олардың көп жағдайда тұрақты табысы болмайды. Сондықтан, негізінен, мансаптық өсуді ойламайды. Осы себептен біліктілігін көтеру, өнімділікті арттыру туралы да ойлары жоқ. Бұл жағдайды жеңуіміз керек» деді М.Шекенов.
Оның пікірінше, дуальді оқы­тудың насихаты аз боп тұр. Депутат жуырда халықты жұмыспен қамту мәселесіне арналып өткізілген дөңгелек үстел мәжілісінде әріптесі Алмаз Кимнің ұсыныстары мен Рамзия Умербаеваның білім мәселесіне қатысты ескертулерін еске алды. Қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Күрішбаев қаладағы жоғары оқу орындарының потенциалын жұмысшы мамандарды дайындауға пайдалануды ұсынды.

КАРТАМЕН ЖҮРЕТІНДЕР ҮНЕМДЕЙДІ

Қоғамдық көлікте сараланған тарифті енгізу қажеттілігі қандай себептерден туындағаны Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің баяндамасында айтылды.
Жолақы тарифі соңғы төрт жыл бойы өзгермегені белгілі. Ал осы аралықта дизель отыны, көліктердің қосал­қы бөлшек­терінің бағасы өскен. Бұл жағдай жолаушы тасымал­даушылардың шығынын арттырып, автобус парктері биыл тарифті қай­та қарау туралы өтінішпен шық­қан. Тиісті есептерін де ұсынған. Бұл есептердің тиісті талаптарға сәйкестігі тек­серіл­ген. Қорытындысында сара­лан­ған тарифті енгізу туралы шешім шығарылған. Картамен жүретіндерге бұрынғысынша – 90 теңге, қолма-қол ақшамен – 180 теңге, «экспресс» бағдарларда, сәйкесінше, 180 және 250 теңге болып бекітілді. «Бұл жағдай жолау­шыларды картаны пайдалануға шақырып, «жасырулы» жолаушылар ағынын анықтап, қаржының көлеңкелі ағымын жояды. Осыдан соң салық түрінде түсетін қаржы көлемі ұлғайып, бюджетті толтырады» деген А.Қарағойшин сараланған тарифті енгізуді қа­ла­ның Қоғамдық кеңесі мақұл­дағанын еске салды. Астана әкімдігі әлеуметтік маңызды тасымалдауға субсидия бөлетінін, мұндай 60 автобус бағдары бар екенін жеткізді.
Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәселені толықтыра кетті. Тарифтің өз­ге­руі автобуста жеңілдікпен жүретін адамдарға еш әсер ет­пейтінін айтқан ол осы санатқа жататындарға соңғы бір жыл бойы ақысыз негізде карта беріліп жатқанын жеткізді. «Бүгінгі таңда 120 мыңнан астам адамнан 90 мыңға жуық адам картаны алды. Жыл бойы осы мәселені түсіндіріп келеміз. Әлеуметтік топқа жататын кез келген адам қазір ке­ліп, картаны ала алады» деді С.Хорошун. Оның айтуынша, басында картаны толтыру жағынан мәселелер туындады. Ал жалпы сараланған тарифті енгізу жоспары 15 шілдеге дейін белгіленді. Бірақ бұл нақты емес, түйткілдер туындайтын болса, мерзім кейінге шегеріледі.
«Біз бір сағат ішінде автобус­ты ауыстырғанда тегін жүретін жалғыз аймақ шығармыз. Өзге өңірлердегілер мұндай жағдайда тағы жолақы төлесе, Астанада, керісінше, қаржы үнемделеді. Былайша алғанда, екі бағдарда 45 теңгеден төлейді» деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сессия барысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемованың жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмек жайлы, Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың атқарылған жұмыс жөнінде, Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының бастығы Руслан Ахметовтің мемлекет мұқтаждығы үшін алып қоюмен байланысты жер телімдерін немесе басқа мүлікті сатып алу туралы баяндамалары тыңдалды.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button